Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Берекесі тасыған іргелі аудан

Берекесі тасыған іргелі аудан

Ауданның ауыл шаруашылық құрылымдары тағы бір науқанды мол табыспен қорытындылады. мерейлі шақта диқан қауымының жаз бойғы еңбегі ақталып, төгілген маңдай тердің қайтары­мы ретінде астық жауын-шашынға қалмай, ел қамбасына құйылды.

Биыл ауыл шаруашылығы өнімдерін өндеу са­ла­сында 15 млрд теңгенің өнімі өндіріліп, бұл көр­­­­сет­кіш өткен жылмен салыстырғанда 1,9 па­йыз­ға артты.

Егіншілер ерте көктемде 33220 гектар жерге ауыл шаруашылығы дақылдарын орналастырды. Оның ішінде, негізгі дақыл – күріш 20877 гектарға егілді. Мұнан басқа, жаздық бидай 1500 гектар, арпа 84 гектар, мақсары 162 гектар, соя 34 гектар, қант құмайы 31 гектар, сүрлемдік жүгері 75 гектар, жаңа жоңышқа 1871 гектар, картоп, көкөніс, бақша дақылдары 835 гектар, ескі жо­ңышқа 7751 гектарды құрады.
Дала еңбеккерлері осы күні күзгі жиын терімді аяқтап, 20877 гектар күріштен 64 центнерден өнім алды. Қамбаға 1336128 центнер астық құ­йылды. Келер жылдың егісіне 5125 тонна күріш тұқымы дайындалды.

Аудан шаруашылықтары 23481 тонна мал азық­тық шөп жинап, орта өнім гектарына 32,7 центнерден келді.
Сыр салысын мезгілінде жинап алуға 227 комбайн, 119 жатка, 354 трактор, 197 трактор тіркемесімен, 66 тасымал автокөлігі қатысты. Диқандардың егін жинау науқанында жанар-жағар майдан тапшылық көрмеу мақсатында қа­жетті 2633 тонна дизель отынын «Нефть-Транс Қызылорда» ЖШС арзандатылған бағамен жеткізіп берді.

Аудан еңбеккерлері алдағы көктемгі дала жұ­мыс­тарының негізін бүгіннен бастап қолға алуда. Сапасы жоғары 5125 тонна тұқым қоры әзірленіп, сүдігер айдау жұмыстары жүргізілуде.

Сонымен қатар, биыл Арал ауданында орын алған қуаңшылыққа байланысты «Ақжарма жә­не К» фермер қожалығының егіс алқабынан жи­налған 5000 дана, «Жамбыл 2030» ЖШС 1000 дана, «Мағжан және К» ЖШС 3000 дана жоңышқа прессін, «Бесарық» шаруа қожалығы 500 дана қамыс шөбін Арал ауданының тұрғын­дарына арзан бағада сатты.

Науқанды мереймен қорытындылаған шаруалар бүгін құрмет төрінен көрініп, сый-сияпатқа кенелуде.

Бибісара ЖАНӘЛІ
30 қазан 2021 ж. 433 0