Тың бизнесті жандандырған
Ауданның кез келген орталық көшесінде жүрсеңіз мемлекеттік саясатты насихаттаушы, ұлылардың сөзі жазылған тақтайшаларды көзіңіз шалады. Ал сол әрленген билбордттарды кімдер жасайтынын білмейтіміз анық. Бұрын қала асып сенделетін тұтынушылар енді бұл дүниелерді ауылдан-ақ басып шығарады.
Айдана Маратқызы – аудандық қорғаныс істері саласында есеп бөлімінің маманы болып еңбек етеді. Негізгі жұмысы азаматтарды борышқа шақырту болғандықтан оған түрлі-түсті қағаз басып шығару көп қажет болды. Кейін жас кәсіпкерге «неге осы салада қосымша табыс тауып көрмеске» деген ой келеді. Мемлекеттік гранттарға қатыспай-ақ, Қарағанды қаласындағы полиграфия курсында дизайн жасап үйрене бастайды. Ал бұл мақсаты көп ұзамай іске асады. Жұбайы сәкендік Мейірбек Төлегенұлы жиған қаржысын осы салаға, ауданға жаңаша қызмет түрін алып келуге бағыттайды. Осылайша, ерлі-зайыптылар отбасылық бизнесті бастап кетеді.
– Бұл салада қызмет көрсетуге себеп болған басты оқиға қалаға көп барып, уақытымыздың бәрі қағаз шығаруға кететін еді. «INFINITІ» деп аталатын аппараттың құны 5 миллион теңгені құрайды. Отағасы екеуміз «көлік аламыз» деп жиған қаражатты тәуекел етіп, отбасыммен ақылдасып, бизнесті бастап кеттік. Былтыр ғана кірескен кәсібімізге мемлекеттік мекемелер де тапсырыс беріп үлгерді. Атап айтқанда, Сәкен Сейфуллин және Ақжарма ауылдық әкімдігімен бірлесе жұмыс жасаудамыз. Басты мақсатымыз – тұрғындар кез келген жұмысын ауыл арасында бітіргенін қалаймыз. Себебі, сыртқа шығу ол қосымша қаржы жұмсау болып табылады. Сондықтан қалтаға ауырлық түсірмейтін бағада тұтынушы сұранысын орындап жатырмыз. Болашақта кәсібімізді кеңейтіп, бірнеше адамды еңбекпен қамтығымыз келеді. Осылайша, кәсібімізді дөңгелетуді мақсат еттік, – дейді жас кәсіпкер.
Аудан бойынша баламасы жоқ бизнесті бастаған Айдана Маратқызы негізі «Есеп және аудит» мамандығын меңгерген. Ал жас кәсіпкер үшін бұл мамандық үлкен көмегін тигізуде. Отағасы Мейірбек те әрқашан жарына қолдау білдіріп отырады. Үшінші перзентіне аяғы ауыр кәсіпкер жас ананың бүгінде екі ұлы бар.
Жалпы, ел экономикасын дамытуда шағын және орта бизнестін алар орны ерекше. Мемлекет тарапынан осы мәселені назарға алып, кәсіп иелеріне қолдаудың түрлі жолдарын ұсынуда. Ұлы Абай атамыз айтқандай, маңдайымыздан аққан терімізді сатуымыз қажет. Жастарға кәсібінің нағыз маманы болуды және өз бастамасын жүзеге асыруда мемлекет мүмкіндік пен жағдай жасаса болғаны. Ал табысты болу жас кәсіпкердің еншісінде...
Майя ҚОЖАБАЙ