Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Отбасылық кәсіпті өркендеткен

Отбасылық кәсіпті өркендеткен

Нақты кәсіптің көзін тауып, онымен бүкіл отбасы болып айналысып, отбасылық бизнеспен шұғылданып жүр­гендер мемлекет тарапынан қолдау табуда. Бұл бизнестің түрі ең тиімді әрі пайдасы мол екені дәлелденген. Көп ізденіс пен еңбексүйгіштіктің арқасында бас­талатын мұндай бизнес түрін кентте қолға алған отбасылар баршылық. Әдепкіде мол пайда мен табыс әкелмесе де, табандылық пен шыдамдылықтың арқасында белгілі кәсіп кейін міндетті түрде кіріс көзіне айналады.

Осындай отбасылық бизнесті бастаған кенттегі Үсенбаевтар отбасы кәсіптің өзгеше түрімен айналысқанына да көп уақыт бола қойған жоқ. Яғни есік алдындағы бау-бақша өнімін кәдеге жаратып, оны игеруді мақсат еткен Жанна Үсенбаева өзін кәсіпкер санайды. Жанна кәсіпкер ретінде тіркеліп, мемлекеттік бағдарламаның игілігін көріп отыр.

Жанна жұмыссыз ретінде ізденіп, «Бизнестің жол картасы – 2020» бизнесті қолдау мен дамытудың мемлекеттік бағдар­ламасы шеңберінде арнайы жоба әзірлеп, оны сәтті қорғады. Жоба «Көкөністерді консервілеу» деп аталады. Жеңіп алған грант негізінде Жаннаға анасы Алтыншаш апа жәрдемдеседі. Екеуі бау-бақша өнімдерінен, жеміс-жидектерден түрлі тоспа, тәтті сусын, шырын дайындайды. Өндірілген өнімді тұтынушыларына ұсынып, оны кәсіпке айналдырды. «Сұраныс бар жерде, еңбек өнімділігі де артады» демекші, қазір бұл отбасылық бизнестің нағыз қызған шағы. Жеміс-жидектерді үлгіртіп, оларды банкіге басып, қызу еңбек үстінде.

Сонымен қатар Үсенбаевтар отбасында кенже ұл да қол қусырып отырған жоқ. Әділет – өзінің «Әділет-Аңсар» атты жеке кәсіпкерлігінің иесі. Ол «Қызылорда» өңір­лік инвестициялық орталығы» МҚҰ» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінен же­ңіл­детілген пайызбен несиеге қол жеткізді. Бұл мүмкіндікке серіктестіктің оқу курсынан өтіп, сертификат алғаннан кейін ие болды. «Қой шаруашылығын ашу» жобасы аясында 1 млн 200 мың теңге алған Әділет Шопан ата төлін көбейтумен айналысып, болашақта ірі шаруа иесіне айналмақшы.

Осылайша ол өзін жұмыспен қамтып, кәсіпкерліктің көзін тапқан отбасындағы үлгілі үрдіс жалғасын тауып келеді. Мемлекеттік қолдаудың арқасында Жанна Үсенбаева «Өзіңе сене баста!» атты облыстық көрме-байқауына қатысты. Ал Әділет «Ауылдың жас кәсіпкерлері» атты облыстық форумына қатысып, облыс әкімінің Алғыс хатымен марапатталған.

Бибісара ЖАНӘЛІ
11 шілде 2020 ж. 632 0