Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Ауылдағы «Bs-studio» студия

Ауылдағы «Bs-studio» студия

Шағын және орта кәсіпкерлікті дамытуда мемлекеттік бастамалар мен қолдау шаралары қолға алынғаны белгілі. Айталық нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту мемлекеттік бағдарламасы аясында кәсіп бастағысы келетін адамдарға тегін оқу, жеңілдетілген, қайтарымсыз несие қарастырылған. Қолдау бір бөлек, ал кәсіп түрін таңдау әдетте күрделі мәселе.

Әдетте көп адам қандай кәсіп таңдау керек дегенде алғашқы қадам жасауға жүрексінеді. Дегенмен өз кәсібін бастап, мемлекеттің қолдауына ие болған жас кәсіпкерлердің қатарында Бексұлтан Сайлаубеков те бар.

Бексұлтан Әбілжанұлы Шіркейлі ауылының тумасы. Ол 2019 жылы «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасының «Жаңа бизнес идеяларды іске асыру» тетігі бойынша 505,0 мың теңгелік грант иегері атанып, шағын фото-видео түсіруге арналған «BS-STUDIO» студиясын ашқан. Бүгінде ол кәсібін дөңгелетіп, халықтың ықыласына бөленіп жүр. Жас кәсіпкер Шіркейлі ауылынан бөлек аудан тұрғындарына өз қызметін ұсынып жүрген жайы бар.

– Менің мектеп қабырғасында жүріп-ақ осы салаға икемім болды. Той-томалаққа, ас жиынға өз қызметімді көрсетіп, сол арқылы кәсібімді бас­тап кеттім. Қызығушылығымның арқасында еңбектеніп, кішкентай камера сатып алдым. Мектеп бітірген соң, кәсібімді кеңейтіп «Еңбек» мемлекеттік бағдар­ламасының «Жаңа бизнес идеяларды іске асыру» тетігі бойынша мемлекеттен қолдау тауып грант иегері атандым. Мен өте қуаныштымын. Мемлекетіміздің жастарды қолдап, бағыт-бағдар беріп жатқанына. Әрі қарай өз кәсібімді кеңейткім келеді. Қазіргі уақытта жалғыз фото-видео мен есік алдын безендіру музыкалық аппаратура жұмыстарын жасап жүрміз. Алдағы уақытта шармен безендіру жұмысын қоссақ деген ойымыз бар – дейді Бексұлтан Сайлаубеков.

Жұмыссыз жастарды жұмыспен қамту мәселесі бойынша пікір біл­діріген аудандық халықты жұмыспен қамту орталығының маманы Айнаш Бәйімбетова:

– Біздің ауданда талантты жастар баршылық. Олар көп жағдайда бизнесті қалай жүргізу керектігін біле бермейді. Біз оларды «Бастау бизнес» арқылы оқытып, жеке кәсіпкер ретінде қалай тіркеліп, жұмыс жасауды үйретеміз. 505 мың теңгеге дейін қаржыға құрал-жабдық сатып алып, бизнесті дамытуын қадағалаймыз. Әрине, қаржы кез-келген адамға берілмейді. Ол арнайы комиссия шешімімен бөлінеді,– дейді.

«Еңбек деген байлық бар, ерінбеген жететін». «Еңбек – ырыстың бұлағы, бақыттың шырағы». Үнемі еңбек ету, кәсіп қылу, бизнестің көзін ашуға мүмкіндік көп. Әрекет болмай – берекет жоқ. Бірлікте еңбектеніп, кәсіптерін көңілді, өнімді жұмысқа айналдырып отырған жас кәсіпкерге кәсібің өркендей берсін демекпіз.

Фатима МАРАТҚЫЗЫ
04 тамыз 2020 ж. 690 0