Отбасылық бизнесті қолға алған
Отбасылық бизнесті жандандырған ауыл тұрғыны Дархан Талпахов «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2020 жылдарға арналған «Еңбек» бағдарламасы бойынша мемлекеттік грантқа ие болған. «Мал өсірсең, қой өсір, өнімі оның көл-көсір» деген қағиданы берік ұстанған жеке кәсіпкер уақ мал өсіруді қолға алды. Бүгінде қазақы қой сатып алып, уақ мал басын көбейтуде. Қай кезде де бейнеті мен берекесі қатар жүретін қой бағудың қыр-сырына Дархан Дүзелбайұлы барынша қаныққан десек қателеспейміз.
Қой шаруашылығының негізгі бағыты бойынша мал басын көбейту – табыс көзін арттырудың ең тиімді жолы. Жыл сайын әр қойдан алынатын төл басына байланысты негізгі жоспар құрылады. Тынымсыз еңбектің нәтижесін қаражат көзін еселеу арқылы білуге болады. Күнделікті қой өсірудің қиындығына бей-жай қарамай, аса ыждағаттылықпен жұмыс жасау берекелі болмақ.
Айта кету керек, жоғарыда көрсетілген бағдарлама шеңберінде грант ұтып алып, Дархан Талпаховтың келіні Әйгерім Сидағали құс шаруашылығымен айналысуда. Алғашқыда үй жанынан 30-ға жуық тауықты асырап, жақсы табыс табуға көз жеткізеді. Содан кейін, арнайы бизнес жоспарын бекітіп, мемлекеттік бағдарлама игілігін көруді жөн санайды. Қазіргі таңда заманауи технология қатарына кіретін арнайы аппарат көмегімен балапан басып шығарады. Белгіленген уақытта 100-ден аса жұмыртқаны аппаратқа орналастырып, одан 50-ге жуық балапан алатынын естіп, білдік.
– Біз отбасымызда шағын кәсіпкерлікпен айналысып келеміз. Атам қой шаруашылығын жетік меңгерген. Ал өзім болсам тауық өсірумен айналысамын. Негізінен аталған кәсіп түрлерінен толағай табыстарға жетуге мүмкіндік зор. Осы күні иелегімізде 200-дей тауық бар. Қытымыр қыстан аман-есен шығып, тауық санын көбейтуге жұмыс жасай береміз. Жолдасым Жасұлан ауылдағы мектепте мұғалім. Бос уақытында тауықтардың жем-суын дайындап көмектеседі. Пандемия уақытында отбасылық бизнеспен айналысу – кез-келген қиындықтан шығудың бірден-бір жолы деп білеміз. Болашақта тауық жұмыртқасын нарықтағы бағамен ауыл тұрғындарына сату ойда бар, – дейді жас келін Әйгерім Бахытқызы.
Балтабай ОРДАБЕКОВ