Ел жастары Елбасымен бірге
«1 желтоқсан – Тұңғыш Президент күні» қарсаңында «Jas Otan» Жастар Қанатының Сырдария аудандық бөлімшесінің бастамасымен «Ел жастары Елбасымен бірге» тақырыбында кездесу ұйымдастырылды.
Аудандық білім бөлімінің қолдауымен өткен кездесуге №35 Иса Тоқтыбаев атындағы мектеп-лицейінің және №131 Талғат Қозыбаев атындағы орта мектебінің 11-сынып оқушылары қатысты.
Кездесуді ашып, жүргізіп отырған «Jas Otan» Жастар Қанатының Сырдария аудандық бөлімшесінің басшысы Ақтөре Ибрагимұлы оқушыларды «Тұңғыш Президент күнімен» құттықтап, мерекенің мәні мен маңызына тоқталды.
– «Тұңғыш Президенті күні» мерекесі биыл елімізде сегізінші жыл қатарынан тойланбақ. Аталған мереке 2011 жылғы 10 желтоқсанда Сенат депутаттарының бастамасымен қолға алынып, 2012 жылдан бастап мереке ретінде белгіленген болатын. Жалпы, Елбасының өзі, өмірі, қызметі мен жетістігі, ел дамуына қосқан үлесі, саясаттағы өзіндік орны мен мәртебелі төрі таусылмас тақырып. Бұл бағытта көп кітаптар жазылды, мақалалар жарияланып, сюжеттер түсірілді, – деген сырдариялық жасотандықтардың жетекшісі әрбір жас Тәуелсіз мемлекетіміздің негізін қалаушы Нұрсұлтан Әбішұлы жөнінде мәліметтерді біліп жүруі тиіс екенін айтты.
Басқосу барысында мектеп бітіруші түлектер өз ойларын ортаға салып, Елбасының ерен еңбегі жөнінде пікір білдірді. Оқушылар Елбасымен кездесуді армандайтындарын айтып, болашақ мақсаттарымен бөлісті. №35 Иса Тоқтыбаев атындағы мектеп-лицейінің оқушысы Сағыныш Ағыбай Нұр-Сұлтан қаласындағы Тұңғыш Президент кітапханасына барып, жұмысымен танысқанын жеткізсе, №131 Талғат Қозыбаев атындағы орта мектебінің оқушысы Ұлықбек Жомартов Елбасының жастарға деген қамқорлығы ерекше екенін атап өтті.
Кездесу соңында «Jas Otan» Жастар Қанатының Сырдария аудандық бөлімшесінің басшысы Тұңғыш Президент күні қарсаңында мектеп бітіруші түлектермен кездескеніне қуанышты екенін айтып, алдағы ұлттық бірыңғай тестілеуде сәттілік тіледі.