Өңдеу өнеркәсібін дамыту және отандық тауар өндірушілерді қолдау мәселелері қаралды
ҚР Премьер-министрі Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында отандық өндірісті дамыту және қолдау мәселелері қаралды. Оған облыс әкімі Мұрат Ергешбаев селекторлық режим арқылы қатысты.Өткен он айдың қорытындысы бойынша елімізде өндіріс көлемінің өсімі оң динамика көрсеткен. Алдағы «Халықтық құрылыс жылы» құрылыс материалдарын, жабдық пен бұйымдар өндірісін дамытуға қосымша серпін береді.
Үкімет отырысынан кейінгі мәжілісте аймақ басшысы өңірдің өңдеу өнеркәсібінде осы жылдың 10 айында 10,7 пайыздық өсім қалыптасқанын айтып, жұмысты жүйелі ұйымдастыруды тапсырды.
«Өңдеу өнеркәсібі – облыс экономикасының негізгі көрсеткіштерінің бірі. Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы өз Жолдауында жекелеген салаға немесе бір кәсіпорынға тәуелді болмай, негізгі өндірістердің айналасында толыққанды біртұтас жүйе құрудың маңыздылығын атап өткен болатын.
Сондықтан өңір экономикасын әртараптандыру, өндірістік әлеуетті арттыру және отандық тауар өндірушілерге қолдау көрсетуіміз қажет. Қала және аудан әкімдіктері, жоспарланған инвестициялық жобалардың мерзімінде, яғни жыл соңына дейін іске қосылуын қамтамасыз етіңіздер.
Бюджеттік бағдарлама әкімшілері, мемлекеттік және квазимемлекеттік сектордағы сатып алулар кезінде қолданыстағы заңнама талаптарын қатаң сақтаңыздар.
Бұдан бөлек, отандық тауар өндірушілердің, әсіресе жергілікті кәсіпорындардың сатып алуға қатысу мүмкіндіктерін кеңейту керек. Сатып алу кезінде отандық өнімдерге, оның ішінде өңірімізден шығатын өнімдерге басымдық берілуі тиіс», – деді Мұрат Нәлқожаұлы.
Мемлекет басшысының Жолдауында шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту, бизнесті қолдау және оның экономикалық белсенділігін арттыру міндеті нақтыланған. Өңірде бірнеше қаржы институты жұмыс істейді. Облыс әкімі кәсіпкерлердің ұсыныстары мен бастамаларына қолдау көрсетуді тапсырды.
Жиында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының баға тұрақтылығына қатысты мәселе де талқыланды. Қазіргі уақытта тұрақтандыру қорының өнімдері облыс аумағындағы 36 әлеуметтік дүкен мен 5 ірі сауда үйінің әлеуметтік бұрыштары арқылы сатылуда.
Қала және аудан әкімдері тұрақтандыру қорындағы азық-түлік құнының белгіленген бағадан ауытқымауын бақылауы тиіс. Облыс және аудан орталықтарында ауыл шаруашылығы жәрмеңкелерін ұйымдастыру да баға тұрақтылығына оң әсерін тигізеді.
Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі










