Мәслихаттар сайлауы
Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Халықаралық студенттер күні: жастардың жетістіктері, бастамалары мен болашағы

Халықаралық студенттер күні: жастардың жетістіктері, бастамалары мен болашағы

Бүгінде Қызылорда облысында 41,6 мыңнан астам студент білім алуда. Өңірдегі 3 жоғары оқу орнында 20 мыңға жуық жас білім нәрімен сусындаса, 28 колледжде 21 624 студент кәсіби мамандықтарды меңгеруде.

Осы орайда, 17 қараша – Халықаралық студенттер күніне орай өңір жастарының жетістіктері, ғылыми-инновациялық бастамалары мен студенттік өмірдің тыныс-тіршілігі Өңірлік коммуникациялар қызметінің баспасөз алаңында кеңінен айтылды. Брифингте Қорқыт ата университетінің қабырғасында қалыптасқан жастар саясаты, өндіріске енгізілетін ғылыми жобалар және халықаралық аренадағы спорттық биіктер сөз болды.

Баспасөз конференциясында алғашқы болып сөз алған Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің Жастар ісі жөніндегі комитет төрағасы Салтанат Бижігітқызы білім ордасындағы жастар саясатының негізгі бағыттарына тоқталды.
«Университетімізде 12 мыңға жуық білім алушы бар. Біздің басты міндетіміз – жастардың бастамаларына қолдау көрсетіп, олардың азаматтық ұстанымы мен кәсіби қабілетін дамыту. Қазіргі таңда комитет жұмысы ұлттық құндылықтар, құқық пен тәртіп, қамқорлық және интеллектуалды даму бағыттары бойынша жүргізілуде. Мәселен, “Заң мен тәртіп” тұжырымдамасы мен “Таза Қазақстан” экологиялық акциялары аясында жүйелі іс-шаралар атқарылуда. 2025–2026 оқу жылында 462 мәдени-қоғамдық шара ұйымдастырылды. Біздің басты ұстанымымыз – жастар үшін емес, жастармен бірге шешім қабылдау», – деді Салтанат Бижігітқызы.

Сондай-ақ жиында студенттік ғылым мен өндірісті ұштастырған жас ғалымдардың әлеуеті таныстырылды. Ғылыми зерттеулерін өңір экономикасына енгізуді көздеген жас зерттеуші, «Құрылыс» мамандығының бітіруші студенті Балауса Мұсабек өзінің инновациялық жобасын баяндады.
«Біздің ұсынып отырған жобамыз – Қызылорда жылу электр орталығының күлі мен Тасбөгет кен орнының шағыл құмын пайдалана отырып, төсеніш тақтайшаларына арналған майда түйіршікті бетон өндіру технологиясын әзірлеу. Бұл әдіс өндіріс қалдықтарын кәдеге жаратып, өнімнің беріктігі мен аязға төзімділігін арттырады. Жылына 10 мың текше метр өнім өндірілсе, 59 миллион теңгеден астам қаражат үнемделеді. Жобаның тәжірибелік нәтижесі ретінде бұл тақтайшалар Қызылорда қаласының сол жағалауындағы №28 тұрғын үйдің ауласына төселді», – деді Балауса Мұхаммедқызы.

Университетте тек ғылым мен білімге ғана емес, спорттағы жетістіктерге де ерекше қолдау көрсетілетінін Азия чемпионы, Қазақстанның 7 дүркін чемпионы, «Инженерлік жүйелер мен желілер» мамандығының 4-курс студенті Асылхан Қайратұлы айтып өтті.
«Стенд ату спорты бойынша Азия чемпионатында әлемдік рекорд орнатып, халықаралық Гран-при турнирінде қос алтын медаль жеңіп алдым. Мұндай халықаралық жарыстарға қатысып, ел намысын қорғауыма университетім тарапынан толық қаржылай және моральдық қолдау көрсетілуде. Студенттік шақта спорттық биіктерді бағындыруға мүмкіндік жасаған оқу орны басшылығы мен ұстаздарыма шынайы алғысымды білдіремін», – деді Асылхан Айсалбаев.

Сыр жастарының инновациялық идеялары мен спорттық жеңістері аймақтың дамуына өзіндік серпін беруде. Қорқыт ата атындағы Қызылорда университеті жастардың ғылымда, спортта және қоғамдық өмірде өз қабілетін толық ашуына барлық жағдайды жасап келеді.

Барша білім алушылар мен жастарды Халықаралық студенттер күнімен шын жүректен құттықтаймыз! Ізденіс пен білімге толы студенттік жылдарыңыз жемісті болып, жаңа белестерді бағындыра беріңіздер!

Өңірлік коммуникациялар қызметі
17 қараша 2026 ж. 20 0