Фармация комитеті облыстық департаментінің жаңа басшысы тағайындалды
Облыс әкімі Мұрат Ергешбаевтың төрағалығымен кадрлық өзгерістерге орай мәжіліс өтті. Онда Денсаулық сақтау министрінің келісімі негізінде, Фармация комитеті төрағасының бұйрығымен комитеттің Қызылорда облысы бойынша департаментінің басшысы лауазымына тағайындалған Ермекбаев Нұрсұлтан Әлімбайұлы таныстырылды.Жаңа басшыға дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың сапасын, қауіпсіздігін бақылау тапсырылды. Сондай-ақ тұрғындардың дәрі-дәрмекке қажеттілігі, қолжетімділігі жан-жақты талдануы керек.
Бұдан бөлек, фармацевтикалық қызмет көрсететін ұйымдардың жұмысында анықталған кемшіліктерді жою, алдағы уақытта қайталануына жол бермеу бағытында да тиісті шаралар қабылдау міндеттелді.
Нұрсұлтан Әлімбайұлы 1992 жылы Қызылорда қаласында дүниеге келген. Астана медицина университетінде «Фармация», Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университетінде «Мемлекеттік және жергілікті басқару» мамандықтары бойынша білім алған.
Еңбек жолын 2017 жылы Фармация комитетінің Қызылорда облысы бойынша департаментінде бас маман ретінде бастап, басқа да лауазымдарда болған. 2026 жылдың шілде айынан осы уақытқа дейін департамент басшысының орынбасары қызметін атқарып келді.
Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі










