Кезектен тыс сессия өтті
Аудандық мәслихаттың кезектен тыс 58-ші сессиясы өтті. Сессияның күн тәртібінде бірқатар маңызды мәселелер қаралды.
Күн тәртібіндегі мәселелердің басым бөлігі кент және ауылдық округтердің 2020-2022 жылдарға арналған бюджетіне қатысты 2019 жылғы шыққан шешімдерге өзгерістер енгізу туралы болды. Бұл жөнінде аудандық экономика және бюджетті жоспарлау бөлімінің басшысы Ғ.Акбаров түсініктеме берді. Бөлім басшысы «2016-2020 жылдарға арналған Сырдария ауданының даму бағдарламасын бекіту туралы» аудандық мәслихаттың 2015 жылғы 22 желтоқсандағы №361 шешіміне өзгеріс енгізу мәселесіне қатысты да хабарлама жасады.
Сессияда «Сырдария ауданының Құрметті азаматы» атағын беру мәселесі қаралып, аудан әкімінің орынбасары Д.Байдушев жоғары атаққа лайық жандардың тізімін ұсынып, олардың ауданға сіңірген еңбектерін атап өтті.
Кезектен тыс сессияның күн тәртібіндегі соңғы мәселе «Сырдария ауданының учаскелік сайлау комиссияларын сайлау туралы» аудандық мәслихаттың 2019 жылғы 10 қаңтардағы №273 шешіміне өзгерістер енгізу болды. Саяси науқанда атқарылатын жұмыстар жөнінде аудандық сайлау комиссиясының төрағасы Б.Өтегенова хабарлады.
Барлық мәселе қаралып, тиісті шешімдер қабылданғаннан кейін аудан басшысы Т.Дүйсебаев сөз сөйлеп, жылдың аяқталуға жақын қалғанын негізге алып, басым бағыттар мен маңызды жоспарлар жөнінде пікір білдірді. Карантин талаптарына сай сақтық шараларын ұстануды тұрғындар арасында кеңінен насихаттаудың аса маңызды екенін атап өтті.
«ТТ» ақпарат