Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Аудан бюджетіне өзгерістер енгізілді

Аудан бюджетіне өзгерістер енгізілді

Аптаның сәрсенбісінде аудандық мәслихаттың кезектен тыс 51-сессиясы өтті. Карантин талаптарына сәйкес сессия бейнеконференциялық байланыс арқылы ұйымдастырылды. Оған аудандық мәслихат депутаттарынан бөлек аудан әкімі Р.Рүстемов, кент және ауыл әкімдері, дербес бөлім басшылары, аудандық мәслихат аппаратының жауапты қыз­меткерлері мен БАҚ өкілдері қатысты.
Кезектен тыс 51-сессияның күн тәртібінде 4 мәселе қаралды. Бірінші мәселе 2020-2022 жылдарға арналған аудандық бюджет туралы аудандық мәслихаттың 2019 жылғы 23 желтоқсандағы №361 шешіміне өзгерістер енгізуге арналды. Бұл мәселе бойынша аудандық экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімінің басшысы Ғ.Акбаров хабарлама жасады. Әлеуметтік көмек көрсету, оның мөлшерлерін белгілеу және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындау қағидаларын бекіту туралы аудандық мәслихаттың 2017 жылғы 12 қыркүйектегі №123 шешіміне өзгерістер енгізу бойынша аудандық жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімінің басшысы Ғ.Садықов баяндады. Өз кезегінде аудандық сайлау комиссиясының төрағасы Б.Өтегенова Сырдария ауданының учаскелік сайлау комиссияларын сайлау туралы аудандық мәслихаттың 2019 жылғы 10 қаңтардағы №273 шешіміне енгізілген өзгерістер туралы түсініктеме берді. Сондай-ақ аудандық мәслихат аппаратының басшысы Г.Божан аудандық мәслихаттың 2020 жылдың екінші жартыжылдығына арналған жұмыс жоспары жөнінде ақпарат берді. Күн тәртібіндегі мәселелер бойынша хабарламалар толық тыңдалғаннан кейін кезектен тыс 51-сессияның төрағасы Е.Жақыпов депутаттардың ұсыныс-пікірін сұрап, шешім жобаларын депутаттар дауысқа салып, бірауыздан бекітілді. Сессия соңында аудан әкімі Р.Рүстемов сөз сөйлеп, ауданның 2020 жылдың 5 айындағы даму белестерінен мағлұмат берді. Атқарылған және алдағы уақытта жүргізілетін жұмыстарға тоқталды. Бірлесе атқарылған жемісті жұмыстар үшін аудандық мәслихат депутаттарына алғысын білдірді.
Бибісара Жанәлі
16 мамыр 2020 ж. 759 0