Мәслихат шешімдеріне өзгерістер енгізілді
Аудан әкімдігінің мәжіліс залында аудандық мәслихаттың кезектен тыс 56 сессиясы өтті. Сессия жұмысына аудан әкімі Талғат Дүйсебаев, аудандық мәслихат хатшысы Ержан Әжікенов, аудандық мәслихат депутаттары, аудан әкімінің орынбасарлары, тиісті бөлім, мекеме басшылары мен БАҚ өкілдері қатысты.
Кезектен тыс мәслихат сессиясын аудандық мәслихат депутаты Дархан Ералиев ашып, жүргізді. Сессия төрағасы ең алдымен күн тәртібіндегі мәселелерді таныстырып, карантин талаптарына сәйкес жиналысты қысқа уақытта аяқтауды, тек нақты ұсыныс-пікірлер айтуды ұсынды.
Күн тәртібіндегі мәселелер бойынша, яғни «Қоғалыкөл ауылдық округінің 2020– 2022 жылдарға арналған бюджеті туралы» 2019 жылғы 27 желтоқсандағы аудандық мәслихаттың №369, «Нағи Ілиясов ауылдық округінің 2020–2022 жылдарға арналған бюджеті туралы» №370, «Тереңөзек кентінің 2020–2022 жылдарға арналған бюджеті туралы» №371, «Шаған ауылдық округінің 2020–2022 жылдарға арналған бюджеті туралы» №372 шешіміне өзгерістер енгізу туралы аудандық экономика және бюджетті жоспарлау бөлімінің басшысы Ғ.Акбаров баяндады. Ал аудандық жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімінің басшысы М.Қаратаев әлеуметтiк көмек көрсету, оның мөлшерлерiн белгiлеу және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тiзбесiн айқындау қағидаларын бекiту туралы хабарлама жасады.
Сессияда сондай-ақ аудан әкімі аппаратының жұмылдыру дайындығы және аумақтық қорғаныс бөлімінің басшысы Қ.Қуандықовтың хабарламасы тыңдалды. Ол «Сырдария ауданы әкімдігі жанындағы терроризмге қарсы аудандық комиссияның құрамын бекіту туралы» аудандық мәслихаттың 2020 жылғы 16 сәуірдегі №404 шешіміне өзгерістер енгізу жөнінде айтты. Сонымен қатар аудандық жер қатынастары бөлімінің басшысы Б.Омаров аудандық жер комиссиясы туралы түсініктеме жасады.
Кезектен тыс 56 сессия барысында аудандық экономика және бюджетті жоспарлау бөлімінің басшысы Ғ.Акбаров «Аманкелді ауылдық округінің 2020-2022 жылдарға арналған бюджеті туралы» аудандық мәслихаттың 2019 жылғы 27 желтоқсандағы №367, «Қалжан ахун ауылдық округінің 2020–2022 жылдарға арналған бюджеті туралы» №377, «Айдарлы ауылдық округінің 2020-2022 жылдарға арналған бюджеті туралы» №378 шешіміне өзгерістер енгізу бойынша түсініктеме берді.
Күн тәртібіндегі мәселелер талқыланып, шешім жобалары бекітілгеннен кейін аудан әкімі Т.Дүйсебаев ауданның әлеуметтікэкономикалық дамуының басым бағыттары жөнінде депутаттармен ой бөлісті. Аудан басшысы аудандық мәслихат депутаттарын мемлекеттік бағдарламаларды сапалы жүзеге асыру ісіне, оның ішінде ауданда жүргізіліп жатқан құрылыс жұмыстары сапасын бақылауға атсалысуға шақырды. Сондай-ақ бірлескен істе береке бар екенін айтып, жоспарлы жұмыстарды жүзеге асыру бағытында халық қалаулыларымен тығыз жұмыс жасалатынын, олардың ұсыныс-пікірлері ескерілетінін жеткізді.
Ақтөре ИБРАГИМҰЛЫ