БЮДЖЕТКЕ ӨЗГЕРІС ЕНДІ
Аудан әкімдігінің мәсжіліс залында кезектен тыс 29 сессия болды. Сессияға аудандық Мәслихат хатшысы Е.Әжікенов, аудан әкімінің орынбасары Е.Ахетов, аудандық мәслихат депутаттары мен дербес бөлім басшылары қатысты.
Сессияның күн тәртібіне 8 мәселе ұсынылып, тұрақты кеңес отырысында талқыланды. Сессия отырысында аудандық сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары М.Төлегенов №12 «Аманкелді» сайлау округі бойынша өкілеттігі мерзімінен бұрын тоқтатылған депутаттың орнына өткен сайлау қорытындысымен таныстырды. үстіміздегі жылдың 28 қазанында өткен сайлауда сайлаушылардың 79 пайыз дауысын алған Зейнұр Жаманқұлов депутаттық мандатқа ие болды. Оған депутаттық төсбелгі мен куәлік табысталды.
Сессияның күн тәртібіндегі екінші және үшінші мәселелер бойынша аудандық экономика және бюджетті жоспарлау бөлімінің басшысы Ғ.Әкбаров хабарлама жасады. Бөлім басшысы «2018-2020 жылдарға арналған аудандық бюджет туралы» Сырдария аудандық мәслихатының 2017 жылғы 22 желтоқсандағы №153 шешіміне өзгерістер енгізу туралы және «2016-2020 жылдарға арналған Сырдария ауданының даму бағдарламасын бекіту туралы» аудандық мәслихаттың 2015 жылғы 22 желтоқсандағы №361 шешіміне өзгеріс енгізу туралы баяндады. Келесі мәселемен аудандық жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімі басшысының міндетін атқарушы А.Мұхан «Сырдария ауданының ауылдық елді мекендерде тұратын және жұмыс істейтін мемлекеттік денсаулық сақтау, әлеуметтік қамсыздандыру, білім беру, мәдениет, спорт және ветеринария ұйымдарының мамандарына отын сатып алу бойынша әлеуметтік қолдау көрсетудің тәртібі мен мөлшерін бекіту туралы» және «мүгедектер қатарындағы кемтар балаларды жеке оқыту жоспары бойынша үйде оқытуға жұмсаған шығындарды өтеу мөлшері мен тәртібін айқындау туралы» Сырдария аудандық мәслихатының 2017 жылғы 12 қыркүйектегі №124 шешіміне өзгерістер енгізу туралы хабарлама жасап, депутаттар назарына ұсынды.
Алтыншы мәселемен аудандық жер қатынастары бөлімінің қызметкері Ж.Ұзақбаев аудандық жер комиссиясының құрамын бекіту туралы айтты. Аудан әкімінің орынбасары Е.Ахетов «Сырдария ауданының Құрметті азаматы» атағын беру туралы хабарлама жасады. Құрметті атаққа ауданға еңбегі сіңген бірқатар азаматтардың есімдері ұсынылды. Олардың қатарында Нұрмұхаммед Әбілқасымов, Балшекер Өтегенова, Әнуарбек Қалтаев, Жаппархан Өтеген бар. Ұсынылған барлық азаматтар депуттардың қолдауымен атаққа лайық деп танылды. Сессия қарауындағы соңғы мәселе бойынша аудан әкімі аппаратының жұмылдыру дайындығы және аумақтық қорғаныс бөлімінің басшысы Қ.Қуандықов «Сырдария ауданының әкімдігі жанындағы терроризмге қарсы аудандық комиссияның құрамын бекіту туралы» Сырдария аудандық мәслихатының 2013 жылғы 4 қарашадағы №179 шешіміне өзгеріс енгізу туралы хабарлама жасады.
Аталған мәселелер бойынша тиісті шешімдер қабылданды.
Сессия барысында халық қалаулылары М.Бисенов, Б.Қадіров, С.Қаюпов, Б.Есназар бірқатар ұсыныс білдірді.
Б.ЖАНӘЛІ
Пікір 2