Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Іргелі шаруашылықтағы ілкімді істер

Іргелі шаруашылықтағы ілкімді істер

Шағандық Жеңісбек Шәкімбайұлы үшін биыл ерекше жыл. Алғашқы егін орағына жетекшілік етіп, іргелі шаруашылықтың шаруасымен шапқылап жүрген азаматты іздесеңіз егін даласынан табасыз. Ауылдастарымен бірге ертелі-кеш тынбай еңбек етіп, маңдайын күн қақтаған оның алғашқы аяқалысы жаман емес. Сенім мен жауапкершілікті ұштастырған серіктестік басшысының алдағы жоспарлары да ауқымды.
Шаған ауылының аудандағы ең үлкен елді мекен екенін жұртшылық жақсы біледі. Үлкен ауылдың шаруашылығы да үлкен. Салыстырмалы түрде алғанда, Жаңақорған ауданы егетін күріштің екіден бірін шағандық шаруалар егеді. Осыдан-ақ диқандардың еселі еңбегінің ауқымдылығын бағамдай беруге болады.
«Шаған-Жер» серіктестігі биылғы егін науқанын жаңа басшымен бастады. Шаруашылық тізгінін қолға алған Жеңісбек Сыздықовтың есімі ауданға жақсы таныс. Кентте әкім болды, қаржы бөлімін басқарды. Енді өзі туып, өскен ауылдың қажетіне жарап, дамуына өз үлесін қоспақ. Бұл бағыттағы жұмысқа бүгінде белсене кірісіп те кеткен.
Аудан әкімі Руслан Рүстемов орынбасары Бақытжан Лекеровпен бірге апта ағымында шағандық шаруалардың жұмысымен танысты. Аудан басшысына «Шаған-Жер» серіктестігінің атқарған жұмыстары мен алдағы жоспарлары жөнінде мағлұмат берілді. Ауылшаруашылығы бөлімінің басшысы Нұрбек Әзірбектің айтуынша, ауданның ауылшаруашылығы саласы бойынша қалыптасатын жылдық қорытынды көрсеткіште Шаған ауылының күрішшілерінің еңбегінің үлес салмағы басым. Өйткені, серіктестіктің әлеуеті зор әрі егетін күріш көлемі де ауқымды.
– Жылдың басында 3367 гектарға күріш егіледі деп жоспарланған. Бірақ, ақылдаса келе мұны өзгерттік. Биыл барлығы 3110 гектар жерге Сыр маржанын еккеніміз дұрыс деген шешім қабылдадық. Жұмысшылар санында қысқарту болған жоқ. Бүгінгі күнге күріштің 1150 гектары егіліп, 950 гектары суға бастырылды. Жоспарлы жұмыстар уақытылы жүргізілуде, – деді бізбен әңгімесінде серіктестік басшысы Жеңісбек Сыздықов.
Шаған ауылындағы іргелі шаруашылыққа қарасты №5 бригаданың аты мен атағы бұрын «жер жаратын». Мұндағы қызу еңбек жыл он екі ай толастамайтын-ды. Негізін сонау еңбек майталманы Қожабек Дәдікбаевпен бірлесе бүгінде бас гидротехник қызметін атқарып жүрген Бақытбек Жаңабергеновтер құрған маңға жұртшылық қызыға қарайтын. Бірақ соңғы жылдары бұл жерден еңбек дүбірі анау айтқандай естілмей қалды. Ал биыл №5 бригададағы еңбек қызу жүруде. Маңдай терін төккен дала диқандары ағымдағы жылы серіктестік бойынша да, аудан бойынша да көш бастауды жоспарлап отыр. Өздері оған бек сенімді.
– Бағамдап қарасам, өмірімнің бәрі осы шаруашылықта өтіп келеді. Шаруашылықсыз, егінсіз өмірді елестете де алмаймын. «Отызда орда бұзды» дегендей еңбек жолымның 30 жылдығын жерге дән сеуіп, күрішті баладай күтіп, баптап, уақытылы суарып, ысырапсыз жинап, ел қамбасын алтын дәнге толтырып, жақсы қорытындылаған болатынмын. Биыл 40-рет егін науқанында тер төгіп жүрмін. «Қырықта қамал алсам» деген мақсат бар. Оның үстіне біздің бригадаға биыл ауданның басшысы арнайы келіп, дала еңбеккерлеріне сәттілік тіледі. Енді бізге жаман көрсеткіш көрсетуге болмайды. Жігіттер мұны сезініп, қазу еңбектің көрігін қыздыруда, – дейді №5 бригаданың бригадирі Нұржан Сматов.
Тәжірибелі бригадирмен сұхбат та жарасымды өрбиді. Ол егінге қатыстының бәрін терең меңгерген, кез келген сұрағыңызға жан-жақты жауап береді. Бұл ұзақ жылғы ізденістің, қажырлы еңбектің жемісі. Осы ретте аудан басшысы мен бригадирдің арасында жақсы әңгіме өрбіді.
«Күріштің сорттарын қолдан жасап, өнім алу бұрыннан бар ғой. Айтыңызшы, осы қолдан жасалған дүниенің өмірі қанша уақыт? Күріштің сорттары неге жиі өзгереді?», – деді аудан әкімі. Сұрақ жауап бере алатын маманға қойылғанын кейін ұқтық. Бригадир әңгімені әріден қозғады.
«Күріштен тұрақты мол өнім алуда сорттың және оның тұқым шаруашылығын жүргізудің маңызы өте зор. Сондықтан күріш өсіретін барлық елдерде өнімді, жарма сапасы жоғары, ауруларға және жергілікті жердің топырақ – климаттық жағдайларына бейімделген сорттарын шығарып, өндіріске енгізуге көп көңіл бөлінеді» деді бригадир егіс алқабына көз тастап. Кейін үлкен көлемде күріш егетін Оңтүстік-Шығыс Азия елдерінде (Қытай, Үндістан, Жапония т.б.) күріштің жүздеген мың сорттары шығарылғаны жөнінде мысал келтірді. Күріш сорттары сол елдердің ауа райы мен топырақ ерекшеліктері әртүрлі аймақтарына бейімділігі бойынша өсірілетінін атап өтті. Сонымен қатар, әр елдің күріштен түрлі ас әзірлеу дәстүріне байланысты жармасының қасиеті әртүрлі болатынына тоқталды.
Мұндайда бәрін жазып үлгермейсің. Тек тыңдап, көңілге тоқып алу керек. Кейін ой қорытып барып, қағазға түсіресің. Оның үстіне бригадирмен сұхбаттасып тұрған аудан басшысының тарихи мәліметтерді жетік білетінін, қай тақырыпты да еркін талдап, жан-жақты ой қозғайтынын ұзақ сөйлеспесе де аз-кем сұхбаттасқан адам жақсы біледі. Бригадирдің сөзін қуаттаған Руслан Рүстемұлы күрішшілерге гүл патшасы – қызғалдықтың тарихы, оның табиғи Отаны, қай жылы қай елден қай елге таралғаны, тұқымының қалай будандастырылып, жерсінгені жөнінде айтып берді. Ой-санасындағы жоспарлар атыз басынан алысқа ұзамайтын дала еңбеккерлері үшін бұл өте қызықты сыр-сұхбат болды. Біз де біраз мағлұматқа қанықтық. Аудан басшысы өз ойын түйіндей келе, күріштің де жаңа сорттары шығып жатқанын, бір жылдары мерейі асқақтаған сорттардың тиімділігі жыл санап азайып келе жатқанын, шаруашылық ұжымына суды аз қажет ететін әрі төзімді жаңа сорттарды сынап көру керектігін айтты. Серіктестік басшысы Жеңісбек Сыздықов бұл бағытта міндетті түрде жұмыстар жасалатынын жеткізді.
– Егілетін күріш көлемі көп болғанымен шаруашылықтың техникалары жаңартуды қажет етеді. Мысалы, техникамыз жаңа болғанда бүгінде егін науқанында атқарылатын жұмыстың 70-75 проценттің атқарып болатын едік. Біз тұрған №5 бригада №4, 7 бригадамен көршілес орналасқан. Бүгін еңбеккерлер №5 бригадаға тиесілі жерді жыртып бастады. Әлі бұл жер тегістеледі, тыңайтқыш себіліп, сосын барып егін егіледі. Алдағы уақытта техниканы жаңартуға, күріштің жаңа сорттарын егуге басымдық береміз, – деді Жеңісбек Шәкімбайұлы.
Серіктестіктің бас агрономы Сабыр Оспанов егін егу науқанында 60-қа жуық техника тынбай жұмыс істеп жатқанын атап өтті. 350 адам жұмыспен қамтылғанын, шаруашылықта биылғы жылы 200 гектар бидай, 200 гектар жаңа жоңышқа егілгенін жеткізді. Мұнан бөлек 1000 гектар ескі жоңышқа күтімге алынған. Күріш дақылын егу сәуір айының үшінші онкүндігінде басталыпты. Бұйырса, мамыр айының соңына дейін толық аяқталады.
Иә, еңбек – ердің айнасы. «Еңбек еткеннің еңсесі биік» деген тәмсілге сүйенетін болсақ, жаңа қарқынмен жұмыс істеп жатқан шағандық шаруалардың алдағы уақытта биіктен көрінетініне сенім мол. Олар Сыр маржанынан тау тұрғызып, жылды жемісті қорытындылайтындарына сенімді. Ауданның абыройы асқақ болуы үшін аянып қалмайтындары бізге де анық сезіледі.
Ақтөре ИБРАГИМҰЛЫ
14 мамыр 2020 ж. 296 0