Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » АСҚАРЛЫҚТАРДЫҢ МЕЖЕСІ ЖОҒАРЫ

АСҚАРЛЫҚТАРДЫҢ МЕЖЕСІ ЖОҒАРЫ

         Алғашқылардың қатарында «А.Тоқмағамбетов ЛТД» ЖШС-інде егін алқабына орақ түсті. Биылғы көктемгі ауа райының қолайсыздығына, су тапшылығына қарамастан ұқыптылықпен, бапты көп тілейтін күрішке жан-жақты күтім жасаудың нәтижесінде егін бітік шыққан.
Лента қию рәсімін аудан әкімінің орынбасары Б.Лекеров ашып, диқндардың қажырлы, ынтымақты еңбегінің арқасында ауданда биылғы жылы бітік егін өсірілгенін, науқан қорытындысында асқарлықтардың да абырой биігінен көрінетініне сенім білдірді.
Жиында орақ түскелі отырған Б.Жылқыбаев басқаратын бригада алқабынан мол өнім алынатыны тайға таңба басқандай көрініп тұрды. Шаруашылық мамандары барлық бригадада осындай биік көрсеткішке жетеғабыл екендін айтады. Сонымен қатар серіктестікте биыл мол өнімді төкпей-шашпай, қысқа мерзімде жинап алуға негіз қаланған. Өйткені, құрылтайшы саналатын «Абай Дәулет» ЖШС асқарлықтарға су жаңа алымды шетелдік «Магдон» комбайнын тарту еткен. Салтанатты шарада ауылдың «Ақ әжелер» ансамблі әсем әннен шашу шашып, маңызды науқан алдында диқандардың көңілін демеді. Орақтын лентасы қиылғаннан кейін ауылдың сыйлы қарты, еңбек ардагері Асылбек Райсов егіншілерге «өнім мол болсын, қамба астыққа толсын» деп ақ батасын берді.
Жиынға облыстық мәслихат депутаты Р.Есенов, аудандық мәслихат хатшысы Е.Әжікенов, «Абай Дәулет» ЖШС директоры М.Сәрсенбаев, «С.Сейфуллин Жер» ЖШС директоры О.Саймағамбетов, «А.Тоқмағамбетов ЛТД» ЖШС директоры М.Есжанов, ауыл әкімі Б.Алданазаров, мектеп директоры Қ.Омаров, және Бесарық, Сәкен ауылдары мен жергілікті ардагерлер өкілдері қатысты.
Алғашқы егін орағына орай ауылдың мешітіне ақ дастархан жайылды.
Ш.НҰРСЕЙІТОВ      
11 қыркүйек 2018 ж. 963 0