БАЛЫҚ БЕРМЕ, ҚАРМАҚ БЕР
Астық – ел ырыздығы. Сырдың басты дақылы-күріш. «Сыр елінде күріш деген дақыл бар, соны айтып, соны жырла ақындар» деп ақиық ақын Асқар жалынды жырына қосқан Сыр салысын жинау ауданда бүгінде қарқын алды. Мақала басында Асекеңнің өлеңін келтіруіміздің мәнісі бар. Атақты ақын атындағы шаруашылықтың тыныс-тіршілігімен арнайы барып танысқан болатынбыз. Ауылдың аты-затына сай болу үшін асқарлық диқандар білек сыбанып, еңбек етіп жатқандарын көз көрді. Қайбір шаруашылық болмасын оның дамуы, жұмысшылардың бақуатты өмір сүруі инвесторға да байланысты. Нарық заңы солай. 4-5 жылдан бері шаруашылық инвесторға жарыды десек болады. Көп жыл кәсіпкерлікпен айналысқан Меңдіғали Кеңесұлы Есжанов «А. Тоқмағамбетов ЛТД» ЖШС тізгінін ұстағаннан бері шаруашылықтың жұмысы оңға басып, ауыл тұрғындарының жағдайы жақсара бастады. Бұрын «екі қолға бір күрек» таппай жүрген жастарға шаруашылықтан жұмыс табылды. Серіктестік алғашқы жылы 60 адамды еңбекпен қамтыса, қазір онда тұрақты жұмыс жасайтындардың саны екі есеге дейін көбейді. Бұдан 4-5 жыл бұрынғы шаруашылықтың жағдайын еске алудың өзі қиын. Көктемгі егін егіле ме, егілмей ме деген сұрақ та туындады. Қазір оның бәрі артта қалды. Меңдіғали Кеңесұлы алғашқы жұмысын «аш балаға балық берме, қармақ бер» ұстанымымен бастады. Диқандарды ынталандыру шараларын жүзеге асырды. Ауылда 200-ден астам отбасы тұратын болса, олардың әрқайсысының күнделікті тыныс-тіршілігінен ауыл әкімі мен шаруашылық басшысы хабардар болып отырады. Кімнің, қандай жұмыс қолынан келетінін біледі. Соған орай әрекет етеді. Шаруашылық басшысы биылғы су тапшылығын күн ілгері болжағандай бұдан бірнеше жыл бұрын егістікке су келетін екі арнаның табанын эксковатор жалдап, қаздырды. Бұл ретте, «Елтай» арнасының 15, «Айжан кеткен» арнасының 20 шақырымына қазу жұмыстары жүргізілді.
ШаҺарбек НҰРСЕЙІТОВ