Күрішшілерге лайықты құрмет
Шіркейлі ауылындағы «Мәді қажы» серіктестігінің күрішшісі Жәнібек Ыбыраев 32 гектардан 108 центнер өнім алыпты дегенді естігенде таңғалғанымыз рас. Бұл қажырлы еңбектің, маңдай тер мен ізденістің жемісі еді. Іргелі серіктестікте адал еңбектің қазанында қайнап, ел қамбасын алтын дәнге толтыруға талаптанған, тынбай еңбек еткен өзге де озаттар көп екен. Ортақ абырой үшін аянбаған озаттар үшін Кеңес Одағының Батыры Жаппасбай Нұрсейітов атындағы алаңда арнайы салтанатты шара ұйымдастырылып, біз де шіркейлілік егіншілердің ерекше күткен қуанышына ортақтастық.
Салтанатты шара Қалтай Мұхамеджанов атындағы ауылдық мәдениет үйінің өнерпаздары ұйымдастырған прологпен басталды. Мұнан кейін ақ жаулықты әжелер егін даласындағы еселі еңбек пен мамыражай тіршілік жөнінде сыр шертетін әсем әндерді әуелете шырқады. Салтанатты шарада аудан әкімі Р.Рүстемов сөз сөйлеп, ауыл тұрғындары мен серіктестік ұжымын егін жинау науқанының жемісті қорытындылануымен құттықтады.
– Қасиетті Сыр топырағы биыл да жемісті өнім берді. Рекордтық жетістікті бағындырып, диқандардың еткен еңбегі мен төккен терінің өтеуі қайтты. Адал еңбектің жарқын үлгісін көрсетіп, аудан абыройын асырған дала еңбеккерлерінің қатарында Шіркейлі ауылындағы «Мәді қажы» серіктестігінің күрішшілері де бар. Серіктестік биыл 2200 гектар жерден 60 центнер өнім жинап, егін жинау науқанын зор жетістікпен қорытындылап отыр. Бұл ауылдың ғана жетістігі емес, ауданымыздың, облысымыздың мерейі. Өйткені, Тәуелсіздікке қол жеткізген алғашқы жылдан бастап ауылшаруашылығы саласын дамытуға мемлекет тарапынан зор қолдаулар көрсетілді. Арнайы мемлекеттік бағдарламалар қабылданып, егін егіп, өнім өндіріп, жұмыс жасаймын деген азаматтарға нақты көмектер берілді. Міне, бүгінде мемлекет тарапынан көрсетілген қолдаулар ауылдардың әлеуметтік-экономикалық дамуына жол ашып, тұрғындар әлеуетінің артуына септігін тигізуде. Жақында облыс орталығында өткен «Алтын дән – 2019» салтанатты шарасында бірқатар сырдариялық күрішші марапатталды. Оның ішінде «Мәді қажы» серіктестігінің де мамандары бар. Дала диқандарының еңбегіне құрмет көрсетуді мақсат еткен бұл үрдіс ауданымызда да жалғасын тауып, мерейлі мереке аталып өтілді. Ал бүгін думанды шара Шіркейлі ауылында ұйымдастырылуда. Бұл бірлігі бекем, тірлігі тындырымды ауданымызда молшылық мерекесінің мәнін аша түсуде. Сондықтан баршаңызды егін жинау науқанының қорытындылануымен шын жүректен құттықтаймын, – деген аудан басшысы алдағы жылы да шіркейліліктердің үздіктер көшін бастайтынына сенім білдірді.
Салтанатты шарада «Мәді қажы» серіктестігінің төрағасы, аудандық мәслихат депутаты Сейткамал Сұлтанов аудан басшысының егін жинау науқаны басталар тұста ауылға арнайы келіп, егіншілерге сәттілік тілегенін айтып, сол кезде ауыл ақсақалдары берген ақ бата мен айтылған ақ тілектер қабыл болып, серіктестік жылды жемісті қорытындылап отырғанын жеткізді. Серіктестіктің әрбір маманына сыйақы қарастырылғанын атап, өндірістік бригада басшысы Әбделнасыр Мырзағалиевке су жаңа «Нива» автокөлігінің кілтін табыс етті. Сонымен бірге, жүктелген міндеттерін абыроймен атқарған үздік мамандарға «Алғыс хат» және сыйлыққа түрлі түсті теледидарлар мен газ плиталары берілді.
Думанды шара серіктестіктің қолдауымен Шіркейлі ауылына арнайы келген облыстық филормония өнерпаздарының концерттік бағдарламасына ұласты. Осылайша, атақты «Еңбек Қызыл Ту» орденді ауылдағы іргелі серіктестік егіншілерге ерекше құрмет көрсетіп, ауыл еңбеккерлерін бір серпілтіп тастады.
А.ҚҰРМАНАЕВ