Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Амандық-саулық мал-жаннан басталған

Амандық-саулық мал-жаннан басталған

Қоғам мен билік арасындағы алтын көпірге айналған Қоғамдық кеңестің төртінші отырысы өтті. Оның күн тәртібінде екі мәселе қаралды.
– Қазақ жиғанын жанына садақа еткенімен, маңдай термен тапқан ақ адал малын ұры-қарыға алдырса, қарап қалмаған. Тұрмыс-тіршілігі төрт-түлікке тәуелді болған халқымыздың амандық сұрасуды мал-жаннан бастайтыны да белгілі. Тұрғындардың бағып-қаққан малын бір сәтте жоғалуы кімге болса да оңай тимесі анық. Сондықтан мал ұрлығы бүгінгі күннің өзекті мәселесіне айналды. Халықтың полиция қызметкерлерінің жұ­мысына деген сенімі осы мал ұрлығының ашылуымен байланысты десек артық айтқандық болмас, – деп жиынды ашқан Қоғамдық кеңес төрағасы Марат Омаров сөзді жергілікті полиция қызметінің басшысы Абай Мұстафаевқа берді.
Жергілікті полиция қызметінің басшысы мал ұрлығына қатысты атқарылып жатқан жұмыстар мен жол-көлік оқиғаларын алдын алуға бағытталған іс-шараларды баяндады. Абай Әбілқасымұлы өз хабарламасында аудандағы қылмыстылық ахуалға тоқталып, мал ұрлығына қатысты қылмыстың ашылуын айтты.
Жалпы мал ұрлығына қатысты өз пікірлерін білдірген кеңес мүшелері мен кент тұрғыны М.Еспенбетов малды ұрлау жайылымдық жерден емес, қорадан, есік алдынан орын алып жатқанын айтты. Бір үйдің өзінен екі немесе бес басқа дейін ірі қара малды қолды ету фактілері де кездесетініне бүгінде тұрғындар бей-жай қарап отыра алмайтындығы назарға алынды. Сондықтан мал ұрлығына қатысты жұмысты жедел арада күшейту қажеттігі және учаскелік полиция инспекторларына қырағылық жетіспейтіндігін бүгінгі ахуалдың өзі-ақ көрсетіп отыр. Кадр мәселесін де қозғаған құқық қорғау органының ардагері жергілікті полиция қызметіне ауданның азаматтарын көбірек тарту, сырттан уақытша келетін полицейлерге тосқауыл қою арқылы аталған салада жұмыстың ілгері басуына мүмкіндік болатынын тілге тиек етті.
Жол-көлік оқиғаларына қатысты мә­селенің мәнісін айтқан кент тұрғыны С.Сансызбаев кентішілік жолдарда көлік жүр­­гізушілер жоғары жылдамдықпен жү­ретіндігі, орталық көшенің бірінде жол белгісі дұрыс қойылмағандығын ескертті. Оған қоса зерделеу жұмыстарын жүргізу арқылы жол белгісін алып тастауға қатысты ұсыныс айтты. Көлік қозғалысын реттеу жол-көлік оқиғасының алдын алады. Көшеге қойылған бейнебақылау камераларының тұрақты жұмыс істеуі де көлік жүргізу ережесін бұзғандарды анықтауға ықпалы тимек. Осы мәселелер бойынша кент әкімдігіне және тиісті сала басшыларына ұсынысын білдірген кеңес мүшелері оларды ретке келтіруді қозғады.
Қоғамдық кеңесте аудандық экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімінің басшысы Ғалымжан Акбаров «Сырдария аудандық мәслихаттың «2020-2022 жылдарға арналған аудандық бюджет туралы» Сырдария аудандық мәслихаттың 2019 жылғы 23 желтоқсандағы №361 шешіміне өзгерістер енгізу туралы» шешімінің жобасы туралы» хабарлама жасады.
– 2020 жылға арналған аудандық бюд­жетінің шығындары 13053679,5 мың теңге көлемінде жоспарлануда. Шығындарды 2019 жылдың соңына қалыптасқан бюджет қаражаттарының бос қалдықтары есебінен 170278,5 мың теңгеге ұлғайту жоспарлануда, – деді бөлім басшысы.
Аталған қаржы аудандық білім бөлімінің ғимаратын күрделі жөндеуден өткізуге, «Жалын» тынығу лагерінің қажеттілігіне, №137 орта мектеп ғимаратын күрделі жөндеуге, кенттегі балабақшалардың сұраныстары бойынша құрал-жабдықтар алуға және т.б. жұмсалатын болады. Барлық қаражаттың бөлінуіне егжей-тегжей тоқталған бөлім басшысы бағдарлама әкімшісінің сұранысы бойынша тиісті қаржы бөлінетінін хабардар етті.
Аудан бюджетін тиімді жұмсау, соның ішінде бірінші кезекте қажет ететін, кезек күттірмейтін мәселелерге қаржы бөлу – Қоғамдық кеңес мүшелерінің ұсынысы. Сондықтан қаржыны шығындамай, уақы­тында игеру көп мәселені шешеді.
Қоғамдық кеңес мүшелері алдағы уақытта өтетін жиынға күн тәртібіне қойылған мәселелер бойынша жауапты сала басшыларын да қатыстыру қажеттігін ескертті.

Б.ЖАНӘЛІ

15 ақпан 2020 ж. 513 0