МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТ САПАСЫН АРТТЫРУ КЕРЕК
Сырдария аудандық Қоғамдық кеңес отырысында мемлекеттік қызмет сапасын арттыру мәселесі қаралды. Отырысты ашып, жүргізіп отырған аудандық Қоғамдық кеңес төрағасы М.Омаров күн тәртібінде қаралатын мәселемен таныстырып, Кеңес мүшелерінің келісімін алды.
Мұнан кейін мемлекеттік қызметті өткеру және мемлекеттік көрсетілетін қызметтер сапасын арттыру бағытында атқарылған жұмыстар жөнінде аудан әкімі аппаратының басшысы Н.Әбілдаев баяндама жасады.
– Аудандағы 152 мемлекеттік қызметшінің 1-і «А» корпусы, қалған 151-і «Б» корпусының мемлекеттік әкімшілік қызметшілері болып табылады. Мемлекеттік қызметшілердің 60-ы әйелдер, яғни барлық мемлекеттік қызметшілердің 39,7 пайызын құрап отыр. Ағымдағы жылдың 5 айында 9 бос мемлекеттік лауазымға конкурс өткізілді. Конкурстарға 13 адам қатысып, 8 адам жеңімпаз деп танылып, қызметке тағайындалды. Бос мемлекеттік лауазымдарға конкурсқа қатысушы үміткерлермен әңгімелесу сатысына байқаушылар ретінде аудандық мәслихаттың депутаттары, БАҚ өкілдері міндетті түрде қатысуда. ҚР Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының Қызылорда облысы бойынша филиалында 2019 жылдың 5 айында 5 мемлекеттік қызметші қайта даярлау курсынан, 20 мемлекеттік қызметші біліктілігін арттыру курсынан өтті, – деді Нұрсұлтан Алтынбекұлы.
Аппарат басшысы сондай-ақ, сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бағытында жүргізілген іс-шаралардың нәтижесінде сыбайластық іс-әрекеттер жасап, жазаға тартылған мемлекеттік әкімшілік қызметшілер жоқ екенін мәлімдеді. Сонымен қатар, аудандағы жергілікті бюджеттен қаржыландырылатын жергілікті атқарушы органдардың артық жұмыс істеу фактілерін болдырмау және алдын алу бағытында жүйелі түрде рейдтер ұйымдастырылып жатқанын айтты.
Күн тәртібіндегі мәселе бойынша баяндамашының есебі тыңдалғаннан кейін аудандық Қоғамдық кеңес мүшесі Х.Әбенов сөз сөйлеп, мемлекеттік қызмет көрсетудің сапасы мемлекеттік органдардың жұмысын бағалаудың басты өлшемі болып табылатынына тоқталды. Хабарламашының есебіне қанағаттанарлық деген баға беріп, іс-шаралар жоспарына сәйкес оқыту семинарлары, түсіндірме жұмыстары, ауылдық округтерде көшпелі мәжілістер, жәрмеңкелер өткізуді жалғастыру керек екенін айтты.
Қоғамдық кеңес отырысына арнайы келіп қатысқан ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Қызылорда облысы бойынша департаментінің басшысы А.Мұхимов Қоғамдық кеңес жұмысы ашықтыққа негізделгенін оң бағалап, Қоғамдық кеңесте мемлекеттік көрсетілетін қызметтер сапасын арттыру тақырыбын тұрақты түрде қарауды ұсынды.
Өз кезегінде аудан әкімі Ғ.Қазантаев билік пен халық арасындағы алтын көпірге айналған Қоғамдық кеңес жұмысының ауданымыздан бастау алғанын жеткізіп, оң тәжірибені жандандыру қажет екенін айтқан департамент қызметкерлеріне ризашылығын білдірді. Еске сала кетейік, қоғамдық кеңес республика бойынша алқашқы болып осы ауданда құрылған болатын.
Майя ҚОЖАБАЙ