Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » ҮШ ӨЗЕКТІ МӘСЕЛЕ ҚАРАЛДЫ

ҮШ ӨЗЕКТІ МӘСЕЛЕ ҚАРАЛДЫ


Қоғамдық кеңес – халық пен билік арасындағы алтын көріп екендігі хақ. Оның отырысында биліктің атқарып жатқан, халықтың көкейінде жүрген мәселелер қаралады. Қоғамдық кеңестің бұл жолғы отырысында үш өзекті мәселе қаралды. Оның біріншісі бүгінде еліміз бойынша өткір тұрған жасөспірімдердің қылмысының алдын алуға бағытталды. Бұл бойынша өткен жылы атқарылған жұмыстар жөнінде аудандық жергілікті полиция басшысының орынбасары Н.Қасымханов хабарлама жасады. Оның айтуынша балалардың мектептен тыс уақытында да жүрістұрысы қадағаланады. Түнгі 11 мен таңғы 6 аралығында оқушылардың ата-аналарынсыз көшеде бей берекет жүруіне тыйым салынған. Бұл тәртіпті бұзатын жағдайлар да кездеседі. Сондай фактілер орын алғанда бірінші атааналарға ескерту жасалып, екінші рет айыппұл салынады. Осы мәселеге байланысты қоғамдық кеңес мүшелері тарапынан полиция қызметкеріне бірнеше сауалдар қойылды. Түнгі мезгілде жасөспірімдердің рөлге отырып, көлік айдайтын фактілердің бар екендігі, оған ауқатты адамдардың жол беретіндігі тілге тиек етілді. Орны толмас қайғылы оқиға орын алмас үшін осы жағдайға бүгіннен бастап тыйым салудың қажеттігі айтылды.
Жасөспірімдер қылмысының алдын алуға байланысты Сырдария агротехникалық колледжінің директоры Д.Қожахметов хабарлама жасады. Аудандағы жалғыз арнаулы оқу орнында бір қуанарлығы ішкі істер бөлімінде есепте тұратын жасөспірімнің жоқтығы. Колледж бітірген түлектердің шамамен 70 пайызы жұмысқа орналасады екен. Оған аудан әкімінің бастамасымен шаруашылықтармен арада жасалған меморандумның септігі тиіп отыр. Колледж бітірушілер негізінен «Ақжарма 2» ШҚ, «Шаған Жер» ЖШСне жұмысқа қабылданады.
Қоғамдық кеңес мүшелері директорға бау-бақша егіп, өзін-өзі қамтамасыз ету қажетігі жөнінде ұсыныстар айтты. Екінші мәселе су тасқынының алдын алуға байланысты аудан әкімдігінің жұмылдыру және аумақтық қорғаныс бөлімінің басшысы Қ.Қуандықов хабарлама жасады. Бөлім басшысының айтуынша дарияда сең жүріп, біздің ауданнан көрші ауданның аумағына өткен. Аудан әкімінің өкіміне сәйкес барлық қауіпсіздік шаралары алынып отыр. Алаңдауға негіз жоқ. «Жаман айтпай жақсы жоқ» дегендей су тасқыны бола қалған жағдайда тұрғындар эвакуацияланатын елді-мекендер де белгіленген.
Үшінші мәселе бойынша «Айгөлек» балабақшасы мен №36 Ә.Тәжібаев атындағы мектеп-лицейге жұмысқа тұрушы үміткерлердің кандидатурасы жан-жақты талқыланып, лайық дегендерге ұсыныс жасалды. Жұмысқа тұру көп жағдайда сыбайлас жемқорлыққа ұрындыратын. Бос жұмыс орнына ұсыныс жасауды қоғамдық кеңес арқылы жүргізудің нәтижесінде аудан бойынша өткен жылы бірде-бір сыбайлас жемқорлық дерегі орын алған жоқ. Бұл «көп болып пішкен тон келте болмайтынының» жарқын мысалы.

Ш.НҰРСЕЙІТОВ
02 ақпан 2019 ж. 778 0