Еңбегі елдің есінде
Қолымыз қалт етсе, өлке тарихын, аудан тарихын, ауданымыздың дамуында дара қолтаңбасы бар азаматтардың еңбегін зерттеп, зерделегіміз келіп тұрады. Бұл жолы қолымызға «Сыр бойы» газетінің осыдан отыз жыл бұрынғы, нақтырақ айтсақ, сонау 1996 жылғы нөмері тиді. Қайыр Қорасани атымен танымал сырбойылық журналист Қайырбек Мырзахметұлының «Биіктік» атты мақаласы басылыпты. Мақала адал еңбегімен, азаматтық болмыс-бітімімен, адамгершілік қадір-қасиетімен абырой биігіне көтеріліп, артына өшпес іс те, ізгілікті із де қалдырған Әлиасқар Нұрпейісов туралы жазылыпты. Мазмұнды мақаланы оқыдық, көркем ойларды көңілге тоқыдық, сосын қолымызға қалам алып, біртуар азаматтың ерен еңбегі туралы қайта жаңғыртып жазуды жөн көрдік.Әлиасқар Мүсілімұлының саналы ғұмыры халқының аты да, даңқы да адал еңбекпен, берекелі бірлікпен шыққан Асқар Тоқмағанбетов ауылында өткен. Көзкөргендердің айтуынша, ол білікті агроном, ауыл шаруашылығы саласының дамуына өзіндік үлесін қосқан білімді маман болған. Қолда бар мәліметтерге сүйенсек, кейіпкеріміз 1926 жылы Майлықұмда дүние есігін ашып, балалық шағы Қараөзек тұсындағы құмқайырда өтіп, текті де тәрбиелі отбасында тәрбиеленіпті. Отбасындағы төрт баланың үлкені болған ол жастайынан жауапкершілікті терең сезініп өскен. Ата-ана үмітіне селкеу түсірмеуді мақсат етіп, еңбекке ерте араласқан азамат ізінен ерген бір інісі мен екі қарындасына қамқор болып, ағалық мейірімін де аямаған. Оның табиғат пен туған жерге деген сүйіспеншілігі ауыл шаруашылығы саласын таңдауына жол ашқан. Бірінші ауылшаруашылық техникумын ойдағыдай тәмамдап, кейін ауылшаруашылық институында білім алған. Еңбек жолын Қаракеткен машина-трактор станциясында бастап, адал еңбегімен, іскерлігімен, тиянақтылығымен көзге түскен азамат Шіркейлі кеңшарында, О.Мәлібаев, А.Тоқмағанбетов атындағы өндірістік кооперативте бас агроном, экономист болып қызмет атқарған. Санамалап айтар болсақ, өмірінің елу екі жылын еңбекке арнап, зейнетке шыққаннан кейін де кейінгі буын жастарға тілектес болып, ауылшаруашылық саласында өз қолтаңбасын қалдырған. Ерекше атап өтерлігі, ешқашан «мен жасадым, мен бастамашы болдым, бұл жұмысты мен ұйымдастырып, орындадым» демейді екен. Содан да болар босмақтанды сүймейтін дара болмыс иесін еңбегі ерен ер ретінде ауыл халқы пір тұтқан. Бұл сөзімізге халық арасындағы «Агроном Нұрпейісов әр алқаптың өнімін дәл шығарады», «Ол жер мен судың білікті маманы», «Әбекең көзін жұмып тұрып та қай дақылды қай жерге егу керектігін біледі» деген ой-пікірлерді дәлел ретінде айтуға болады.
– Қазір көзкөргендер азайды, жоқ десек те болады. Біздің өзіміз бір ауылдың үлкені болып қалдық. Алдыңғы буын ағаларды ойласақ, көз алдымызға Әлиасқар Мүсілімұлының бейнесі елестейді. Ол кісі сондай ерекше адам еді. Іске мығым, есепке жүйрік болатын. Оған туған жердің ой-шұңқырының бәрі етене таныс еді. Жер-Ананың сырын біркісідей түсінетін терең білімнің, үлкен тәжірибенің иесі болатын. Талай рет іскерлігін көрдік, үлгі тұттық. Ел егін жинап, күріштің суын тартар кезде Әлиасқар Нұрпейісовке дамыл болмайтын. Өзіне тапсырылған жұмысты асқан жауапкершілікпен орындайтын. Мұның бәрі – біз үшін үлгі-өнеге еді, сол үлгі-өнеге өмірлік азығымызға айналды. Әбекең секілді еңбек етсек, абыройға бөленсек деп алдымызға мақсат қойдық. Қорыта айтсақ, ол кісі нағыз еңбек адамы еді, – дейді еңбек ардагері Бәрзубек Жылқыбаев.Пайымды пікірді қуаттайтын ардагер аға-апаларымыз көп. Соның бірі кейіпкерімізбен қиындығы мол, ауыртпашылығы зор заманда бірге еңбек еткен – Злиха Сыздықова.
– Әлиасқар ағайдың мамандығы экономист болды. Экономист деген экономдау деген сөзбен ұштасып жатыр емес пе! Ол нағыз үнемшіл, шаруашылықтың әр тиынын есептеп, шашауын шығармайтын өте адал, әділ кісі болды. Сабырлы, салмақты, орнымен сөйлейтін, қай істі бастаса да елдің мүддесін бәрінен биік қоятын азамат еді. Саналы ғұмырын ауданның ауыл шаруашылығы саласына арнады. Қиын кезеңдерде талмай еңбек етті. Бүгінгі күнде өмір сүрсе, нағыз Еңбек Ері атанатындай нәтижелі жұмыс істеді. Тәтті апамызбен жақсы отбасы болды. Ол кезде шақырусыз қонақ көп болатын, қазір ғой шақырсақ қана келеді, шақырса ғана барамыз. Ал ол кезде ағайын-туысты айтпағанда ауыл халқы бір-бірімен етене жақын араласатын. Тәтті апамыздың дастарханы жиылмайтын, сосын өте таза, жинақы, қонақжай кісі еді. Бұл отбасының қыздары Гүлсім, Зухра, Гүлжанат көз алдымызда өсті, олар текті отбасының тәрбиелі перзенттері болды. Бүгінде ата-аналарының сенімі мен үмітін ақтап, өмірден өз орындарын тапты. Әлі есімде Тәтті апамыздың түр-әлпеті Әмина Өмірзақовадан айнымайтын. Мен ол кісіні Әмина апа дейтінмін. Биыл Әлиасқар ағайдың туғанына 100 жыл толыпты. Арада қанша жылдар өтсе де зиялы адам, зиялы әулеттің орны, еңбегі ешқашан ұмытылмайды, – дейді еңбек ардагері, Сырдария ауданының құрметті азаматы Злиха Сыздықова.
Иә, «Жақсыдан – шарапат» деген осы шығар. Жақсының жақсылығы ешқашан ұмытылмайды. Әлиасқар Нұрпейісов жақсы адам, білікті маман болған соң ел-халық, қоғам әлі күнге өнегелі ісін тебіреніспен айтып, еңбегін жоғары бағалайды. Өзі де көзі тірісінде елдің бірлігіне сызат түспесе, ағайынның тірлігі түзу болса деп адалдықты, әділдікті ту еткен. Сарғайған қағаздарды қарап отырсақ, кейіпкеріміз «Мен кезінде бірінші хатшы Қонысбекпен қызметтес болғанымды әлі күнге мақтаныш тұтамын. Қазантаев кадрларға үлкен мектеп болды. Ол кісіден көп үйрендік. Отқа түсірмеді. Кінәсіз күйсең, шоқтан суырып шығарады, қорғайды. Екі сөйлесең, алдына барма! Шындықты айтсаң, төбесіне көтереді. Ісіңді білсең, меңгерсең, пір тұтады. Мені Қонекең төрт-бес шаруашылыққа бас агрономдыққа жіберді. Шыңдалсын дегенін сездім. Шүкір, орден, медаль тақтым. Республикаға еңбегі сіңген агроном атағын алдым» деп жазып қалдырыпты.
Бүкіл ғұмырын диқандар арасында өткізген Әлиасқар Мүсілімұлы аға буын өкілдері Жаңабай Азаматов, Оспан Мәлібаев, Отызбай Исабаев, Әділ Атақаевтардың еңбегін жоғары бағалаған. Сонымен қатар аудан шаруашылықтарын басқарған Сейілбек Асқаров, Тұрмахан Араповтардың өндірісті ұйымдастыру әдісіне, елді еңбекке жұмылдырудағы қадамдарына, ізінен ерген інісі Әли Мүсілімұлының байырқалы бастамаларына тілектес екенін айтып отыратын болған. Осы ретте ел болашағы үшін аянбай қызмет етіп, халқының ықыласына бөленіп, өңірдің білім саласын дамытуға сүбелі үлес қосқан педагогика ғылымдарының докторы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Әли Мүсілімовтің есімін мақтанышпен айту – бізге парыз. Еңбек жолы мұғалімдік қызметтен басталған азамат директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары, мектеп директоры, Қызылорда медицина училищесінің оқытушысы, бөлім меңгерушісі, облыстық халыққа білім беру бөлімінің бастығы қызметтерін абыроймен атқарған. Әли Мүсілімұлының басшылығымен облыстың орта білім беру саласында көптеген ауқымды, маңызды істер атқарылды. Атап айтқанда, орта білім беру саласы кабинеттік жүйеге көшіріліп, пәндер бойынша өз алдына математика, химия, биология, физика кабинеттері жасақталды. Нәтижесінде мектептегі оқу үдерісін ұйымдастыру жұмыстары оңтайлы жүйеге келіп, оқушылардың білім деңгейі көтеріліп, мектеп бітірушілердің жоғары оқу орындарына түсу көрсеткіші жылдан-жылға өскен. Облыстың бас ұстазы өзінің іскерлігімен әріптестеріне үлгі болып, уақытпен санаспай, шалғай ауылдардағы мектептердің жай-күйімен танысып, облыс мектептерінің материалдық-техникалық базаларын нығайтуға зор үлес қосты. Ол Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде оқытушылық қызметті қоса атқарып, өзінің орта білім саласындағы көп жылдар бойы жинаған тәжірибесін студенттерге үйретіп, болашақ ұстаздарға сапалы білім беруге де атсалысты. Парасатты ұстаз басшылық қызметін білім берумен, ғылыммен ұтымды да оңтайлы ұштастыра білді. Білікті ғалым 1999 жылы «Мектеп оқушыларын нарықтық экономика жағдайында кәсіптік бағдарлау» деген тақырыпта кандидаттық, ал 2003 жылы «Оқушыларды еңбекке даярлаудың ғылыми-педагогикалық негіздері» тақырыбында докторлық диссертациясын сәтті қорғап, 8 монографиясы мен 100-ден астам ғылыми мақаласы жарық көрді. Осы еңбегінің арқасында Қазақстан Педагогика ғылымдары академиясының толық мүшесі – академигі болып сайланды. Ол республикада бірінші болып облыстық мұғалімдер газеті – «Сыр мектебін» ашты. «Қазақстан мектебі» журналының ақылдастар алқасының мүшесі болды. Сонымен бірге, қоғамдық жұмыстарға да белсене араласты. Облыстық сайлау комиссиясының төрағасы қызметін абыроймен атқарды. Бірнеше мәрте облыстық кеңестің депутаты болып сайланды. Ардақты азаматтың рухын аялап өткен Күлбарам Сәдуақасқызы – белгілі ғалым, педагогика ғылымдарының кандидаты, Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің профессоры еді. Міне, Әли Мүсілімұлындай үлкен жүректі інісі бар Әлиасқар Нұрпейісов ағайынның амандығын, елдің бірлігін тілейтұғын қазыналы қария еді. Осыдан отыз жыл бұрын Қайыр Қорасани жазған әлгі мақаладан үзінді келтірер болсақ, кейіпкеріміздің кеңпейілін анық аңғарамыз.
«...Әңгіме үстінде қарт агроном өмір жолын көз алдына тағы бір елестетті. Бір адаммен жүз шайыспапты, сырттан ғайбат айтып көрмепті. Дау-дамайды сабырға жеңдірсе керек. Алдындағы Әжітай, Әбілхан, Әбілқасым сынды ағаларын пір тұтып, соларға жүгінеді. Өкшесін қуған інілері Әбдірәсіл Ахметов, Оспан Жақыповты, содан соң ағайындас інілері Ернияз, Әлилердің амандығын тілейді. Көпке ақылшы Күлбарам келінінің берекелі дастарханына, абысын-ажынды құрмет тұтар қасиетіне ризалық жаудырады. Осы бір үлкен ақсақалға тән ақтарылған сыр мені де толқытқандай болды. Бұл күндері Әлекең Асқар ауылында тұрып жатыр. Ол Абай томдарын, Ғабит, Сәбит, Ілияс Есенберлин, Әбіш, Дүкенбай шығармаларынан үзіндіні жатқа соғады» деп жазыпты мақала авторы Қайыр Қорасани. Бұдан біз Әлиасқар Мүсілімұлының тек еңбек адамы ғана емес, шығармашылыққа жақын тұлға болғанын аңғарамыз.
– Мен 1972 жылы ауылшаруашылық институтын бітіргеннен кейін ауылға бөлімше агрономы болып келдім. Совхоз директоры Отызбай Исабаев, бас агроном Әлиасқар Нұрпейісов екен. Ол кезде шаруашылықтың әлеуметтік-экономикалық ахуалы сын көтермейтін жағдайда еді. Тегістелген жер жоқ, жабайы жерге егілген күрішті жинау қиынның қиыны. Жыл сайын бір-екі танаптан тегістелген жердің көлемін ұлғайтып, сегіз танапты ауыспалы егісті қалыптастырдық. Бас агроном Әлиасқар ағай әр жұмысты тиянақтылықпен атқаратын. Кейін ол кісі бас экономист қызметіне ауысып, бұл қызметті де адал атқарды. 1985 жылдан бастап ауданда алғаш рет еңбекақыны чектік жүйемен есептесу жобасы енгізілді. Екі жылдан кейін еңбекақы төлеудің мердігерлік әдісі енгізілді. Осы әдісті облыс көлемінде қолдану үшін біздің шаруашылықта үлкен семинар-кеңес өткізілді. Бастаманың басы-қасында Әлиасқар Нұрпейісов жүрді. Еңбегі лайықты бағаланып, марапаттарға ие болды. Ағай қайтыс болғаннан кейін асқан ұқыптылықпен жинап кеткен бірсыпыра құжаттарын аудандық мұражайға тапсырдым. Өмірде де, еңбек жолында да үлгілі болған ардақты азаматтың жарқын бейнесі ұмытылмайды, – дейді еңбек ардагері Манат Есенбаева.
Пайымды пікірлерді естіп, еңбек ардагерлерінің ой-тұжырымдарынан өмір жолын агроном мамандығына арнаған Әлиасқар Мүсілімұлының аудан төңірегіне ғана емес, облыс көлеміне танылған білікті маман болғанын байқаймыз. Өз ісінің нағыз шебері ретінде ауылшаруашылығы саласының дамуына елеулі үлес қосып, талай жас маманға бағыт-бағдар берген екен. Қай қызметте жүрсе де ел мүддесін жоғары қойып, еңбекқорлығы мен ұйымдастырушылық қабілетінің арқасында халықтың құрметіне бөленген азаматты әріптестері талапшыл, әділ басшы ретінде бағаласа, ауылдастары мен замандастары абыройлы азамат ретінде құрметтеген. Ал, «Республикаға еңбегі сіңген агроном» атағымен марапатталуы – оның ауыл шаруашылығы саласына саналы ғұмырын арнап, елдің аграрлық әлеуетін арттыруға өлшеусіз үлес қосқан қажырлы еңбегінің, кәсіби біліктілігі мен жоғары жауапкершілігінің, мол тәжірибесі мен тынымсыз ізденісінің заңды әрі лайықты жемісі деп білеміз. Бұл биік марапат – ерен еңбегіне, ел игілігі жолындағы табанды қызметіне берілген зор баға. Сондықтан Әлиасқар Мүсілімұлының ғұмыры – адал еңбек пен парасаттың, елге қызмет етудің жарқын үлгісі десек жарасады. Ол артында өнегелі ұрпақ, жақсы есім, жарқын із қалдырды деп айтуымызға да толық негіз бар. Егер ортамызда болғанда биыл ғасыр жасап, 100 жасқа толар еді. Алайда, оның есімі мен еңбегі, адамгершілік қасиеттері туған жерінің тарихында, ұрпақтарының жүрегінде мәңгі сақталады.
– Әкеміз өте еңбеккеш адам еді. Бізге барлық бақыт, барлық игілік тек адал еңбекпен келетінін әркез айтып отыратын. Біз отбасында үш қыз өстік. Бәрімізге жақсы тәрбие мен білім беріп, құтты орындарымызға қондырды. Бүгінде ата-анамыздың ұрпақтары ел дамуының түрлі саласында еңбек етуде. Біз әркез осындай ата-ананың перзенті болғанымызды мақтаныш етеміз, қандай да бір белесті бағындырсақ, сол кісілердің маңдай терімен, батасымен байланыстырамыз. Бұл – ата мен ананың адал еңбегінің, тәрбиесінің жемісі. Жалпы, әкеміз отбасында балаларына асқар тау әке болса, бауырларына әрдайым сүйеніш болған қамқор жан еді. Ағайын-туысқа жанашырлығы, кеңпейілдігі мен адамгершілігі оны ел арасында ерекше құрметке бөледі. Оның ақыл-кеңесі мен өнегелі өмір жолы талай жанға үлгі болды, – дейді Гүлсім Әлиасқарқызы.
Халқымызда «Адам ұрпағымен мың жасайды» деген тағылымы мол даналық сөз бар. Бұл даналық сөз ғибратты ғұмыр иесі Әлиасқар Нұрпейісовке қарата айтылғандай. Себебі, туғанына 100 жыл толған тұлғаны ұрпақтары, жұртшылық арада қанша жыл өтсе де еске алып, ұлықтап жатыр. Қорыта айтқанда, тағдыр жолы тағылымға толы тұлғаның есімі де, еңбегі де аудан тарихында алтын әріппен жазылып, ұрпақтар санасында жаңғырып тұр. Қайраткер-тұлғаның ел игілігі жолындағы қажырлы қызметі мен кейінгі ұрпаққа қалдырған тағылымды өнегесі халық жадында мәңгі сақталып, есімі жылдар жылжып, уақыт озған сайын асқақтай түсері сөзсіз.
Ақтөре ИБРАГИМҰЛЫ,
«Әділет» партиясы Сырдария аудандық филиалының төрағасы,
Қазақстан Жазушылар және
Журналистер одағының мүшесі









