Елімізде ауқымды жоба басталды
Алдағы бес жылда ел халқын кітап оқу мәдениетіне тарту ұлттық жоба аясында жүзеге аспақ. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Кітап оқу мәдениетін дамыту және зерделі ұлт қалыптастыру жөніндегі шаралар туралы» Жарлыққа қол қойды. Аталған құжат – күллі оқырман үшін үлкен жетістік. Яғни жаңа бастамалар мен жобаға жол ашылды. Осы ретте, «Кітап оқитын ұлт» жобасын іске асыру мақсатында аймағымызда да нақты жұмыс атқарылуда.Ұлттық жобаны бір реттік іс-шара емес, үлкен қозғалыс деп қарастырсақ, оның негізінде кітап оқу – өз алдына мақсат емес, тұлға мен қоғамды қалыптастырудың маңызды жолы деген идея жатыр. «Кітап оқитын ұлт» жобасы оқуға, үйренуге, ойлануға және алған білімді өмірде қолдануға деген тұрақты дағдыны қалыптастыруға бағытталған ұзақ мерзімді қозғалыс деп бағалануда. Жоба құрастырушыларының айтуынша, кітап оқудың адамды, отбасыны және қоғамды қалай өзгертетіні туралы жеті идея бар.
Біріншісі, «Білім – жоғалмайтын қазына» идеясы. Адамның материалдық ресурсы өзгеруі мүмкін болса, білім адамның жадында мәңгі қалады. Білімді болу арқылы адам ең алдымен дамиды. Ал білім кез келген жағдайда шешім қабылдауға, тұрақтылықтың болуына көмектеседі. Сондықтан білім адамның бойында мәңгі қалатын қазына.
Екіншіден, «Адам үйренген сайын өседі» деген ұстаным. Кез келген жастағы адам дамуға құқылы. Даму жас талғамайды. Тың, жаңа нәрсені үйрену, оған деген қызығушылықты сақтау, білім алуды жас ерекшелегіне қарамастан жалғастыру – өсуге, жаңа мүмкіндіктерге жол ашады.
Үшіншіден, «Сыни ойлауды дамыту» идеясы бар. Сыни тұрғыда ойлауға адам кітап оқу арқылы қалыптасады. Оқыған ақпаратты талдап, сұрақ қойып, сан түрлі көзқарасты салыстырып, өзінше қорытындыға келуге үйретеді. Дұрыс шешім қабылдау сыни ойлау қабілеті қалыптасқан адамды жақсы бағытқа жетелейді.
Төртіншіден, «Қиялды дамыту». Бұл идея негізінде адамның кітап оқу арқылы қиялдап, ойлау қабілетін кеңейтуге, өзгеше шешім тауып, жаңа мүмкіндіктерді қарастыруға көмектеседі. Адамның ойлау шекарасын кеңейтіп, идеяны өзгеріске ұшыратып, шығармашылықты дамытуға ықпал етеді.
Бесіншіден, «Бір-бірімізбен сөйлесе білу» идеясы. Қазіргі қоғамдағы өзгерістер адамның бір-бірімен қарым-қатынас орнатуға мүмкіндік бермей отыр. Кітап оқу осы қағиданы бұзып, бір-бірімізбен диалог құруға таптырмас құрал. Оқыған кітапты талқылау, өз идеясын білдіру, өзгені тыңдау, түсіну, жалпы қоғаммен, отбасыңмен байланыс орнатуға үйрену іске асады.
Алтыншыдан, «Балалардың болашағына жауапкершілік». Жоба негізінен әрбір отбасында басталады десек, кітап оқу мәдениеті де отбасынан бастау алмақ. Оқу әдебі отбасылық дәстүрге айналып, ұрпақтар сабақтастығы ретінде жалғасып, өзара байланысты нығайтады.
Жетіншіден, «Кітап оқу жасампаздыққа бастар жол». Соңғы идеяның мақсаты да оқу мен білімге негізделген. Адами құндылық оның қанша білетінімен емес, алған білімі арқылы қандай жақсы дүниені жасай алатынымен өлшенеді. Кітап оқу арқылы алған білім жаңа идеяға, пайдалы іске, дұрыс шешімге айналып, бастысы қоғамға, отбасына, адамға пайда әкеледі деп күтіледі.
Бастысы, бұл жоба ұзақ мерзімге созылатынын ескеру керек. Яғни алдағы бес жылда – Қазақстан халқының 50 пайызы кітап оқу мәдениетіне қалыптасады.
Ұлттық жобаға арналған Өңірлік коммуникациялық қызметінің баспасөз алаңында өткен баспасөз мәслихатында «Кітап оқитын ұлт» жобасының өңірлік жобалық кеңсесінің басшысы Ақтөре Ибрагимұлы:
–Жалпы бұл жоба ел тұрғындары арасында тұрақты кітап оқу мәдениетін қалыптастыруға, сыни және аналитикалық ойлауды дамытуға, сондай-ақ кітапты білімнің маңызды көзі ретінде дәріптеуге бағытталған ауқымды зияткерлік-ағартушылық бастама. «Кітап оқитын ұлт» жобасы негізінде қарапайым идеядан басталып, кеңінен қолдау тапқан республикалық марафон. Бұл бір реттік іс-шара емес, үлкен қозғалыс. Бұл бастаманың түпнегізінде қарапайым идея жатыр: оқу – өз алдына мақсат емес, тұлға мен қоғамды қалыптастырудың маңызды жолы. Сондықтан біз «Кітап оқитын ұлт» – оқуға, үйренуге, ойлануға және алған білімді өмірде қолдануға деген тұрақты дағдыны қалыптастыруға бағытталған ұзақ мерзімді қозғалыс деп есептейміз.
Жобаның алдағы бес жылға арналған өршіл мақсаты – Қазақстан халқының 50 пайызын кітап оқу мәдениетіне тарту. Бұл – отбасы, балалар мен жастарды, кітапханаларды, білім беру және мәдениет ұйымдарын, сондай-ақ бүкіл қоғамды кітап оқу арқылы даму идеясының төңірегіне біріктіретін қозғалыс. Бұл бірегей жоба оқу мәдениетін ілгерілетудің түрлі форматтарын сынақтан өткізуге, балалар мен ересектерді тартуға және бастама ауқымын бүкіл ел көлемінде жүзеге асыруға мүмкіндік берді, – деді.
Ұлттық жоба жоғарыда айтқанымыздай жеті идеяны мақсат етсе, сонымен қатар жеті бағыт бойынша ұйымдастырылатынын ескеру керек. Ол – мектеп, колледж, университет, педагогтер, отбасылар, зияткерлер және мемлекеттік қызметшілер арасында. Қатысуға ниетті әр азамат өз бағытын табады. Кітап оқу марафонының ұзақтығы – 6 ай. 2026 жылғы қыркүйек пен 2027 жылғы наурыз айларын қамтиды. Оқырманға 15 кітап беріледі. Бәрі біткен соң финалдық бәсеке және республикалық деңгейде марапаттау өтеді. Жеңімпаздар республикалық рәсімде бағалы сыйлықтармен, дипломдармен марапатталатын болады.
Жобаға қатысушыларға арналған алгоритмге тоқталсақ, 15 кітап оқып, тест тапсырасыз, зияткерлік сайысқа қатысып, финалға жолдама аласыз. Ол үшін https://reading-nation.kz/ сайтына кіріп, тіркелу керек. Сосын «Қалай жеңімпаз атануға болады?» деген тақырыпша шығады. Сол жерде бәрі жан-жақты жазылған. Әр бағыт бойынша оқылатын кітаптар да сайтта тұр. Оқырман қауым әр бағыт бойынша ұсынылған кітаптардың тізімін назарына алып, марафон қатысушысы бола алады.
Бибісара ЖАНӘЛІ










