Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі

№ 70 газет

15 қыркүйек 2026 ж.

№69 газет

12 қыркүйек 2026 ж.

№68 газет

08 қыркүйек 2026 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қыркүйек 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123456
78910111213
14151617181920
21222324252627
282930 
» » Күбі пісіп, май шайқаған...

Күбі пісіп, май шайқаған...

Сырдария аудандық қоғамдық даму бөлімінің қолдауымен, «Сырдария ауданының әйелдері» қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен өткен аптада ұлттық дәстүрді дәріптейтін сайыс өтті.

Сайыс «Руханият орталығында» өтіп, «Күбі піскен – айран, майы шыққан – ырыс» тақырыбын арқау етті. Ауданның он елді мекенінен келген әйел-аналар айран пісетін күбі әкеліп, сол жерді думанға айналдырды. Күбі пісіп, май алудан алдына жан салмаған ақ жаулықты аналар өз шеберліктерін көрсетіп, сыннан сүрінбей өтті.

– Бүгін салт-дәстүрді насихаттауға ар­налған ерекше сайыс өткіздік. Әйел-аналардың басын қосып, қазақтың ұлттық дәстүріне ден қойдық. Мұндағы негізгі мақсатымыз – қазақтың ұлттық тағамы мен тұрмыс-салтын насихаттау, әжелер мен келіндердің шеберлігін көрсету, ұлттық дәстүрге қызығушылықты арттыру болды. Үміткерлеріміздің белсенділігі керемет болды. Өздері қолдарынан дайындап әкелген қатықты күбіге құйып, оның бабын келтіріп, біркелкі, әдемі ырғақпен күбі пісіп, аз уақытта май алды. Келіндердің барлығы шебер. Олар ұлттық тағамның барлық түрін дайындауға машықтанғандары көрініп тұр. Айранның дәмділігінде сөз жоқ, майдың басын біріктіруге барын салды. Осындай сайыс өткізу арқылы әйел-аналардың тұрмыстағы салт-дәстүрге деген беріктігін насихаттаймыз. Алдағы уақытта ұлттық құндылықтарға байланысты түрлі байқау ұйымдастыратын боламыз, – деді «Сырдария ауданының әйелдері» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Әлимаш Мырзахметова.

Өз ісінің шеберлеріне қазылық еткен, күбі пісудің, май алудың әдісіне баға берген аудандық «Әжелер мектебінің» төрайымы Ұлмекен Жанәлиева мен еңбек ардагері Әлия Төлеуова, аудандық қоғамдық даму бөлімінің әдіскері Ажар Оразымбетова үміткерлердің белсенділігіне риза болды. Әрқайсысының еңбегін лайықты бағалап, жас келіндерге үлгі ретінде мұндай сайысты насихаттау керектігін айтты.

Ауданның ауылдық округтерінен келіп қатысқан сайыс қорытындысында бірінші орынды Жетікөл ауылының қатысушысы Жұлдыз Пржанова алды. Екінші және үшінші орынға Нағи Ілиясов ауылынан келген Аймереке Мәмбекова мен Ақжарма ауылының намысын қорғаған Динара Ерімбетова лайық деп танылды. Одан басқа бар­лық қатысушылар Алғыс хат пен бағалы сыйлыққа ие болды.

Ұлттық салт-дәстүрді насихаттауға ар­налған сайыс күбі пісіп, май алудан өткені шын мәнінде ерекше, бұрын болмаған сайыс болды. Бір мезгіл «Руханият орталығының» алдын әсемдікке, әдемі әуен мен ырғаққа бөлеген сәт көп уақытқа дейін көпшіліктің көз алдында қалды. Қатысушылардың жаңа піскен дәмді айраны мен майынан ауыз тиіп, қыз-келіншектер бір сәт керемет көңіл-күйге бөленді.

Б.ТАҢАТАРҚЫЗЫ
15 қыркүйек 2026 ж. 55 0