Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі

№ 70 газет

15 қыркүйек 2026 ж.

№69 газет

12 қыркүйек 2026 ж.

№68 газет

08 қыркүйек 2026 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қыркүйек 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123456
78910111213
14151617181920
21222324252627
282930 
» » Донорлық – адам өмірін сақтап қалатын ізгі қадам

Донорлық – адам өмірін сақтап қалатын ізгі қадам

Елімізде ағза донорлығы мәселесі соңғы жылдары қоғам назарындағы маңызды тақырыптың біріне айналған. Заманауи медицина трансплантация арқылы ауыр дертке шалдыққан көптеген адамның өмірін сақтап қалуға мүмкіндік бергенімен, ағзаға мұқтаж азаматтардың саны әлі де азаймай келеді. Осы ретте донорлық мәдениетті қалыптастыру, халыққа оның тәртібі мен құқықтық негіздерін түсіндірудің маңызы зор.

Соңғы аптада әлеуметтік желі қол­данушыларының назарын аудартқан мәселе – ҚР Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова ағза донорлығына келісім беретінін мәлімдегені еді. Еліміздің бас дәрігері медицинаның ауқымды саласына қатысты маңызды мәлімет келтірді.

«Бүгін көптен бері қабылдаған – қайтыс болғаннан кейінгі донорлыққа келісім беру жөніндегі өз еркімді білдіруімді тіркеу туралы шешімімді көпшіліктің алдында жариялағым келеді. Бұл туралы ашық айтуды маңызды деп санаймын. Денсаулық сақтау министрі болғаным үшін емес, әрқайсымыздың бір күні өзіміз немесе жақын адамымыз үшін осындай шешім қабылдау қажеттілігіне тап болуымыз мүмкін болғандықтан. Қайтыс болғаннан кейінгі донорлық – өмір сүруге мүмкіндігі бар адамдарға өмірден өткеннен кейін де көмектесудің бір жолы. Бүгінде Қазақстанда шамамен 184 мың адам өз еркін білдіруін eGov арқылы тіркеп қойған. Келісім білдірушілер саны артып келеді.

Алайда күту парағындағы әрбір санның артында өмірін сақтап қалуға деген үміт бар. Бүгінде 4 867 отандасымыз трансплантаттауды күтуде:

4 311 адамға – бүйректі трансплантаттау қажет, 212 адам – жүрек трансплантаттауын күтуде, 314 адам – бауыр трансплантаттауын күтуде, 30 адам – өкпе трансплантаттауын күтуде. Біз қайтыс болғаннан кейінгі донорлықты дамыту – денсаулық сақтау жүйесінің ғана міндеті емес екенін үнемі айтып келеміз. Бұл – қоғамның сенімі, ашық қоғамдық диалог және әр адамның саналы түрде қабылдаған шешімі» делінген министрдің жазбасында.

Қазіргі таңда 172 мыңнан астам қазақстандық донорлыққа қатысты өз шешімін электронды үкімет порталы арқылы тіркеген. Оның ішінде, 16 мыңға жуық азамат қайтыс болғаннан кейін ағзасын донор ретінде беруге келісім білдірсе, 156 мыңнан астам адам бас тартқан. Бұл көрсеткіш 2023 жылмен салыстырғанда шамамен 5 мың адамға көп. Дегенмен электронды түрде донор болуға келісім берген азаматтың барлығы бірдей нақты донор болады деген сөз емес. Дәрігерлердің айтуынша, әрбір жағдай жеке қаралып, медициналық талап пен мүмкіндік ескеріледі. Яғни донорлыққа келісім – ағзаны міндетті түрде алу туралы шешім болып табылмайды. Азаматтың алдын ала білдірген ерікті таңдауы.

Бүгінде елімізде 11 трансплантация орта­лығы мен 5 арнайы зертхана жұмыс істейді. Трансплантация қызметін ұйымдастыруда үш деңгейлі үйлестіру жүйесі енгізілген. Мұндай жүйе донорлық ағзаны анықтау, медициналық бағалау және оларды трансплантацияға мұқтаж науқастарға жеткізу үдерісін тиімді ұйымдастыруға мүмкіндік береді. Соңғы жылдары трансплантация қызметінің қолжетімділігі артып келе жатқанымен, донор тапшылығы мәселесі әлі де өзекті. Оның негізгі себебі – қоғамда ағза донорлығы мәдениетінің толық қалыптаспауы.

Ең маңыздысы, елімізде трансплантацияның басым бөлігі әлі де туыстық донорлық арқылы жүзеге асады. Яғни донордың шамамен 80 пайызы – туыстар, ал мәйіттік донорлардың үлесі 15-20 пайыз шамасында. Ал әлемдік тәжірибеде бұл көрсеткіш керісінше: трансплантациялардың 80-90 пайызы мәйіттік донорлар есебінен, 15-20 пайызы туыстық донорлар арқылы жасалады. Сондықтан мамандардың негізгі мақсаты мәйіттік донорлық үлесін арттыру. Бұл үшін ең алдымен халық арасында түсіндіру жұмысын күшейтіп, донорлықтың адам өмірін сақтап қалудағы маңызын кеңінен түсіндіру қажет.

Ағза донорлығы – өте жауапты шешім. Қазақстан заңнамасында тірі донорға қойы­латын нақты бірнеше талап белгіленген. Біріншіден, донор 18 жасқа толған және әре­кетке қабілетті азамат болуы тиіс. Екіншіден, ағза немесе оның бір бөлігін беруге азаматтың жазбаша келісімі қажет. Үшіншіден, арнайы медициналық тексеру жүргізіліп, ағзаны алу донордың денсаулығына орны толмас зиян келтірмейтіні анықталуы керек. Донорлық мәселесі арнайы Этикалық комиссияның қарауынан өтеді. Талаптардың барлығы адам­ның денсаулығын, еркін таңдау құқығын және қауіпсіздігін қорғауға бағытталған.

Азамат өзінің тірі кезінде қайтыс болғаннан кейін донор болуға келісетінін немесе бас тартатынын электронды үкімет порталы арқылы тіркей алады. Бұл – адамның өз еркін алдын ала білдіруінің бір жолы.

Алайда нақты жағдай туындаған кезде медициналық және заң талаптары толық сақталуы тиіс. Мидың қызметі толық тоқтағаны медициналық тұрғыда расталған жағдайда донорлыққа қатысты тиісті рәсім жүргізіледі. Бұл ретте жақын туыстарының пікірі де ескеріледі. Туыстары қарсы болған жағдайда ағзаны алуға жол берілмейді. Сондықтан донорлық туралы шешім қабылдау – әр азаматтың жеке таңдауы. Ең бастысы – бұл таңдау мәжбүрлеусіз, ақпаратқа сүйене отырып жасалуы қажет.

Қоғамда донорлыққа байланысты жиі кездесетін сұрақтардың бірі – ағзаны ақшаға сатуға бола ма деген мәселе. Қазақстанда ағза мен тіндерді сатып алуға немесе сатуға заң бойынша тыйым салынған. Донорлық тек өтеусіз, қайырымдылық негізінде жүзеге асырылады. Бұл талап халықаралық меди­циналық-этикалық қағидаттарға да сәйкес келеді. Қолданыстағы заңнамада адам ағзасын мәжбүрлеп алуға, адамды өз ағзасын беруге мәжбүрлеуге, ағза мен тіндерді сатып алуға-сатуға, сондай-ақ заңда белгіленген талапты бұза отырып трансплантация жасауға тыйым салынған.

Қайтыс болған донордың ағзаларын шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдарға трансплантациялау үшін алуға да жол берілмейді. Заң талаптарын бұзған жағдайда қыл­мыстық жауапкершілік қарастырылған. Адамның ағзалары мен тіндерін заңсыз алу немесе осындай заңсыз мәміле жасау қылмыстық құқық бұзушылық ретінде бағаланады. Яғни «адам өз еркімен ағзасын сатса, бұл қылмыс емес» деген түсінік дұрыс емес. Ағзаны сатып алу-сату заңмен тыйым салынған әрекет қатарына жатады.

Донорлық тақырыбында қоғамда түрлі пікір болуы заңды. Себебі адамның ағзасына қатысты шешім өте сезімтал әрі маңызды. Сондықтан халыққа нақты әрі түсінікті ақпарат беру – медицина маманы мен мемлекеттік органның маңызды міндеті. Донорлық мәдениетті қалыптастыру үшін адамға ең алдымен оның мақсатын дұрыс түсіндіру қажет. Донорлықтың негізгі мәні – бір адамның өмірін екінші адамның өмірін сақтап қалуға мүмкіндік беретін ізгілік қағидатымен ұштастыру. Бұл ретте қоғамда сенім мәселесі де маңызды. Кез келген азамат донорлық жүйенің заң талаптарына сәйкес жұмыс істейтініне, медициналық шешімдердің кәсіби түрде қабылданатынына және ағзаларды сатып алып, сатуға жол берілмейтініне сенімді болуы керек.


Балтабай ОРДАБЕКОВ
15 қыркүйек 2026 ж. 43 0