Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі

№ 70 газет

15 қыркүйек 2026 ж.

№69 газет

12 қыркүйек 2026 ж.

№68 газет

08 қыркүйек 2026 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қыркүйек 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123456
78910111213
14151617181920
21222324252627
282930 
» » Кәсіби маман – өз ісінің шебері

Кәсіби маман – өз ісінің шебері

Адам денсаулығын қорғау – аса жауапты әрі маңызды міндет. Бұл бағытта санитариялық-эпидемиологиялық бақылау саласының мамандары халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығын қамтамасыз етіп, инфекциялық және паразиттік аурулардың алдын алуға, қоршаған орта қауіпсіздігін сақтауға айрықша үлес қосып келеді. Салада абыройлы еңбек етіп, кәсіби білімі мен тәжірибесін аудан тұрғындарының денсаулығын қорғау ісіне арнап жүрген маманның бірі – Жанар Бисенбай.

Санитариялық-эпидемиологиялық қызмет саласында 24 жылға жуық еңбек етіп келе жатқан тәжірибелі маман О.Мәлібаев ауылында дүниеге келген. Алғашқы білімді Қызылдихан орта мектебінен алған ол кейін Қызылорда медициналық колледжінің «Емдеу ісі» мамандығы бойынша фельдшер біліктілігін меңгерді. Білімін әрі қарай жетілдіруді мақсат еткен Жанар Пермебайқызы «Болашақ» университетінде «Педагогика және психология» мамандығы бойынша жоғары білім алды.

Еңбек жолын эпидемиолог кө­мекшісі қызметінен бастаған кейіп­керіміз бүгінде өз саласының тәжірибелі әрі білікті маманы ретінде жетекші қызмет атқарып келеді. Жауапкершілікті бірінші орынға қоятын Жанар Пермебайқызы жұмысына тиянақтылығымен, ұқыптылығымен және кәсіби білімімен әріптестерінің ара­сында да сыйлы.

Қазіргі таңда маман қоғамдық тамақтану, тағам өнеркәсібі және сауда нысандарына санитариялық-гигиеналық бақылау жүргізеді. Оның күнделікті қызметі нысандардың санитариялық жағдайын бағалаудан бастап, тағам өнімдерінің сақталуы мен өткізілуіне қойылатын талап­тың орындалуын, өндірістік процес­тердің ұйымдастырылуын және қыз­меткерлердің жеке бас гигиенасын бақылауды қамтиды.

– Менің жұмысымдағы негізгі бағыт – қоғамдық тамақтану, тағам өнеркәсібі және сауда нысанындағы санитариялық талаптың сақталуын бақылау. Қоғамдық тамақтану орнында дайын тағамның қауіпсіздігіне, пайдаланылатын шикізаттың сапасына, өнімнің сақталу жағдайына, ас үй бөлмелерінің тазалығына және санитариялық режимнің сақталуына ерекше көңіл бөлінеді. Қажет болған жағдайда тағам өнімдерінен, ауыз судан және сүртінділерден сынамалар алынып, зертханалық зерттеулер жүргізіледі. Сауда нысандарында өнімдердің жарамдылық мерзімі, таңбалануы, сақтау температурасы мен санитариялық талаптарға сәйкестігі назарда болады. Жұмыс барысында түрлі жағдайлар кездеседі. Кейде нысандардан күтпеген бұзушылықтар анықталады. Мұндай жағдайда заң талабын дұрыс қолданып, мәселені дер кезінде шешу және ең бастысы, оның қайталануына жол бермеу маңызды, – дейді өз ісіне жауапкершілікпен қарайтын Жанар Бисенбай.

Сала маманының айтуынша, санитариялық-эпидемиологиялық бақылау жұмысының негізгі мақсаты – тек заң бұзушылықтарды анықтау емес, ең алдымен олардың алдын алу. Осы ретте, кәсіпкерлерге санитариялық талаптарды түсіндіру, халыққа сапалы әрі қауіпсіз тағам өнім­дерінің ұсынылуын қамтамасыз ету – маманның басты міндетіне кіреді.

Кәсіби қызметтегі нәтижелі еңбе­гі ескерусіз қалған жоқ. Жанар Пермебайқызы Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің «Құрмет грамотасымен», сондай-ақ әр жылдары Сырдария ауданы әкімінің Алғыс хатымен марапатталған. Тәжірибелі ма­манның кәсіби біліктілігімен қатар, адамгершілік қасиеті де әріптестері тарапынан жоғары бағаланады.

– Жанар Бисенбай – өз ісінің нағыз маманы. Жұмысына жауапкершілікпен қарап, кез келген мәселеге байыппен әрі тиянақты қарайды. Ұжымдағы жас мамандарға бағыт-бағдар беріп, өзінің мол тәжірибесімен бөлісіп отырады. Әріптестеріне әрдайым қолдау көрсетіп, ортақ іске белсенді атсалысады. Оның бойынан кәсіби біліктілікпен бірге қарапайымдылық пен адамгершілікті де байқауға болады, – дейді санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасына қарасты эпи­де­мио­логиялық бақылау және қадағалау, қызметті жоспарлау және талдау бөлімінің бас маманы Гүлсім Тұрмағанбетова.

Шын мәнінде, Жанар Перме­байқызының әр сөзінен өз қыз­метіне деген адалдығы мен аудан тұрғындарының денсаулығына деген жауапкершілігін аңғаруға болады.

– Мен үшін бұл жұмыстың басты мақсаты – халықтың денсаулығын қорғауға өз үлесімді қосу. Бұзу­шылықты анықтаумен ғана шектелмей, оның алдын алу, тұрғындар мен кәсіпкерлерге санитариялық талаптарды түсіндіру маңызды. Әрбір атқарылған жұмыстың артында адам денсаулығы тұрғанын жақсы түсінемін. Сондықтан өз міндетіме әрдайым үлкен жауапкершілікпен қараймын, – дейді Жанар Пермебайқызы.

Біздің кейіпкеріміз – жұмысында талапшыл әрі тиянақты маман, ал отбасында аяулы жар, ардақты ана. Жолдасы Кенже Қыдырбаевпен бірге үш ұл тәрбиелеп отырған Жанар Пермебайқызы қызмет пен отбасы жауапкершілігін қатар алып келеді. Адам денсаулығы мен қоғам қауіпсіздігі жолында ұзақ жылдар бойы адал еңбек етіп келе жатқан Жанар Бисенбайдың кәсіби жолы – өз ісіне берілгендік пен жауапкершіліктің жарқын үлгісі. Өз саласының қыр-сырын жетік меңгерген білікті маманның еңбегі ел игілігіне қызмет етумен құнды.

Жақсы маман – өз ісінің шебері. Ал өз ісінің шебері болған жанның еңбегі қашанда ел алғысына бөленері сөзсіз.

Таңшолпан ШАНЖАРХАНОВА
15 қыркүйек 2026 ж. 51 0