Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі

№ 70 газет

15 қыркүйек 2026 ж.

№69 газет

12 қыркүйек 2026 ж.

№68 газет

08 қыркүйек 2026 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қыркүйек 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123456
78910111213
14151617181920
21222324252627
282930 
» » Сексеуіл ағашын кесу– заңсыз

Сексеуіл ағашын кесу– заңсыз

Сырдария аудандық прокуратурасының ұйымдастыруымен ауданға қарасты бірқатар елді мекенде сексеуілді заңсыз кесудің алдын алу және табиғи ресурсты қорғау бағытында түсіндіру жұмысы жүргізілуде. Осы мақсатта аудан прокурорының орынбасары Алмас Махмұт елді мекендерді аралап, жергілікті тұрғындармен кездесу өткізуде. Кездесу барысында сексеуіл ормандарын сақтау, табиғи ресурстарды ұқыпты пайдалану және қоршаған ортаға келетін зиянның алдын алу мәселелері кеңінен түсіндірілуде.

Құқықтық тұрғыдан маңыздылығы жоғары жиында тұрғындарға сексеуіл ағашын заңсыз кесуге, зақымдауға және табиғи ортаға өзге де зиян келтіруге жол берілмейтіні айтылды. Табиғи ресурсты заңсыз пайдаланған жағдайда Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес жауаптылық көзделгені кеңінен насихатталды.

Осы ретте, аудан прокуроры Абай Әлімбаев аудан халқына қандай жағдай болсын заңсыз іс-әрекетке бармау керектігін ескертті.

– Бүгінгі таңда ауданымыздағы өзекті мәсе­лелердің бірі – сексеуілді заңсыз кесу және табиғи ресурстарға ұқыпсыз қарау.Бұл мәселені ерекше атап өтуге негіз бар. Себебі қазіргі уақытта сексеуілді заңсыз кесуге, тасымалдауға және өткізуге байланысты ауданымыздың 25 тұрғыны ҚК-тің 339-бабы бойынша қылмыстық жауаптылыққа тартылуда. Бұл барша аудан тұрғындарына үлкен ескерту болуы тиіс. Кейбір азаматтар сексеуілді «отын үшін», «өз қажеттілігіме ғана», «бірнеше түп қана» деген түсінікпен кеседі. Алайда мұндай әрекет заң талаптарын бұзған жағдайда құқықтық жауаптылыққа әкелуі мүмкін. Сондықтан тұрғындарға айтарым, сексеуілді заңсыз кеспеңіздер! Заңсыз кесілген сексеуілді сатып алмаңыздар! Оны рұқсатсыз тасымалдамаңыздар! Бір сәттік тұрмыстық қажеттілік үшін қылмыстық жауаптылыққа тар­тылып, сотты болудың қажеті жоқ. Про­куратураның мақсаты – азаматтарды жазалау емес, ең алдымен қылмыстың алдын алу және заң бұзушылыққа жол бермеу. Осыған байланысты құқық қорғау және уәкілетті мемлекеттік органдармен бірлесіп, сексеуіл өсетін аумақтарда профилактикалық жұмыстар мен түсіндіру іс-шаралары күшейтілетін болады. Сонымен қатар аудан тұрғындарын заңсыз сексеуіл кесу фактілеріне немқұрайлы қарамауға шақырамын. Егер осындай жағдайға куә болсаңыздар, құқық қорғау органдарына хабарлаңыздар. Әрбір азаматтың табиғатты қорғауға қосқан үлесі еліміз үшін маңызды.Табиғатты қорғау – болашақты қорғау. Заңды сақтау – өзіңді және отбасыңды жауаптылықтан қорғау. Сондықтан барша аудан тұрғындарын сексеуілді және жалпы табиғи байлығымызды қорғауға шақырамын, – деді аудан прокуроры.

Өз кезегінде сексеуіл алқабын сақтаудың экологиялық маңызына ерекше назар аударылды. Сексеуіл – шөлейтті аймақтардағы табиғи тепе-теңдікті сақтауда маңызды рөл атқаратын өсімдік. Сондықтан оны қорғау – қоршаған ортаны сақтаудың негізгі бағыты.
Тұрғындарға табиғатты қорғау заңна­масының талабын сақтау, құқық бұзушылыққа жол бермеу және сексеуілдің заңсыз кесілу фактісі анықталған жағдайда тиісті мемлекеттік органға хабарлау қажеттігі жеткізілді. Сырдария аудандық прокуратурасы табиғи ресурсты қорғау, экологиялық заңнаманың сақталуын қамтамасыз ету және сексеуілдің заңсыз кесілуінің алдын алу бағытындағы жұмысты тұрақты бақылауда ұстайды.


А.МҰХАНБЕТҚАЛИ
Сурет: ашық дереккөзден
15 қыркүйек 2026 ж. 92 0