Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Ұлт келбеті

Ұлт келбеті

Еліміздің бас қаласы Астананың Сарыарқа төріне көшкеніне 26 жыл болды. Аз ғана уақыт аралығында Астананың беделі артып, халқының саны көбейіп, көз алдымызда көркейіп келеді. Бір миллионнан астам халқы бар елорда бүгінде заманауи әрі танымал туристік қаланың бірі болып табылады. Елордамыз Астананың туған күні қарсаңында қаланың ерекшеліктерін назарларыңызға ұсынамыз.

Көпшілікке белгілі Астананың қысы суық, аязды болып келеді және осынысымен ерекше. Ызғарлы аяз шамамен 245 күнге, қыркүйектің аяғында келетін қыс мамырға дейін, созылады. 52°С-қа дейін суып кететін қаңтар айының аязды күндерінің орташа температурасы -25°С құрайды. Мұндай күндердің ұзақтығы жылына 10-14-тен 38-45 күнге дейін ауысып отыратын көрінеді. Қыс айларының шамамен 30 күні боранды болса, аязды мезгіл 120 күнді құрайды екен.

Астананың орталығы парк пен гүлзарға толы. Астанада неше түрлі көз тартар зәулім ғимараттардан бөлек халықтың демалысы мен бос уақытын тиімді өткізуіне, таза ауада серуендеуіне, саламатты өмір салтын ұстануына арналған саябақтар, су бұрқақтары, гүлзарлар мен жайқалған жасыл аллеялар көп. Олардың ең ірісі 80 гектар жерді алып жатқан – «Президент» саябағы.

Париждың Сена өзеніндей, Лон­донды қақ жарған Темзадай, Амс­тер­дамның Амстеліндей еркелеп аққан Есілге 20 жыл бұрын алып самұрық келіп «жұмыртқалаған». Әне содан бері алып Бәйтерек Орта Азияның кіндігінен әлемге нұр шашып тұр. Қала халқына Есіл өзенінің тигізіп отырған пайдасы зор. Бұл өзен ару қаланың ажарын одан са­йын көркейтіп, экологияға оң әсер ететіні былай тұрсын, қала қонақтары мен тұрғындары үшін жыл он екі ай таза ауамен тыныстап қана қоймай, аптап ыстықта өзенге шомылуға зор мүмкіндік туғызып отыр.

Астана қаласының әуежайы 1931 жылы кішігірім ұшақтарға қызмет көрсету үшін ашылған. 90 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан әуежай Еуразиядағы ең заманауи әуе­жайлардың біріне айналды. Онда тәулік бойы алыс және жақын шетел аймақтарына ұшатын 80 шақты ұшаққа қызмет көрсетіледі. Бүгінде Астана әуежайы әуе кемелердің барлық түрлерін шектеусіз қабылдай алатындай үлкен дәрежеге жетіп отыр.

Миллионнан астам тұрғыны бар Астананың мәдени өмірі айтарлықтай өзгеше. Қала халқына қызмет етіп келе жатқан К.Бәйсейітова атындағы ұлттық опера және балет театры, Қ.Қуанышбаев атындағы қазақ музы­калық-драмалық театры, М.Горький атындағы орыс драмалық театры осы салада айтарлықтай еңбек етіп жатыр. Қаланың мәдени-ағарту орындарына, сонымен бірге, Конгресс-холл, Жастар сарайы, Президенттің Мәдениет Орталығы, «Шабыт» шы­ғар­машылық сарайы, Бейбітшілік және келісім сарайын жатқызуға болады. Ал Бәйтерек монументі қаланың басты символы болып саналады.

Астана – жастар қаласы. Елорда тұрғындарының санын еліміз­дің барлық аймақтарынан білімге талпынып, жұмыс іздеп, арман қуып келген жігіттер мен қыздар еселеп арттыруда. Олардың бір-бірімен танысып, жүректері табысып, шаңырақ құрып жатқаны еліміз бен қоғамның іргетасын нығайтып жатқанының белгісі. Астана – болашақтың, кемел келешектің қаласы, өскелең ұрпақтың, мәдениеттің ошағы, ғылым мен білімнің ордасы болып табылатын жас қала.

Алтынай Қайратқызы
06 шілде 2024 ж. 315 0