Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Бас қала туралы сіз білмейтін қызықтар

Бас қала туралы сіз білмейтін қызықтар

Биыл еліміздің бас қаласы – Астананың құрылғанына ширек ғасыр уақыт. Осы уақыт аралығында Елорда еңсе тіктеп, әлем астаналарымен иық тіресетіндей жағ­дайға жетті. Соның нәтижесінде әсем қала атанып, 2012 жылы елордамыз ТМД мен Түркі әлемінің астанасы болып жарияланды. Осындай астанамызбен мақтана оты­­рып, назарларыңызға бас қала туралы қызықты деректерді ұсынамыз.

Астанамыздың алып жатқан аумағы 800 шаршы шақырымды құрайды. Ол Бахрейн, Андорра, Кирибити секілді мемлекеттердің жер көлемінен де үлкен.

2003 жылы «Moody’s Investors Service» әлемдік рейтинг агенттігі Астананы әлемнің ең үздік 30 қаласының тізіміне қосты.

Елорда – әлемдегі Ұлан-Батордан кейінгі екінші суық қала болып саналады. Тіпті, елордамыз Канаданың Оттавасын да суықтығымен басып озыпты. Жыл өткен сайын астана жылынып келеді. Әр он жыл сайын 0,4 градусқа жылыну байқалатын көрінеді. Сол сияқты желдің соғуы да азайған дейді ғалымдар.

Елордадағы ең ескі ғимаратқа 174 жыл болған. Ол – Сәкен Сейфуллин атындағы музей. Оның негізі сонау 1846 жылы қаланған. Жалпы, Астана қаласында жүз жылдық тарихты қамтитын 9 ғимараттар бар.

Астананың рухани тұрғыдан тағы бір мақтан тұтатын орны – қаланың орталығында орналасқан Ұлттық академиялық кітапхана. Ең үлкен кітапханалардың бірі болып саналатын орталықта 2,5 млн-нан астам кітап қоры бар.

Астанадағы «Думан» (қазіргі «Ailand») ойын-сауық орталығындағы мұхитарал – Гиннестің рекордтар кітабына енген. Әлемдегі көк мұхиттан 3000 шақырым қашықтықта салынған кешенге 120 тонна теңіз тұзы қолданылған. Дүние жүзінің түкпір-түкпірінен екі мыңға жуық теңіз жәндіктері әкелінген.

Гиннестің рекордтар кітабына кірген тағы бір нысан – «Ханшатыр» ойын-сауық орталығы. Ол шатыр формасындағы ең үлкен ғимарат ретінде танымал. Оның биіктігі – 150 метр.

Бас қалада ұзыннан-ұзын созылып жатқан ғимарат бар. Oның ұзындығы екі шақырымға дейін жетеді. Ол – Министрліктер үйі.

Астанамызда орналасқан «Астана Арена» стадионы қозғалмалы шатыры бар әлемдегі санаулы ареналардың қатарына жатады. Жылжымалы шатыр бар-жоғы 30 минутта ашылып, жабылады. Сыйымдылығы – 30 мың адам. Онда спорт ойындары мен түрлі концерттер өткізуге болады.

«Әзірет Сұлтан» мешіті – Орта Азиядағы ең үлкен мешіттердің бірі. Оның аумағы 11 гектар, ал ішіне 10 мың адам сыяды.

«ТТ» ақпарат
04 шілде 2023 ж. 256 0