Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » ЕРКЕ ЕСІЛДІҢ БОЙЫНДА БІР ҚАЛА БАР...

ЕРКЕ ЕСІЛДІҢ БОЙЫНДА БІР ҚАЛА БАР...

Ерке Есілдің жағасында орналасқан, жаңа ғасырдың жасампаз символы ерекше елорда, әлемдегі ең жас қалаға айналды. Сәулеті келіскен бас қала – еліміздің жүрегі. Жарқын болашақтың алтын қақпасы саналатын Нұр-Сұлтан қаласының даму көкжиегі кеңейіп, күннен-күнге құлпыруда.
Ел Астанасы егемендік жолында тың бастаманың дүниеге келуіне себепкер атанды. Әлем елдерінің өкілдері Сарыарқа төріне табан тіреген тұста жазиралы кең байтақ жеріміздің кеңдігіне, халықтың жомарттығына тәнті болады. Шаһар көркіне сән берген зәулім ғимараттардың бой көтеруі еліміздің экономикалық әлеуетін айшықтайды.
Соңғы жылдары сан ғасырлық тарихы бар қазақ елінің астанасы мәдени, рухани, идеологиялық, саяси, экономикалық тұрғыдан жаңа заман үдерісіне ілесуге зор ықпал жасауда. Байтақ еліміздің құнды байлығы, басындағы еркіндігі Тәуелсіздік жылдар тоғысында Елордамыз айрықша серпінмен көпшілікке танылды. Әлем картасынан ойып тұрып орын алатын Қазақстан бейбітшілік пен татулықты, өзара ынтымақтастықты қалыптастыра отырып, түрлі ұлттың шоғырын бір арнаға ұйыстыра білген бірегей мемлекеттің қатарына кіреді. Елорда төрінде жасалып жатқан сан бағыттағы реформалы жаңалықтың басым көпшілігі ел игілігі жолында айқын бағдар бола алады. Келешектің кемелденуі жас ұрпақтың табанды еңбегінің арқасында жүзеге асады. Ал, даңғыл дамудың негізін жастар бас қалада жүзеге асыруға ниетті. Білім мен ғылым ордасына айналып, заманауи технологияның озық үлгідегі дербес ошағына айналуы құптарлық жағдай.
Астананың нышаны – дүниежүзі халқы сүйсіне қарайтын жасампаз сәулеті. Дәуір жылнамасының қайталанбас жаңалығы орын алғанда кеудені мақтаныш кернейді. Алдағы күннің еншісі жазылған шежірелі ұлт руханиятының бесігі Сарыарқа табиғатында асқан сұлулық жатыр. Ерке Есілдің сылаң қаққаны, биязы қазақтың бар болмысын бойына жиғаны ғажайып. Осы күні жиырма бір жылдығын тойлайтын Елорда мәртебесі – барша халықтың абыройы. Өткен мен бүгінді бір арнаға тоғыстырған бас қаланың ертеңі жарқын боларына сенім мол.


Балтабай АЯБЕКҰЛЫ

06 шілде 2019 ж. 1 138 0