Еңбегі елдің жадында
Аудандық газеттің тұрақты оқырманы Әсия Масилова әжеміз басылымда жарияланған әр мақалаға пікір білдіріп, бізбен ой бөлісіп отырады. Жақында еңбек ардагері редакцияға арнайы соғып, журналистика саласының майталманы, марқұм Серік Әлімбетов туралы айтып, еңбегі ел жадындағы азамат жөнінде мақала жарияланса деген ұсыныс айтқан болатын. Сол ұсыныс негізінде естеліктерді жинақтап, өмірден өткеніне 40 жылдай уақыт болып қалған жаны жайсаң азамат туралы қалам тербедік.
Бірден айтып өтейін, мен Серік Әлімбетовті өмірде көрген адам емеспін. Ол кісі біз өмірге келмей тұрып, яғни 1986 жылы бақиға бет түзепті. Небәрі 40 жасында өмірден өткен азаматты көзкөрген көпшілік «жаны жайсаң жігіт еді» деп еске алады. Бірақ қандай да бір азамат туралы мақала жазу үшін, оның еңбегі мен елдің, қоғамның дамуына қосқан үлесін таразылау үшін оны көзбен көру шарт емес екені белгілі. «Халық – Құдайдың бір аты» деп бекер айтылмаған. Біз өмірде көрмеген, алайда есімі құрметпен аталатын, еңбегі жоғары бағаланатын азамат Серік Әлімбетов қарымды қаламгер, ардақты азамат болған. Бұлай деуімізге біз естіген жылы естеліктер мен пікірлер негіз бола алады.
Ақын, Қазақстанның құрметті журналисі Мұхтар Сақтапов байырғы әріптесінің қарымды қаламгер, қайсар азамат болғанын айтады.
– Зуылдап өтіп жатқан өмір-ай десеңізші. Күні кеше арамызда жарқылдап, жайсаң қалпымен күлімсіреп жүретін Серіктің о дүниелік болғанына да 40 жыл жуықтапты. Оның болмыс-бітімі, ширақ та сергек іс-әрекеті менің көз алдымда. Редакцияға жұмысқа келген күннен өзіне тапсырылған жұмысты белсене атқаруға құлшыныс танытып, бар іске ынта-ықыласпен кірісетін. Соның арқасы болса керек аз ғана уақыттың ішінде талабы мен таланты ұштасып, қаламы төселіп, оның есімі аудан халқына танылды. Бір ғажабы, корректорлық жұмыстың ауырлығына қарамастан жарыққа шығатын әр газет сайын беттен көз алмай шұқшия оқып, бір қате кетпеуі үшін күш салатын еді. Ол кей беттерде мақала тақырыбы ұқсас болып немесе сөздер қайталанып жатса, оны өзгертіп, өңдеп, газетті жандандырып жіберетін еді. Кейін әдеби қызметкер болып ауысып, газеттің мазмұнын байытты. Тың тақырыптарды зерттеп, зерделеуге тырысты. Оның қаламынан шыққан очерктер мен суреттемелер, репортаждар оқырман көңілінен шықты. Әсіресе еңбек адамдары жөнінде жазған «Шопан шамы сөнбейді», «Еңбек – ердің айнасы» секілді очеркі жоғары бағаланды, – деп еске алады Мұхтар Сақтапов.
Негізі Серік Әлімбетов 1946 жылы алтыншы ауылда дүниеге келген. Сол кездегі И.Чапаев атындағы мектепте бастауыш білім алып, аудан орталығындағы М.И.Калинин мектебінде онжылдықты бітірген. Ол – редакциядағы жауапты жұмысты атқара жүріп, Қазақ Мемлекеттік университетін сырттай оқып бітіріпті. Журналистика мамандығы бойынша жоғары білімге қол жеткізген ол кейіннен аудандық газеттен бөлек, облыстық, республикалық басылымдармен байланыс орнатқан. Аудармамен айналысып, жергілікті басылымның оқырманын арттыруға да үлес қосқан. Әр жылдары әдеби қызметкер, хаттар бөлімінің меңгерушісі, радиоұйымдастырушы қызметтерін атқарған. Қаламгердің сыныптасы, осы мақаланың жазылуына ұйытқы болған еңбек ардагері Әсия Масилованың айтуынша, жаны жайсаң азамат ісі мен сөзі үйлескен, табан астында тауып айтатын қабілетке ие, әзіл-қалжыңға жүйрік болыпты.
– Серік біз өскен ортаның «гүлі» еді. Басқосуларды жайнатып, «жандырып» жіберетін. Мен ұзақ жыл АХАЖ бөлімін басқардым. Неке куәлігін табыстау салтанатын ұйымдастырғанымызда редакциядан ақпараттық қолдау көрсетуге Серік Әлімбетов келуші еді. Жас отбасыларға жақсы тілегін айтып, біз туралы жақсы-жақсы мақалалар жариялайтын. Біздің сыныптан ақын-жазушылар көп шықты. Қайырбек Асанов, Келдібай Уәйісов, Асқар Кіребаев, Серік Әлімбетов секілді сыныптас достарымыздың болғанына қуанамын, – дейді Әсия Масилова.
Жылы естеліктерді аудандық газеттің бұрынғы бас редакторы Сәуле Сұлтанқызы жалғай түсті.
– Мен 1977 жылы аудандық «Еңбек Туы» газетіне корректор болып жұмысқа орналастым. Сол кезде редакцияда «Мен атайын, сен тұр» дейтін марғасқа азаматтар – қаламгер ағалар көп еді. Солардың ішінде ерекше мейірімді, аузын ашса, көмейі көрінетін бір кісі болды. Ол Серік Әлімбетов ағамыз еді. Үлкенмен де, кішімен де тез тіл табысып кететін әдетімен маған да жылы қабақ танытып, жұмыстың қыр-сырын тез үйреніп алуыма көмектесті. Жұмысқа жаңадан қабылданған мен үшін бәрі таңсық болатын. Жұмыс ауыр, аптасына үш рет оқырманға жол тартатын газеттің жарыққа шыққанша атқарылатын жұмысы шаш етектен еді. Жұрт таңертеңгі сауыннан соң төрт түлігін өргізіп, малын өріске айдап бара жатқанда біз жұмысымызды енді аяқтап, үйге қайтып бара жатушы едік. Сондайда кезекшіліктен шыққанына қарамастан Сәкең ертеңіне «бұрқыратып» жазып жататын. Қарымды қаламгер тек қара сөбен ғана емес, сын-сықақ жанрындағы бірқақпай шымшымаларымен де жұртшылықтың жадында қалған журналист, – дейді Сәуле Сұлтанқызы.
Қарымды қаламгер ұжымда сыйлы әріптес, қоғамда құрметті азамат болса, отбасында да жақсы жар, ардақты әке бола білген. Жары Гүлшария Сейдіқызы сауда қызметінде еңбек еткен. Ол кісіні тереңөзектіктер Шәкен апа деп атайтын. Отбасының үлкені Әділ-Әкім 1977 жылғы еді. Ол өмірден ерте өткен. Қыздардың үлкені Гүлназ Сырдария агро-техникалық колледжінде медбике болып жұмыс істесе, Гүлфайруз бала күтімімен үйде. Ал Гүлзат аудандық АХАЖ бөлімінің жетекші маманы ретінде ауданның әлеуметтік-әлеуеттік дамуына үлес қосуда. Үйдің кенжесі Айжан Қалжан ахун ауылындағы «Гүлдер» бөбекжай балабақшаның музыка жетекшісі. С.Әлімбетов пен Г.Сейдіқызынан тараған ұрпақтар бүгінде әкеден алған тәлімін, анадан жиған тәрбиесін өз ұрпақтарының бойына сіңіруде. Жаны жайсаң, халқына бергенінен берері мол азамат Серік Әлімбетовтің кісілік келбеті, азаматтық болмыс-бітімі ұмытылмақ емес. 85 жылдық тарихы бар аудандық газеттің бүгінгі күнгі айтулы белесінде журналистика саласының майталманы атанған азаматтың еңбегі бар екенін біз әркез жоғары бағалаймыз, құрметпен еске аламыз.
Ақтөре ИБРАГИМҰЛЫ