Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Баспахана ісінің майталманы еді

Баспахана ісінің майталманы еді

Баспасөз саласында өзіндік орны мен қолтаңбасы қалған байырғы әріптесіміздің қатарында Шынаркүл Әбдіха­лық­о­ваның есімі ерекше аталады. Жаны жайсаң жанның өмірден өткеніне тура бір жыл өтсе де, небәрі 66 жасында бақилық болғанына сенер емеспіз. Асыл ана, ардақты әріптес бола білген өнегелі өмір иесі туралы қалам тербеуді өзімізге парыз санадық.

Шынаркүл Әбдіхалықова 1956 жылы 14 ақ­панда Жалағаш кентінде дүниеге келіпті. Мектепті бітірген соң Жалағаш ау­дандық бас­паханада еңбек жолы басталған. Ма­мандығына деген қызығушылығы осы саланы әрі қарай үйренуге себепші болады. Сон­дықтан баспахана жұмысына мамандану үшін Шымкент қала­сындағы Полиграфиялық техникумға оқуға түсіп, оны ойдағыдай бітіріп, бас­пахана ісі маманы атанады.

1976 жылы тереңөзектік азамат Ғани Сарқыншақовқа тұрмысқа шығып, сүйікті жар, өнегелі келін ретінде отбасылық өмірге қадам басады. Еңбек жолын жалғастырып, Тереңөзек аудандық баспаханасында 1977 жылдан бас­тап, 2005 жылға дейін жұмыс істеді. Біздің де әріптестік таныстығымыз осы жылдары қалыптасты.

Отыз жылға жуық баспахана жұмысын ілгері жүргізуге үлес қосқан ол уақытпен санас­пай қиындықты еңсеріп, баспаханада баспашы қызметін атқарды. Қазір ардагеріміздің осы салада өзіндік қолтаңбасы қалды. Әріптестерімен қатар тұрып әріп теруші, бет жасаушы да болып, еңбектің көрігін қыздырды. Мерзімді баспасөздің уақытылы жарыққа шығуына белсене үлес қосты. Қажетті мекеме бланкілерінің сапалы шығуына атсалысып, баспахана машинасының жұмысын іркіліссіз жұмыс істеу­іне атсалысты. Заманның қиыншылығын әріп­тестерімен бірге көріп, қиын да жауапты өнді­рістің басы-қасында болды.

Баспасөз қызметкерлерінің кәсіби мере­кесінде үнемі газет редакциясы ұйымдастыратын мерекелік жиынға келіп, редакцияның тыныс-тіршілігіне тілектестігін білдіріп отырушы еді. Ардагер ана еңбек еткен жылдарын үнемі сағынышпен еске алып, байырғы әріптестерінің адал еңбегі жайында әңгімелейтін. Бүгінде Шынаркүл апамыздың айтқан сөздері біздер үшін естелік болып қалды.

– Баспаханаға жұмысқа қабылдаған Бақ­ты­ғали Бақтыбаев болатын. Алдымен ескі ғимаратта 4-5 жылдай еңбек еттік. Сонан соң аудан орталығындағы жаңа ғима­ратқа көш­кенімізде директорлыққа Сергей Тоқ­санбаев ағай тағайындалды. Ол кісі өте әділ, талап­шыл басшы болды. Барлығымыздың жұмы­сы­мыздың дұрыс үйлестірілуіне көп қолдау көр­сетті. Күн-түн демей, жұмыс орнында болды. Ұжымның ауызбірлігі өте керемет еді. Арамызда үлкен апаларымыз Әнәпия Іскендірова, Шолпан Беркінбаева, Кеңескүл Жұмабаева бізге бағыт-бағдар беретін. Елдегі қиын-қыстау кез біздің баспаханаға да келді. Бірақ бланкіге деген тапсырыс азайған жоқ. Кейінгі жылдары компьютерлендіру басталғанда баспахананың жұ­мысы бірте-бірте тоқтап қалды. Редакциямен біріккен кезде баспахана қызметкерлерін қамқорлығына алған сол кездегі бас редактор Сәуле Ерімбет бізге көп қолдау көрсетті. Қысқартуды болдырмауға тырысты. Зейнеткерлікке жасымыз жетпегендіктен мемлекеттен жәрдемақы алуымызды қамтамасыз етті. Сөйтіп бейнетіміздің зейнетіне де жеттік. Бас­пахана ардагері деп мереке күндері біздерді елеп отыратын редакция бар. Бұрынғы әріп­тестерім Жұмакүл Қожағұлова, Қазына Асықбаева отбасылық достарымызға айналды. Ыл­ғи жақ­сылармен бірге қызметтес болғанымды қуа­ныш­пен еске алып отырамын, – дейтін еді Шынар апа редакцияға келіп бізбен жүздескен сайын.

Кейіпкеріміз бірге еңбек еткен байырғы әріп­­­тестері Қал­ман Төлегенов, Бақытбек Әбді­қалықов, Рабиға Ерғалиеваны құрметпен еске алатын. Өзге әріптестері әріп теруші немесе бет жа­саушы болып еңбек көрігін қыздырса, бұлар бас­пахананың құрылғысында газет басып, газеттің жаңа нөмірін жарыққа шығарған кәнігі мамандар болды.

– Аудандық газетке жұмысқа келгенімде Шы­нардың баспаханада жұмыс істеп жатқанына 6 айдай уақыт болған екен. Екеуіміздің жұбайымыз Ғани мен Айғали бұрыннан дос­тар болатын. Осы жолдастық әлі күнге дейін жалғасып келеді. Шынардың есте қалған жақсы қасиеті ұқыптылығы еді. Жұмыс орнын, баспа машинасынан артық май көрмейтін едік, тап-таза болып тұратын. Жұмысын аяқтаған соң міндетті түрде машинасын жуып-тазалап қоятын. Өз ісінің білгірі болған ол машинасының ақауын өзі жөндеп те алатын. Ол кейіннен келген жас маман Бақытбек Әбдіқалықовқа тәлімгер болды. Бақытбек Мәс­кеу қаласындағы полиграфиялық институтты бітірді. Өзінің білгенін үйретіп, осы баспахана тарағанша бірге жұмыс істеді. Әріп­тес, дос ретінде сыйластық. Өте кішіпейіл, жа­ны жайсаң жан болатын, – дейді аудандық га­зет­­­­­­­тің 2001-2019 жылдардағы бас редакторы С.Ерімбет.

Өнегелі өмірі еткен қызметімен байланысып, отбасында ардақты ана, әулетінде өнегелі келін атанған Шынаркүл Әбдіғазықызы, тазалыққа, қанағатшылдық пен ыждағаттылыққа аса мән беретін. Ол қай кезде де еткен еңбегіне артық ештеңе сұрамады, барлығын қанағат тұтты. Өзінің жұмысын үлкен ыждағаттылықпен атқарды. Ұзақ жылдар бойы жылуы жоқ салқын жерде, таң атқанша жұмыс істегенін міндетсінбеді. Қайта кезінде ауданның алдыңғы қатарлы өндіріс орнында белсенді еңбек етіп, өзі секілді жас мамандар дайындағанын мақ­таныш етті. Ләйла Ахметова, Алмат Сатыбалдиев – Шынар апаның кезінде баспахана машинасында жұмыс үйреткен үйренушілері.

Шынар апа балаларына адал еңбек ету керектігін үнемі айтудан жалықпайтын. «Адам таза, әрі еңбеккеш болғанда ғана мақсатына жетіп, еңбегінің жемісін сезінеді» деп айтатын.

«Баспашымын деп қарап отырмадық. Әріп терушіге де, бет жасаушыға да көмектесіп, бар­лығымыз бірігіп жұмыс істедік. Газетті баспаға жібергенде де әрбір басылып шыққан газетті ашып, оның сапалы басылуын қадағалап тұратын едік. Кейде газет фотосы ұшып, жоқ болып кетеді, сонда дереу олқылықты жойып, қайта бетті дайындап, басатынбыз. Уақыттың қалай лезде зымырап өткенін білмей қалатынбыз. Таңертең жұрт сиырын өріске шы­ғарып жатқанда, біз жұмыстан енді қайтып бара жататынбыз. Үйге барып, шайымызды ішіп, сәл демалып, жұмысқа қайта келетінбіз. Жастық шығар, шаршауды білмедік», – деген әңгімесін естелік ретінде қаламымызға арқау етеміз деп кім ойлаған...

– Анамыз біз үшін ең мейірімді, жаны ізгі­лікке толы жан еді. Отбасымыздың ғана емес, бауырларының, қайынжұртының қамын ойлап, жаны жүдегеннің басынан сипап айналып, толғанып отыратын. Қолынан келген көмегін аямай, жабырқағанға демеу, сүйеніш бола білді. Әкемізбен қол ұстасып, балаларына қайырымды ісімен, адамгершілік қасиетімен үлгі бола білді. Анамыз бізге қай кезде де төзімді болуға, өмірдің ащысы мен тұщысына мойымай алға қарау керектігін үйретті, – дейді сағынышпен анасын еске алған қызы Нұргүл Сарқыншақова.

Ұжымда сыйлы болған әріптесіміз өмірлік серігі Ғани ағамен бірге ұл-қыз өсіріп, олар да өнегелі от­басы болды. Қазіргі кезде үлкені – Нұргүл анасының жолын қуып, баспасөз жұмысын алға сүйреп келеді. Ол аудандық газетте бас маман қызметін абыроймен атқаруда. Екінші қыз Лаура – жоғарғы білімді маман, заңгер. Екі қыз да ұрпағын өсіріп отырған, өрісі кеңейген, ата-анасына алты жиен сүйгізген өне­гелі отбасының иелері. Қарашаңырақтың иесі Нұржан әкесінің жағдайын жасап, кәсіппен айналысуда.

Аяулы ана, сүйікті жар Шынаркүл Әбді­ғазықызы өмірден өткенімен артында өнегесін жалғас­ты­ратын ұрпағы бар. Ендігі жерде Алла марқұм әріптесімізді өз панасына алып, мейірім-шапа­ғатына бөлесін деген дұғадамыз.

Бибісара ЖАНӘЛІ
24 қазан 2023 ж. 132 0