Дәстүр – дала үні

Қазақ халқының салт-дәстүрі – көне көшпелі өмір салты мен мәдени болмысты айқындап, жыл сайынғы әлеуметтік ортаның өзгеруіне сәйкес дамып, әр кезеңде өзіне тән ерекшеліктерге ие болады. Дәстүрдің қалыптасуында ұлттың этникалық және әлеуметтік құрамы, діні мен тілі, тұрмыс-тіршілігі үлкен рөл атқарады. Қазіргі таңда бұрыннан келе жатқан салт жыл өткен сайын өзгеріске ұшырап, бүгінде өз заманына сай халық арасында қолданылып келе жатыр. Ал тіпті мүлде қолданыстан шығып қалған дәстүрлер де кездеседі. Мысалы, бірнеше әдет-ғұрып, салт-дәстүрге кезек берейік.
Сыралғы. Бұрынғы заманда аң аулау қазақ халқы үшін мереке болған. Аң аулап келе жатқан аңшыға алдынан шыққан адам «майлансын» десе, аңшы ойланбастан атып алған аңын сол кісіге сыйға берген. Бұл ғұрып сол кездері аңшының сыйлығын «сыралғы» деп атаған. Бірақ бұл салт қазіргі таңда мүлде қолданылмайды.
Жиенқұйрық. Қазақтың салт-дәстүрінде жиенге арналып өткізілетін ғұрпы. Нағашы мен жиеннің арасын нығайту мақсатында, сондай-ақ жиенге деген ілтипаты мен нағашы жұртының құрметінің бейнесі. Қыз баласынан дүниеге келген немерені жиен деп қабылдаған. Сол жиен алғаш рет нағашы жұртына қонаққа келгенде арнайы «жиенқұйрық» деген қонақасы берілетін болған. Сол күні қой сойылып, жиенге қойдың құйрық майын беру рәсімі өтіп, қосымша түрлі сыйлықтар да табысталатын болған. Қазіргі таңда бұл дәстүр жаңашаланып, кей жерлерде сақталған. Яғни, нағашы жұртына алғаш қонақ болып барған жиенге нағашылары ірі-қара немесе ұсақ малдан атайды. Бұл ғұрып екі отбасының біте-қайнасып, емен-жарқын бір-бірімен араласуының көрінісі.
Жылу жинау. Аталған дәстүр бүгінде қолданыста. Бірақ өзгеріске ұшыраған. Бұрын қазақ қоғамында бір отбасы немесе бір адам қиын жағдайға тап болса, оған ауыл болып қол ұшын созған. Бұл салт қазіргі таңда қайырымдылықпен алмасып, жаңа заманға сай қалыптасқан.
Мойнына бұршақ салу. Ертеректе бір баланың сыңғыр күлкісіне зар болып жүрген жас отбасыға арналған салт-дәстүр. Атап айтсақ, жас жұбайлар мойындарына көгеннің бұршағын салып жүрген. Ал көген дегеніміз – қой, ешкі, қозы, лақтар үшін арнайылап жасалған ұсақ бұршақтармен байланған ұзын жіп. Яғни, мойындарына салғаннан кейін құдайдан перзент сұрайтын болған. Жұртшылық мойнында бұршақ ілінген адамды байқаса бірден мағынасын ұғынады екен. Қазіргі таңда бұл дәстүр мүлде ұмытылған. Жыл ағымына қарай заман талабы да кезең-кезеңімен өзгеріс үстінде болғандықтан сақталмаған.
Тағы бір сақталмаған салт-дәстүрдің бірі – деңгене. «Қазақ халқының салт-дәстүрлері» кітабында бұл атау былайша сипат алады. Ертеректе көрші ауылдан келген үш-төрт жігіт ең алдымен қонақ болатын бір үйді таңдап, сол үйдің жанына барып «Деңгене! Деңгене жеуге келдік» деп айтады екен. Оны естіген үй иесі сол мезетте семіз бір қой сойып, етін түгелдей қазанға салдырып, астырады екен. Аталған дәстүр бойынша келген жігіттер асылған бір қойдың етін толықтай жеп, сорпасын ішіп тауысуы керек. Ал егер тауыспаса сол сойылған бір қойды екі қой қылып қайтаруға міндетті болған. Бүл дәстүр қазіргі таңда қолданыстан шыққан. Бірақ бұған қарап, бұрынғы заманда кез келген салт-дәстүр адамдар арасында жақсы қарым-қатынас орнату мақсатында жүзеге асқанын байқауға болады.
Жоғарыда аталған дәстүрлер қазақтың ертеректе қолданған ғұрыптары. Сондықтан оны толықтай білмесек те, барынша зерттеп, не мағына беретінін ұғыну маңызды. Өйткені заман ағымына қарай көптеген салт-дәстүрлер ұмыт қалып, ал кейбіреулері жаңаша атаумен біршама өзгеріске ұшыраған. Бірақ та қазіргі таңда атауы өзгермей, жыл сайын сол қалпында қолданылып келе жатқан салт-дәстүрлерде баршылық. Баршаңызға белгілі беташар, отқа май салу, енші беру, сүндет той, асар, бесікке салар, тұсау кесер және тағы да басқа дәстүрлер қолданыста. Заман талабына сай бұл салттар да өзгеріске ұшырап, ұмытылмасына кім кепіл. Сондықтан қазақы нақышымызды айқындайтын өзімізге тән салт-дәстүрді барынша қолданыстан шығармай, қайта ұмытыла бастаған дәстүрлерді жаңғыртып, қолға алу керек.
Г.ЖАНСЕРІКҚЫЗЫ
Фото: Н.Нұржаубай