Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі

№ 80 газет

21 қазан 2025 ж.

№79 газет

18 қазан 2025 ж.

№78 газет

14 қазан 2025 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қазан 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
2728293031 
» » Ұлыларды ұлықтау – ұрпақ парызы

Ұлыларды ұлықтау – ұрпақ парызы

Бірер жыл бұрын Астанаға іссапармен барғанымызда көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Мырзатай Жолдасбековпен кездесіп, қазыналы қарияға Сыр елінің сәлемін жеткізіп, батасын алудың мүмкіндігі туды. Сонда есімі елімізге белгілі қайраткер тұлға тарихи-танымдық мәні зор естеліктерді тереңнен қаузап, тамаша бір сыр-сұхбат болған еді. Сол кездесуде ардақты азамат ақын Ұлбике Жанкелдіқызы туралы кеңінен айтып, ұлыларды ұлықтау, ұмытпау – ұрпақ парызы екеніне баса назар аударған болатын. Қолымызға қалам алып, айтулы ақын Ұлбике Жанкелдіқызы туралы тағы да бір қалам тербеуімізге Мырзатай Жолдасбеков айтқан есті естеліктер мен Әнуар Серікбаев ағамыздың бұйымтайы түрткі болды.

Иә, ұлыларды ұлықтау, ұмыт­пау – ұрпақ парызы. Бұған дау жоқ. Сол ұлы мақсат-міндеттер жолында ауданның беткеұстар аза­маттарының ұйытқы болуымен Ұлбике ақынның өмірі мен шығар­машылығы Сыр елінде кеңі­нен наси­хатталып келеді. Бұл – бәріміз үшін ортақ жұмыс, себебі ақын Ұлбике Жанкелдіқызы бір рудың, бір өңірдің ғана ақыны емес, ол – ортақ тұлға, айтыс өнерінде өзіндік орны бар дара дарын иесі. Тіпті Ұлбике ақынды қазақ айтыс өнерінің зерттеушілері «Қайым айтыстың хас шебері» деп бағалап, тарихи тұлғаның талантын, өміршең өлеңдерін, айтулы айтыстарын баршаға ортақ мұра ретінде қарастырады. Осы ретте атақты Мәшһүр Жүсіп Көпеевтің «Ұлбике өмірінде қара сөз сөйлемеген, біреуге жауап берсе де, біреуге әңгіме айтса да өлеңмен толғаған. Осы себепті көзінің тірісінде-ақ жұрт: «Ұлбикенің таңдайында өлең­­нің ұясы бар» деп аңыз еткен» деп жазып қалдырғанын айтпай өту мүмкін емес.

Естеріңізде болса, жылдың басында ақын Ұлбике Жанкел­діқызының 200 жылдығына орай аудан әкімдігінің қолдауымен «Қайым айтыстың хас шебері» тақы­рыбында республикалық ай­тыс өтті. Айтысқа Бекарыс Шой­беков, Алтынкүл Қасымбекова, Мұхтар Ниязов, Біржан Байтуов, Дидар Қамиев, Рүстем Қайыртай, Ерасыл Байментай, Мұхамеджан Мансұр, Бексұлтан Орынбасар, Ержан Әміров секілді танымал ақындар қатысып, ұлы ақынның өмірі мен шығармашылығы ла­йықты дәріптеліп, азулы ақындар көрерменге тамаша көңіл-күй сыйлаған болатын. Сол іс-шарада аудан әкімі Берік Әбдіғаппарұлы «ХІХ ғасырдағы қазақ халқының айтыс өнерін қозғағанда оның биік шыңындағы ақынымыз Ұлбике Жанкелдіқызын ерекше екпінмен даралап айтамыз. Өйткені, қам­шының сабындай ғана қысқа ғұмы­рында артына өшпестей мұра қал­дырған әйгілі ақын қайым айтыс­тың нағыз үлгісін көрсетіп, дара дарынымен көпті тәнті ете білген. 1825 жылы бүгінгі Сырдария ау­данының Тереңөзек топырағында дүниеге кел­ген ақын небәрі 24 жыл ғұмыр кешкен. Біз Ұлбике ақынның айтыстары қазақ айтыс өнерiндегi ең бiр жауһар, әсем үлгiсi екенiн ұмытпауға тиiспiз. Сол себепті биылғы айтулы жылда ақынның өмірі мен шығармашылығын дәріп­теуге үлкен мән беріп отырмыз. Республикалық ақындар айтысы – осы ауқымды іс-шаралардың бастамасы» деген еді.

Наурыз айындағы іс-шаралар бары­сында ел азаматтары Ұлбике ақынды ұлықтау берекелі күз айында да жалғасатынын айтқан еді. Көзді ашып-жұмғанша уақыт зымырап, міне қазан айы да келді. Ел азаматтарының ұйытқы болуымен Республика кү­ніне орай ақынның 200 жылдық мерей­тойы аясында ауданымызда ау­қымды мәдени-көпшілік іс-шаралар ұйым­дастырылмақшы.

– Жастайынан ақындығымен танылған ақын Ұлбике Жан­кел­діқызы апамыз жезтаңдай әнші, дәулескер домбырашы да бол­ған. Ақынның теңіздің тол­қынындай мол мұрасынан бізге тек тамшыдай ғана дүниесі жетті. Ел-жұрт Ұлбике ақынның он шақты айтысы мен оннан аса өлеңін ғана біледі. Сосын зерттеу еңбектер мен мақалалар бар. Соның өзінен халық сөз зергерінің арман-тілегін, ішкі жан-дүниесін терең сезіп, өз заманының мұң-мұқтажын жырға қос­қанын аңғарады. Тағдырлы ақын талантымен айтыскерлерге тұтқиылдан ұтқыр жауап беріп, таң қалдырып отырған. Оны Ұлбике ақынның Күдері қожамен, Жанкелмен, Таспақожамен, Мәделі­мен айтыстарынан анық білуге болады. Айтыскер ақынды әйгілі еткен де осы Күдерімен, Жанкелмен сөз қағыстыруы. Біз ақынның 200 жылдығына орай туған жерінде ұлықтау іс-шараларын жалғастырып жатырмыз. Бәрі елдің, ағайынның бірлігімен атқарылуда. 25 қазан күні сырттан келетін қонақтарды кент орталығынан күтіп алып, Асқар ауылын, аудан орталығын аралатып, «Тағзым» алаңына гүл шоғын қойып, майдангерлердің рухына Құран бағыштаймыз. Әрі қарай аудан әкімінің қабылдауы, «Алтын дән – 2025» салтанатты іс-шарасына қатысу, «Руханият» орта­лығындағы тарихи-өлкетану музейінде ақынға арналған экспо­зияциямен танысу секіл­ді бір-бірімен ұштасып жатқан іс-шаралар ұйымдастырылады. Ең маңыздысы, осы күні рухани-та­нымдық конференция өткізіледі. Іс-шара аясында аудан әкімдігіне, «Руханият» орталығына ағайындар атынан естелікке құнды сыйлықтар табысталады. Мұнан соң Н.Ілиясов ауылының тыныс-тіршілігімен та­ны­самыз. Сондай-ақ ақынның 200 жылдығына арналып басып шы­ғарылған кітаптар тара­тылып, қонақасы беріледі, – дейді Әнуар Серікбаев.

Мәні мен маңызы зор іс-шара­лардың қай-қайсының да идеоло­гиялық мазмұны терең екенін айтып өтуіміз керек. Ал рухани-таным­дық конференция ақын Ұлбике Жан­кел­діқызының өмірін, өлеңдерін, айтыс­тарын, жалпы шығармашылығын зерт­теп, зерделеуге қосылған үлкен үлес, нақты қадам болары сөзсіз. Сон­дықтан аудан жұртшылығы ұлы ақынды ұлықтау іс-шарасына бір­кісідей қатысып, атсалысқаны жөн болады.

Енді Ұлбике ақынның шығар­ма­шылығы жөнінде тарқата жа­зып көрелік. Ақынның өмірін зерт­теген фи­лология ғылы­мы­ның докторы, про­фессор, ау­дар­машы Сәрсенбі Дәуіт­ұлы Ұлбике ақын­ның айтыстарын араб әрпі­нен кириллицаға түсір­ген. Ол өз зерттеулерінде нақты әрі дәйекті дәлелдермен ақын шығар­машылығын жан-жақты зерт­теген. Жалпы Абы­лай xан бас­таған қазақ xандары мен батыр­лары туралы мағлұматты, дерек­терді күні бүгін академиктер бастаған ғалымдар осы Сә­кеңнің еңбектерінен тауып ке­леді. Сондықтан Сәрсенбі Дәуіт­ұлының Ұлбике ақынды зерттеп, зерделеуі де бекерден бекер емес, ғалымның қызығушылығын оятқан қайым айтыстың хас шебері де тегін талант емес деп түсінеміз. Мәселен, С.Дәуітұлының мына бір жазбасына назар аударайықшы.

«Ұлбике өзімен айтысқан
Мәделі ақынға:
Әудемжармен әуелі
үкімді аштым,
Он екімде өлеңмен
тілімді аштым.
Он үшімде өзіңдей бозбаламен,
Жұмбақ айтып өлеңмен жаға­ластым, – деуі де тілінің кеш шық­қанын, бала жастан жырды жанына серік еткенін айғақтай түседі. Жастайынан ақындығымен таныл­ған Ұлбике Жанкелдіқызы негізі мықты домбырашы болған. Оның бойындағы бұла таланты буырқанып, қызыл тілге құйылған. Мұны көрген халық «ақынның көмейіне өлең ұялаған» деп баға­лаған екен» деп жазады Сәрсенбі Дәуітұлы.

Халық жазушысы Шерхан Мұртаза да «Он екі жасына дейін тілі шықпаған бүлдіршіннің алғашқы үні өлең сөзбен ашылғаны – аса биік Құдыреттің ісі...» дейді. Расында да Тереңөзек табанында туып, Тараздың топырағы бұйырған дара ақынның тағдыры аянышты. Осы маңда туып-өскен ақын қыз бой жетіп қалған тұста Есмырза деген дуалы ауыз би әулетін бастап Әулиеата жеріне көшіп барады. Сол шақтан бастап Ұлбикенің ақындығы елге мәшһүр болады. Оның ақындық тегеурініне, тапқырлығына ешкім шыдамайды. Күдері қожа Ұлбикемен айтысқысы келетінін білдіргенде әкесі Ер Көшек қожа: «Ұлбикемен айтысамын десең, Бұқарға барып үш жыл оқып кел, әйтпесе, сен онымен айтысуға жарамайсың» деген екен. Осының өзінен-ақ сөз зергерінің ерекше дарындылығын, ұтқырлығын түйсінуге болады. Шерхан Мұртаза бір еңбегінде: «Ұлбике – ұлы поэзияның ақ періштесі. Періште жүрген жерді қара күш иесі – диюлар аңдиды» деп атап өткен. Сол айтқандай, өз заманында озық туған ақын ғұмырының соншалықты қысқа болуына, өнерден хабары жоқ, ұр да жық, қызғаншақ, атастырылған күйеуі Бойтан кінәлі. Өйткені, Ұлби­ке ақын нағыз кемеліне келіп, өз дарынымен ел-жұртқа танылған шағында тентек күйеуінің қолынан мерт болады. Ол туралы ақын қыз «Қайда барсам жолымды кес-кестейтін, құрып қойған Бойтанның тұзағы бар» деп өз өлеңінде жан азабын жырға қосады.

Қазақстанның еңбек сіңірген қай­­раткері, саяси шолушы Мейрамбек Төлепбергеннің «Ұлы да­ланың ақ періштесі» атты мақа­ласы бар. Сол мақалада: «...Ұлбике ақынның атақ-даңқы өзі небәрі 24 жыл өмір сүрген ХІХ ғасырда Сырдария мен Қаратаудан асып, Сарыарқа мен Ақжайыққа дейін кеңінен жайылғанына анық көз жеткізуге болады. Бұла талан­ты буырқанып, қызыл тілге құйылған, қызғалдақтай құлпырған бойжеткеннің бақыты да, соры да өнер жолында болған екен. Ел аузында сақталып қалған әңгімелер мен мұрағаттық қолжазбалар оның ақындығын жете танытса, қайым айтыс өнеріндегі тапқырлығы мен шешендігі тәнті етеді. Көзге ұрып көрініп тұрса да, ақынның жанашыр іздеушісінің болмауынан оның мұ­расы арнайы зерттелмей, қағыс қалғанын мойындауға тура келеді. Әйтпесе, Ұлбике ақын жөнінде ХІХ ғасыр мен ХХ ғасырдың өзінде-ақ жеріне жеткізіп айтқан шоқтығы биік ғалымдар аз болмаған екен. Соған қарамастан, бізде осы кезге дейін айтыскер ақын қыздардың, өнер қайраткерлерінің шығармашылық өмірбаянының жазылмауы қазақ әдебиеті ғылымындағы ең үлкен олқылықтардың бірі болып келгенін жасыруға болмайды» делінген.

Қазақ ауыз әдебиетінің бай мұрасының басын біріктіріп, зерт­теген, жинақтаған Мәшһүр Жүсіп Көпеев­тің айтуынша, Ұлбикенің әкесі Жанкелді – дәулетті, өлең-сөзге аса жүйрік, ақын кісі болыпты. Қыздың ше­шесі Жаңыл да ойлы, сөзге шешен, ақындар айтысында алдына жан салмаған талантты жан болған екен. Қазанғап Байболұлының 1941 жылы жарыққа шық­қан «Төле бидің тарихы» атты дастанында Жанкелді ақын мен Жаңыл ақынның жыр айтып, өлеңмен сөз қағыстыруы осы деректі дәлелдей түседі. Ақындық өнер терең тамыр жайған, әсем де сұлу әлемімен үйлескен отбасында жыр­мен сусындап өскен Ұлбике де тұлымшағы желбіреген бала кезден көзге түсуінің өзі кездейсоқ емес екенін анық аңғарамыз.

Ұлбике ақын жұлдыздай жар­қырап, талантымен дүйім жұртты там­­­­­­сандырғаны соншалықты, оның Күдері қожамен айтысы 1870 жы­лы орыс ғалымы В.Радлов құ­растырған «Түркі тайпалары халық әдебиетінің үлгілері» деген тарихи кітапқа енген. Сөйтіп, құнды дерек, қымбат мұра ретінде бізге жет­кен. Ұлбике Жанкелдіқызы жайлы көрнекті халық жазушысы, жерлесіміз Қалтай Мұхамеджанов та жүрген жерінде: «Ақынның өзі айтысқан небір мықты ақындардан басым түсіп, айтыс өнерін халыққа танытқан нағыз сөз шебері» деп атаса, Шерхан Мұртазаның: «Үлкен дүниеге, көркем туындыға сұранып тұрған тұңғиық әлем және терең тағылым» деуінің өзі Ұлбике ақынға берілген зор баға деп білеміз.

Ұлбике Жанкелдіқызының қай­­­­­­­­­ғы­­лы қазасына байланысты М.Көпеев мынадай деректі кел­ті­ре­­ді: «Жаман шірік иті үйде жоқ бол­ған қарсаңда бір той болып, ауыл аймағы мен қайын ағалары: «Сені біз сабатпаймыз» деп тойға алып барып, қайтып келсе, иті келіп қалып «сені ме?» деп кіжініп отырған үстіне оқтай ұшырып, қойдың бір қатқан санымен қақ бастан періп қалғанда, мұрттай ұшып кете барыпты. Одан әрі жұрт жиылып қалды, төркіні де аралас-құралас екен. Құн сұрады. Үй іші: «Пайғамбар шариғатына салдық» де­ді. Сонда шариғат айтатын Күдері қожа екен. Айтқан шариғаты: «Өлер Ұлбике өлді. Аяр да ас жоқ, тояр да ас жоқ. Мұны сойыңдар, өкпесін алып көріңдер. Өкпесінде жазу жоқ болса, онда тойға бару, өлең айту әйел жынысына дұрыс емес, өзі кінәлі, бұған түк болмайды. Егер өкпесінде жазу болса, онда ғұзыр айтпаса, ішін жарып кетеді. Үш кісінің құнын берсін: сүйек құны, өнер құны, қара құн. Ұлбикені сойып, өкпесін алып көрсе, өкпесі жыбырлап тұрған жазу екен. Көрген жұрт ботадай боздапты. Көзімен көрген жұрт күй­­гендіктен Бойтан серіні бас жетімі үшін құнына беріпті». Ел аузында «Бойтан Ұлбике ақынның шүйкесінен балтамен салып қалып, үш күн қансырап жатқан ақын үш жүздің үш биіне өлеңмен сәлем жолдайды» деген әңгіме де бар.

Ұлбике Жанкелдіқызы арнайы оқып, білім алмаса да жастайынан өздігімен ізденіп, оқу, білімді игер­ген, сауатты, ой-өрісі кең адам болған. Білім деңгейінің биіктігі сондай, онымен айтысуға өзге ақындар үлкен дайындықпен келеді екен. Күдері қожа мен Таспақожа, Ер Көшектің балалары ағалы-інілі ақындар. Сол Күдері қожамен Ұлбике ақын үш рет айтысып, бірде жеңіліп, бірде жеңіп, таразы басы кейде тең түсіп отырған. Бірде Ұлбике Шет (Жезқазған) қаласындағы базарға мал айдап барған әкесімен ере барып, базарлап қайтса керек. Ұлбикенің сапардан оралғанын естіп, Күдері қожа базарлық сұрай барыпты.

Күдері:
Ұлбике, үздік шықтың
қазағымнан,
Күн күліп, ай жасқанар
ажарыңнан.
Дәметіп базарлықты
келіп тұрмын,
Не әкелдің Шеттің барып
базарынан?

Ұлбике:
Қожеке-ай, қуанасың
жүзім көріп,
Көзіңе көзім түссе
қалмайды ерік,
Әкелдім базарлыққа
саған арнап,
Әдемі құндыз жаға
қызыл бөрік...

Күдері:
Ұлбике-ай, сөйлейсің-ау
сөзді кері,
Жігіттің қайда қалмас ащы тері?!
Үлкені үш баламның
жалаңбас жүр,
Бөркіңді кигізейін, әкел, бері, – дегенде Ұлбикенің шешесі тыңдап отырса керек, «Ал, бере ғой, бөркіңді, жеңілдің» деп реніш білдіріпті. Осы жолы Ұлбике жеңілгенін мойындап, Күдерінің иығына шапан жауып, құндыз бөрік кигізіпті.

Зерттеуші ғалымдар кей ең­бек­терде Күдері мен Ұлбикеге дейін ешқандай айтыс болмағанын да айтады. Бұған қарап Ұлбике Жан­келдіқызы қазақтың қайым айты­сының ұшар басындағы алғашқы қарлығаш десек, артық емес. Біздің қолымызда Қадыр Мырза Әлидің 10 томдық шығармалар жинағы бар. Бұл кітапқа екі бөлімді, бес көріністі «Мың бір мұң» трагедиясы да енген. Бұл драмалық шығарма Ұлбике ақынға, оның өміріне, шы­ғар­машылығына арналған. Оны тебіренбей, көзге жас алмай оқу мүмкін емес. Жылдың басында аудандық газеттің бас редакторы, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі Аружан Мұханбетқали «Мың бір мұң» трагедиясын төл басылымға түгел басып, оқырманға кеңінен насихаттады. Бірер ай бұрын қоғам қайраткері, Қызылорда қала­сының құрметті азаматы Сәпен Аңсатпен кездесіп, сөйлескенімде ардақты азамат Қадыр ақынның туындысын сахналау керектігін айтып, театрларға ұсыныс енгізгенін жеткізген. Жалпы бұл шығарманы оқып ақын өмірінің ең азапты, аянышқа толы сәттері тұрмысқа шық­қаннан кейін басталғанын, ақын қыз ұзатылғаннан кейін, өнер­ден, өлеңнен еш хабары жоқ Бойтанның талабымен домбыра шертуді, айтысуды қойып кеткенін, «Тұнжыраған тіршілік, өліп барам тұншығып» деп аһ ұрғанын түйсініп, білуге болады. Таспақожамен айтысында Ұлбике ақын Бойтанның адымын аштырмай, әр басқан қадамы аңдулы екенін білдіреді. Мына өлең жолдары да оның осын­дай аянышты күндерін ойға түсіреді.

«Ішімде менің мың бір мұң,
Бойжетіп және үлгердім.
Кеудем бір толы күй еді,
Бүгінде қуыс үңгірмін.
Ішімде менің мың бір мұң.
Ішімде менің мың бір мұң,
Ұмыттым күлкі сыңғырын,
Ұстаймын кімнің қолынан,
Кетеді кімде шылбырым.
Ішімде менің мың бір мұң.
Ішімде менің мың бір мұң,
Түсіме менің кім кірді.
Өңімде мені кім қорлап,
Тұншығып жаным, шыңғырды,
Ішімде менің мың бір мұң.
Ақын жанын түсінбеген, түсінгісі келмеген Бойтанның түптің тү­бінде ақын өмірін қиярын кім біл­ген?! Қазақтың белгілі ақын қызы Күләш Ахметова «Қайсар дарынның жауһар мұрасы» деген мақаласында: «Қаршадай қайсар ақынның қатал заманда жүрегі дауалап, топқа түсіп, бетіне жан қаратпай жарып шыққаны, төпеген тіл мен өртенген өсекке төтеп беріп, өнер үшін, азаттық үшін дара күрескені, ақырында, жауыздың қолынан небәрі 24 жасында мерт болып, өлім құшуы ерлікпен пара пар емес пе» деп жазады. Мұның бәрі ақынның аянышты тағдырының соқтықпалы-соқпақты сындарлы ке­зең­дерге толы екенін аңғартады.

Биыл қайым айтыстың хас шебері Ұлбике Жанкелдіқызының туғанына – 200 жыл. Ақынның жаны мәңгілік тыныстаған Әулиеата жерінде, Тараз қаласында Ұлбике атындағы көше бар. Ақынның есімі ұлықталып, Қаратау қаласындағы мәдениет үйіне Ұлбике Жанкелдіқызы есімі берілген. 2005 жылы Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында осы мәдениет үйінің алдына ақынға арнап ес­керткіш орнатылыпты. Бұл Ұлбике ақынның рухын қастерлеу деп бағамдауға болады. Жыл басында ауданымызда республикалық ай­тыс өтті. Берекелі күзде ұлы тұл­ғаны ұлықтау жұмыстары тағы да жал­ғасуда. Көпшілік қауымның «Әрине, бұл жақсы, өте орынды, бірақ мұнымен тоқтап қалуға тағы бол­майды. Алдағы уақытта ақын есімін ұлықтап, есте қалдыру үшін көшеге немесе бір мәдени нысанға Ұлбике ақынның есімі берілсе» деген ұсынысы бар. Бұл тарих үшін, тағылым үшін, түптеп келгенде ұлы тұлғаларды ұлықтаудың маңызын арттыру үшін қажетті іс, орынды бастама.

Ақтөре ИБРАГИМҰЛЫ,
Қазақстан Жазушылар және
Журналистер одағының мүшесі,
Қызылорда облысы әкімінің
«Тұран» сыйлығының иегері

21 қазан 2025 ж. 76 0