Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі

№ 80 газет

21 қазан 2025 ж.

№79 газет

18 қазан 2025 ж.

№78 газет

14 қазан 2025 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қазан 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
2728293031 
» » Салалық терминологияның кешегісі мен бүгіні

Салалық терминологияның кешегісі мен бүгіні

Шәкәрім Құдайбердіұлы ата­мыздың мынадай жақсы сөзі бар екен:
Әуелі адам болсаң өзіңді біл,
Адамға сөйлейтұғын сөзіңді біл.
Әр жаста әрбір түрлі міндетің бар,
Қай жаста не істейтін кезіңді біл, – деген. Сол сияқты жақында «Шалқар» радиосынан Мұхамедәлі Болатұлы деген азамат хабарласып, «Сөз­түзер» бағдарламасына шақырды. Басында сәл-пәл сасқалақтап қалдым. «Спорт саласында білгір ағаларымыз, мықты мамандар бар, сол кісілердің сөй­легені жөн ғой» деп қашқақтадым. Дегенмен, дауысы көркем диктор бауырымның шақыртуын құп алдым. Соңынан, тікелей эфир жарты сағат болады дегенде, тағы да қобалжып, дайындалуға тура келді.

Спорт саласында жүргеніме жиыр­ма бес жылдай уақыт болыпты. «Спортшы емес адам, бұл салада не бітіріп жүр?» деген сұрақ та туындауы мүмкін. Нөлінші жылдардың басында, тәуелсіз елі­міздің жаңа Астанасына түрлі министрліктер көшіп жатқан кезде, мен де көштің басын сонда бұрдым. Алматыда үш мықты жұмысқа бұйрық шыққан кезде, түрлі себептермен дәм бұйырмады. Ал Астанаға бір-ақ күнде пойызға отырып, танымайтын, туыс, туған жоқ жерге кете бардым. Қазір ойлап қоямын, бұл не қылған батылдық деп? Шүкір, сол батылдықтың арқасында қолдан кел­ген, қабілет-қарымым, білім-білігім жеткенше, елге қызмет етіп жүрген жайымыз бар.

Иә, спорт саласында тек қана спортшылар жұмыс істейді десеңіздер, қателесесіздер. Спорт саласында, спортқа жанашыр көптеген маман­дық иелері де жұмыс істейді. Спорт саласы өте қарқынды сала, өзіне баурап алатын, жалықтырмайтын, бірақ, қызық әрі қиын сала. Мұнда бүкіл тірлік басқаларға қарағанда, қашанда қайнап жатады. Тіпті сіз спортшы емес, осы салада еңбек ететін есепші не кадр бөлімінің қыз­меткері болсаңыз да, сол саланың ырғағына ілесіп жұмыс істеуіңіз қажет.

Термин дегеніміз – ғылым мен техника, өндіріс, соның ішінде спорт саласында қолданылатын арнаулы заттар мен ұғымдардың атаулары. Терминдер қазақша баламасы бар және баламасы жоқ деп екі топқа бөлінеді. Баламасы жоққа халықаралық терминдерді немесе шет тілдерінен келген кірме сөздерді айтуға болады.

Жалпы, «Қазақша-орысша тіл­маш» кітабын 1926 жылы Қошке Кемеңгерұлы құрастырған екен. Бұл – Алаштың алғашқы сөздігі. Бұл құнды сөздік 2005 жылы қайтадан басылып шықты.

Менің білуімше, спорт сала­сындағы қазақ тіліндегі алғашқы сөздік 1962 жылы шыққан екен. Ол кітапты көрген жоқпын, іздестірдім, таба алмадым. Ал өздеріңізге белгілі, 2000 жылы түрлі салаға арналған 31 томдық жарық көрді. Соның ең соңғы 31-ші томы дене тәрбиесі және спорт саласына арналды. Онда 5000 сөз қамтылған.

2007 жылы Ақтөбеде спорт сала­сындағы мәселелерге арналған республикалық семинар өтті. Оны сол кездегі министрлік ұйымдастырды. Мен онда Спорт комитетінде оқу-әдістеме бөлімінде аға маман болып жұмыс істейтінмін. Осы үлкен жиналыста орысша-қазақша спорт терминдерінің сөздігін әзірлеу және салада мемлекеттік тілді қолданысқа енгізудің жай-жапсары туралы хабарлама жасадым. Бір апта Ақтөбе өңірінің үш қала, жеті ауданына барған кезде, көптеген сұрақтар қойылды, ұсыныстар мен сын-ескертпелер айтылды. Соның бәрін басшылыққа жеткіздік. Сол семинардан кейін басшыларымыз бізге тапсырма берді.Сөйтіп, 2008 жылы «Спорт атауларының қазақша-орысша түсіндірме сөздігі» екі тілде жарық көрді, көк кітап, 560 бет. Бұл сөздіктің авторлары – белгілі журналист, спорт комментаторы Өмірзақ Жолымбетов және қазақ спортының білгір маманы, педагогика ғылымдарының докторы, Анатолий Қажекенұлы Құлназаров ағамыз. Сөздікті сол кездегі Мәдениет және ақпарат министрлігінің Тіл комитеті, Білім және ғылым министрлігінің Дене тәрбиесі ғылыми практикалық орталығының Ғылыми кеңесі мақұлдады. Бұл сөздік небәрі 1500 ғана данамен жарық көрді.

Ө.Жолымбетов және А.Құлназаров өздерінің өмір бойы жиған-тергенін, қызметте пайдаланғанын осындай сөздік етіп әзірлеп, елдің игілігі үшін ұсынды. 2009 жылы осы авторлардың «Спорт терминдерінің түсіндірме сөздігі» толықтырылып, қайтадан 30 мың таралыммен жарық көрді. Міне, содан бері он алты жыл ішінде спорт саласында, менің білуімше, басқа сөздік шыққан жоқ.Тек биыл ғана Арман Әлменбет деген бауырымыз «Комментатор сөздігін» құрастырды. Бұл жинақ та, елдің бәріне жете бермейтіні анық. Бір қуанарлығы, осы сөздікті спорт саласының мамандары, журналистер, қарапайым оқырмандар қызу әрі белсенді түрде талқылап, оның шығуына зор үлес қосыпты. Енді осы бауырымыз «Ұлттық спорт терминдерінің сөздігін» жасауға тәуе­кел етіп отыр. Ол да – жақсы бастама, себебі «Көшпенділер» ойындарынан кейін, елімізде ұлттық спортқа қызығушылық күрт артты. Қазіргі уақытта 11 ұлттық спорт түрі мемлекет тарапынан басымдыққа ие болды. Олардың ішінде ат спорты түрлері, тоғызқұмалақ, қазақ күресі, саятшылық, жамбы ату, теңге ілу және т.б. бар. Әлбетте, ұлттық спорт терминдерінің өзіндік ерекшелігі бар. Мысалы ат спорты түрлерін (бәйге, көкпар, теңге ілу, жамбы ату) алсақ, ол халқымыздың тұрмыс-тіршілігімен, мал шаруашылығымен, салт-дәстүрімізбен тығыз байланысты. Айталық, ер-тұрман, жүген, үзеңгі, ат әбзелдері, ауыздық, қамшы, тартпа, айыл, терілік т.б.

Енді спортты жақсы көрмейтін адам жоқ шығар. Тіпті балаларға дейін атақты футболшылардың есімін айтып, доп қуып, шапқылап жүреді. Спортты жақсы көрген соң бокстан, көкпардан, футболдан, т.б. трансляцияларды көреміз. Оны екі тілді журналистер жүргізеді. Осы жерде «қап, әттеген-ай» деп санымызды соғатын сәттер аз емес. Сұхбатта оны да айттым. Телекомментаторларға сауаттылық, ізденіс, сөз байлығы жетпейді. Мамандану, жан-жақты жақсы дайындықпен келу керек. Теле­комментаторлар өздерінің қай командаға немесе спортшыға бүйрегі бұрып, жанкүйер екенін білдіртпеуі тиіс, бейтарап болуы қажет. Бәлкім, бұл біз, көрермен тарапынан қатал талап шығар.

Сұхбатқа дейін қос бауырыммен таныстық, әңгіме барысында осы ойларымды айттым және тілді керек емес сөздермен, соның ішінде ағылшын сөздерімен шұбарламау керектігіне де тоқталдым. Іздеген адамға әрбір сөздің жақсы баламасы бар, мысалы бокстағы «клинч» дегеніміз қарапайым тілде ілінісу (құшақтасу, жұмарласу, жабысу) немесе «прессинг» дегенді көп айтады, оны бокста «тұқырту», ал футболда «қаумалап тықсыру» деп алса болады. Жігіттер арасындағы бокстан жекпе-жекте «әдемі», «сұлу» деген сөзді қайта-қайта айтатын комментатор жігіт бар. Ұят енді, көркем гимнастика, мәнерлеп сырғанау сияқты қыздар қатысатын спорт болса бір сәрі, әңгіме жоқ, ал күресте, ауыр атлетикада қалай «әдемі» деп айтасың? Қисынға келмейді.

Қазақ спортының қазақшалануына шүкір­шілікпен қараймын. Бұл елдік іске көп жылдан бері өзім де, хал-қадерімше үлес қосып келемін. Сұхбатқа дайындалған кезде, «әттең-ай уақыттың тапшы болғанын қарашы, кезінде атқарып жүрген жұмысымды ғылыми жағынан қарастырып, диссертация да қорғауға болады екен-ау» деген ой келді. Бұл тірлікті енді басқалар жалғастырса, соған қуанар едім.

Жалпы спорт терминдерінде әлі де аударыл­маған, сөздігі аз, кенже қалған спорт түрлері бар. Ол – бірқатар қысқы спорт түрлері, техникалық спорт түрлері, қолданбалы спорт түрлері. «Қолға аламын, ізденемін, зерттеп, зерделеймін, елдің қажетіне жарату үшін ерінбей еңбектенемін» деген талапкерлерге, жастарға жақсы мүмкіндік деп ойлаймын.

Қазіргі уақытта спорт және денешынықтыру саласында өзгерістер, жаңалықтар көп. Бұл өз кезегінде, замануи жаңа сөздерді, сөз тіркестерін, түрлі атауларды қолданысқа енгізуді талап етеді. Олай болса, салалық терминология үлкен жауап­кершілік пен білімді, ізденісті, жан-жақты, ғылыми тұрғыда сарабдал сараптауды талап етеді.

Дәметкүл Құмақбай,
«Тіл жанашыры» және
ҚР дене шынықтыру мен спортты
дамытуға сіңірген еңбегі үшін»
төсбелгілерінің иегері

21 қазан 2025 ж. 92 0