Табиғат жанашыры

Ол отбасында төрт ағайынды, екі апасы мен бір ағасы бар. Мектеп қабырғасынан бастап табиғатқа деген қызығушылығы оянып, қоршаған ортаны қорғауға ерекше мән берген. Табиғатқа деген сүйіспеншілік оны орманшы мамандығын таңдауға жетеледі. Орманды күтіп-баптау, ағаш отырғызу – оңай іс емес. Бұл – үлкен жауапкершілік. Осындай қасиетті істі атқарып жүрген Талғар Қайратұлының еңбегі – табиғатқа деген аса жауапкершіліктің көрінісі. Сонымен қатар бөлінген жерді қорғау, молайту, тиімді пайдалану және көктем, күз айларында өрттің алдын алуды қадағалайды.
Талғар Алматов – 1993 жылы Сырдария ауданына қарасты Сәкен Сейфуллин елді мекенінде дүниеге келген. Өз кезегінде 2010 жылы Қызылорда гуманитарлық колледжіне оқуға түсіп, 2013 жылы «Эколог» мамандығын игеріп шығады. 2014 жылдан бастап аудандық Сырдария орман және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі мемлекеттік мекемесіне жұмысшы болып қабылданады. 2017 жылдан қазіргі уақытқа дейін орманшы-инспектор болып еңбек етіп келеді.
Жұмысымен қатар жоғары оқу орнында білімін жетілдірген Талғар Қайратұлы 2022-2025 жылдар аралығында «Болашақ» университетін де «Эколог» мамандығын алды.
Еңбекке құштар жаны жайсаң Талғардың жұмыс алдындағы міндеті де кез келген маман иесінің жұмысынан едәуір ауыр. Тілге тиек етер болсақ: ағаш кесу, орман тұқымын дайындау ісі, көшет материалдарын өсіру, орманды молықтыру және орман өсіру, орманды өрттен және заңсыз ағаш кесуден және орман тәртібін бұзушылықтардың түрлерінен қорғау, орманды зиянкестер мен аурулардан қорғау жұмыстарын жүргізеді.
– Еңбек жолын жұмысшы болып бастаған Талғар беймезгіл уақытқа қарамастан орман ішінде тапжылмай еңбек етіп, өзіне бекітілген аумақты зақымданудан сақтап жұмысқа деген жауапкершілігімен көзге түсе білді. Сонымен қатар ортада ұйымшыл, сегіз қырлы, бір сырлы азамат жанындағы әріптестеріне үлгі болып қана қоймай қазіргі таңда орманшы инспектор қызметіне дейін көтерілді. Бұл оның еңбегі мен кәсіби біліктілігінің айғағы, – дейді әріптесі Нұраддин Сәдуақасов.
«Еңбек еткен ер сыйлы» демекші, өз ісіне адалдықпен қарап, табиғатты қорғау жолында аянбай еңбек етіп жүрген орманшы инспектордың еңбегі ерекше құрметке лайық. Өлшеусіз еңбегі еленіп, аудан әкімінен, басқармадан, облыс әкімдігінің алғыс хатымен марапатталған. Ол он жылдан аса орманды күтіп-баптап, жасыл желектің молаюына өз үлесін қосып келеді. Табиғатқа деген сүйіспеншілігі мен жауапкершілігі арқылы жас ұрпаққа өнеге көрсетіп жүр. Осындай еңбекқор азаматтардың арқасында еліміздің орманы көркейіп, табиғат байлығы сақталуда.
Ақтоты ТЕМІРХАНҚЫЗЫ