Жасыл желектің сақшысы
Орманшы – ну орманды, табиғат байлығын қорғауға, сақтауға атсалысатын ерен еңбек иесі. Орманшылардың кәсіби мерекесінде ауданның орман саласында қызмет етіп жүрген маман иелерінің мәртебесін арттыру мақсатында сала үздіктері туралы мақала жазу дәстүрге айналған. Осы ізгі дәстүрмен аудандық орман және жануарлар дүниесін қорғау мекемесінде еңбек етіп жүрген Мұратбек Сұлтанмұратовтың еңбегі туралы жазуды жөн көрдік.Негізінен мекемеде өрт сөндіруші болып еңбек ететін маман осы салада механизаторлықтан бастап, кәсіби шыңдалған маман ретінде қалыптасады. Алғаш жұмысқа тұрған 2013 жылы мекеменің ауыр техникасын, оның жүріп-тұруын, ақаусыз жұмыс істеуіне жауапты болып, өз ісінің шебері атанады.
Жастайынан техника тілін жетік меңгерген азамат өзінің еңбек жолында қарапайым жұмысшы ретінде тынымсыз қызмет етуде. Таңның атысымен өз қызметіне батыл кірісетін маман табиғатты көркейтіп, оларды тиімді пайдалануға ықпал етеді. Табиғат сақшысы жергілікті жасыл желектің жайқалып өсуіне, өрттің алдын алу мен ағаштарды заңсыз кесуге жол бермей, табиғатты сақтауға жұмылады.
– Орманшының жұмысы – табиғат аясы. Таңның атысынан күннің батысына дейін тынымсыз еңбек етеді. Бала кезімнен ауылда өскендіктен шаруашылық жұмысына ерте араластым. Техника тілін үйрену үшін әкемнің жанынан қалмайтынмын. Әкем Қуаныш қой бақты, кейін көлік жүргізді. Анам Манат совхозда сауыншы болды. Сегіз ағайындымыз. Бесінші бала болып ер жеттім. Ауылда жетінші сыныпта оқып жүргенімде алғаш көлік айдадым. Трактордың, комбайнның, жатканың рөлінде отырып, еңбекте ысылдым. Бір көргенімді қағып алатын зеректігімнен болар, қандай техника болсын, оның ақауын тауып, жөндеймін. Қазір сол қабілетімнің арқасында осы мекемеде еңбек етемін, – дейді өз ісінің маманы Мұратбек Қуанышұлы.
Техника десе ішкен асын жерге қоятын Мұратбек мекемедегі техниканың іркіліссіз жұмыс істеуіне қолғабыс етеді. Өрт сөндіруші ретінде орман өртінің алдын алуға кезекшілікке тұрып, орман қорын бақылайды. Оқыс оқиғаның орын алмауын бақылайтын маман тоғай өртінің болмауына, сақтық шараларын күшейтуге атсалысады.
Қарапайым еңбек адамы ретінде табиғатқа жанашырлық танытып, әсіресе малшылардың тоғайда жүргенде абай болуы керектігін айтады. Темекі тұқылын сөндірместен тастаудың салдары өртке әкелетінін, жалынның үлкен отқа айналатынын ескертеді.
– Қазір егін жинау науқаны аяқталды. Егіс алқаптарын қолдан өртеп жатыр. Бұл көріністі тұрғындар көріп те, байқап та жүрген болар. Дегенмен сақтық шараларын күшейту үшін рұқсат алып, отты тынық күндері қою керек. Біздің ауа райы құбылмалы келеді. Аяқастынан жел тұрып, күшейеді. Сондықтан алқаптарды өртегенде барынша сақтық шараларын сақтау керек. Тоғайдағы жан-жануарларды қорғау, құс пен аңды сақтау, жанашырлық таныту – әрбір азаматтың парызы. Ну орманда, қалыңның арасында аң-құс жұмыртқалайды, көбейеді, ал өрт сол тіршіліктің барлығын бір мезетте жойып жібереді. Сондықтан ел-жұрт қолдан келгенше табиғатты өрттен қорғауы керек. Соңғы кезде үлкен өрт оқиғасы тіркелмесе де, қырағы өрт сөндірушілер тәулік бойы қызметте. Табиғат байлығын қорғап, орман қорын сақтауға күш сала береміз, – дейді өрт сөндіруші.
Туған өлкенің табиғатын қорғайтын, жасыл желек сақшысы жұбайы Айгүл Қазыбековамен 2 қыз, 1 ұлды өмірге әкелген бақытты отбасы. Ұлы Мұхтархан – әке жолын қуған қарапайым жұмысшы. Ол ауданда газ жүргізетін мекеменің бірінде дәнекерлеуші болып еңбек етеді. Жұмысшылар отбасында сүйікті немерелер өсіп келеді. Қарапайым еңбекті серік еткен өрт сөндіруші Мұратбек Қуанышұлы сала маманы ретінде экологиялық қауіпсіздікті нығайтуға және табиғи байлықты кейінгі ұрпаққа жеткізуге зор үлесін қоса бермек.
Бибісара ЖАНӘЛІ











