Ұлттық құндылық – ұлт бейнесі

Қазақстан мұсылмандары діни+ басқармасы діни және ұлттық құндылықтардың сақталуы мен насихатталуына өзіндік үлесін қосып келеді. Құндылықтардың насихатталуы мен дәріптелуінде ауқымды жұмыстар атқарылып келеді. Бұл алдағы уақытта да өз жалғасын табады.
Әрбір ұлт пен халықтың жүріп өткен жолы мен ұзын сонар тарихы, құндылықтар жүйесі, соның негізінде ғасырлар бойы қалыптасқан ұлттық құндылықтар, салт-дәстүрлері мен мәдениеті болары белгілі. Олардың қалыптасуында діннің алар орны ерекше. Өз кезегінде қазақ халқының ұлт ретінде ұйысуына ислам дінінің жасаған ықпалы бір бөлек.
Қазақ халқының дәстүрлері мен ислам дінінің талаптары ықылым заманнан бері біте қайнасып, өріле өмір сүріп келеді. Қоғамымызда адам дүниеге келіп, құлағына азан айтылып, ат қойылған сәттен бастап, жаназа намазы оқылып, қабірге қойылған сәтке дейінгі өмірінің әр кезеңі ислами талаптарға сай дәстүрлер аясында өтеді. Ислам діні шариғатқа қарсы келмейтін дәстүрлерге тыйым салған емес. Исламмен үндескен дәстүрлер киім үлгісінен де, халық тұрмысының өзге салаларынан да айқын көрініс тапқан. Қазақ зиялылары ислам дінін, ислами дәстүрлерді жүйелі, әдеби еңбек ретінде халыққа таныстырған. Ислам қазақ халқының рухани өзегіне айналып этика, тәлім-тәрбие, ғылым мен бағыт-бағдар берді.
Халқымыздың ұрпақ санасында арлылық, адамгершілік, құдайшылдық, адалдық пен тазалық секілді қасиеттерді бойларына сіңіруде қолданған мақал-мәтелдері мен нақыл сөздеріне үңілсек, ислам дінінің ұстанымдарын анық байқаймыз. Мәселен, халқымыз «Малым – жанымның садағасы, жаным – арымның садағасы», «Пайда ойлама – ар ойла», «Ұят бар жерде иман бар», «Аққа құдай жақ», «Құдайға сенген құстай ұшар, адамға сенген мұрттай ұшар», «Тура биде туған жоқ, туғанды биде иман жоқ» деген қағидаттарды өмірлік ұстанымдарына айналдырған. Қазақ халқының дүниетанымында дінімізден бастау алатын адамгершілік-имандылық, ар-ұят, кісілік қасиеттер жоғары бағаланған. Қазақ дүниетанымы мен әдеп жүйесінде күнә-тәубе, обал-сауап, «жаман болады», «ұят болады», қанағат, шүкір, сабыр, адамгершілік, үлкенді сыйлау, әділеттілік, батырлық, отансүйгіштік, парыз бен қарыз т.б. секілді ислами категориялар жоғары тұрған. Халқымыз исламның асыл құндылықтарын «жаман болады», «ұят болады», «обал болады», «сауап болады» деген қарапайым түсініктермен-ақ ұрпақ санасына сіңіре білген.
Ислам діні қазақ даласында әл Фараби, Иассауи, Баласағұни, Бақырғани, Иүгнеки, Хайдар Дулати секілді даналардың кезеңінде нағыз гүлденген дәуірін бастан кешірді. Ислам құндылықтарын халық жанына жақын түрде түсіндіріп, ұлттық болмысына айналуға үлкен еңбек сіңірді. Одан кейінгі қазақ халқының ұлт ретінде қалыптасқан кезеңінде ислам дінінің таралуына үлкен еңбек сіңірген би-шешендер, ақын-жыраулар, жыршылардың өмір жолдары мен шығармашылықтарына үңілгенде аят-хадистер мен ислам құндылықтарынан нәр алғанын көреміз.
Қорыта айтқанда, ұлттық құндылықтарымыз – тіліміз, дініміз бен діліміздің ерекшелігі ретінде бірегейлігімізді айқындайтын рухани идеалдарымыздың жиынтығы. Құндылықтар шапшаң өзгеріп жатқан қазіргі таңда имандылықтан бастау алатын өміршең, іргелі, халқымыздың тұрмыс-тіршілігінде атадан балаға беріліп, даналықпен дараланып, жалғасын тауып келе жатқан адамдық асыл құндылықтарымызды сақтай отырып, ұрпағымызды заман талабына сай, бәсекеге қабілетті, білім мен ғылымға, еңбексүйгіштікке, ұлтжандылық пен отансүйгіштікке тәрбиелей алуымыз қажет. Адамзат қанша шарықтап дамыса да діни-рухани құндылықтар ешуақытта құнын жоғалтпайтынын, қазіргі таңда экономикалық тұрғыдан қанша шарықтап дамығанына қарамастан, адами қасиеттерден алшақтап, рухани азғындық салдарынан туындап жатқан көптеген келеңсіздіктер мен сол үрдіске қайшылық ретінде туындаған дінге деген ұмтылыс айқын көрсетуде.
Нұрсұлтан Серікұлы,
Сырдария ауданының
бас имамы
Фото: Ашық дереккөзден