Қарулы күштер саласының қайраткері
Тереңөзектік Дастан Смайлов ағамыз ұзақ жылдар аудандық қорғаныс істері бөлімінде жемісті еңбек етті. Кейін Тереңөзек кенті әкімдігінде жұмыс істеп, аудан орталығын абаттандыру, санитарлық тазалық жұмыстарына атсалысты. Аудандық газеттің әр нөмірін үзбей оқитын азамат жақында редакцияға соғып, саналы өмірін әскери салаға арнаған Қазақстан Қарулы Күштерінің ардагері Пайзрахман Алдабергенов туралы мақала жазылса деген ұсыныс айтқан болатын. Лайықты азамат жөнінде айтылған ұсыныс негізінде қолға қалам алып, есімі аудан жұртшылығына етене таныс тұлға туралы қалам тербедік.
Бүгінде өзі өмірден өтсе де артына өшпес із қалдырған, саналы өмірін әскери салаға арнаған Қазақстан Қарулы Күштерінің ардагері Пайзрахман Алдабергеновті сырдариялықтар жақсы біледі. Әскери қызметкерге тән мінез бен болмыс ол кісіге тумысынан ұялаған. Ісі нық, сөзі кесімді болатын. Қорғаныс саласында қызмет етуге ниетті жастарға даңқты ардагердің жүріп өткен жолы таптырмас өнеге екені сөзсіз. Мұны біз көзі тірісінде кездесіп, сұхбаттасқанымызда анық аңғарған едік.
Пайзрахман Бисенбіұлы 1946 жылдың 3 желтоқсанында дүниеге келіпті. Әкесі Бисенбі теміржол саласында 36 жыл қызмет етіп, өз ісінің майталманы атанған маман болса, анасы Шолпан Ақшалқызы – 4 ұл, 3 қыз тәрбиелеп өсірген алтын құрсақты ана. Текті әулеттен түлеп ұшқан Пайзрахман аға отбасының бесінші перзенті болған екен. Әке тәлімін, ана тәрбиесін көріп өскен жан жастайынан әскери маман болуды армандапты. Үлкен ағасы Әбдіраш Алдабергенов секілді әскери сала қызметкері болып еңбек етуді өмірлік мақсат еткен. Қаракеткен станциясында 7 жылдық білім алғаннан кейін 1961-1964 жылдары Тереңөзек ауданындағы №35 М.И.Калинин атындағы орта мектепте оқыған. Аталмыш білім ордасын тәмамдағаннан соң Отан алдындағы әскери борышын өтеу мақсатында Мәскеу қаласына аттанған. Денсаулығы сақадай-сай тепсе темір үзетін бозбала 1965-1968 жылдар аралығында №015-77 әскери бөлімінде міндетін абыроймен атқарған. Өткен күндер белесіндегі бұл кездер туралы ардагер көзі тірісінде бізге әңгімелеп берген еді.
– Біз әскери міндетті 3 жыл атқарған соңғы буынбыз. Бізден кейінгі, яғни, 1966 жылы Қарулы Күштер қатарына қабылданғандар 2 жылдықта болды. Бертін келе ол тәртіп 1 жылға қысқарды,– деп жалынды жастық шағын сағынышпен еске алғаны әлі есімізде.
Иә, бақандай 3 жыл өзге елдің ауасын жұтып, суын ішіп, нанын жеу кімге болса да оңай емес. Оған ауылдан алысқа ұзамаған Сыр баласына қиырдағы сапарда кездесетін түрлі қиындықтарды қосыңыз. Ауылдағы кеңпейілділік жоқ. Талап қатты. Тәртіп – басты мұрат. Осындай сын тезінен сүрінбей өткен Пайзрахман аға 1968 жылдың маусымында елге оралады. 19 жасында әскерге аттанған жас парызын парасаттылықпен атқарып ауылға келгенде ақыл тоқтатып, сөзі мен ісінің алшақтығы жоқ жігіт ағасына айналады. Тура 1 айдан кейін оқу орны берген жолдамамен Қармақшыдан Тереңөзекке келіп қызмет етіп жүрген жас маман Жәмилә Бақтыбаевамен шаңырақ көтеріп, отбасылық өмірге қадам басады. Игіліктің ерте болғанын қалайтын азамат көп ұзамай Тереңөзек аудандық атқару комитетіне нұсқаушы болып қызметке кіріседі. Өз жұмысына тиянақты маман ә дегеннен-ақ көптің көзіне түсіп, бір жылдан кейін аудандағы «Отан» қоғамдық бірлестігінің төрағасы болып тағайындалады. Ал 1971 жылдың қараша айында білімін жетілдіру мақсатында Орта Азия әскери округінің Душанбе қаласындағы №61-452 әскери бөлімінде оқу оқиды. Кадр жетіспеушілігінен ізденіс жолына түскен П.Алдабергенов «Штаб қызметкері» мамандығымен қоса, «Прапорщик» әскери шенін алып шығады. Осылайша, өз білімін кәсіби біліктілікпен ұштастырған ол әскери салаға табан тірейді. Тереңөзек аудандық әскери комиссариатының азаматтарды әскерге шақыру бөлімшесінің бастығы болып еңбек етеді. Осы қызметте табан аудармастан 26 жыл қажырлы еңбек етіп 1997 жылы құрметті зейнет демалысына шығады. Алайда өзіне жүктелген міндетті жоғары деңгейде атқарып, ел алғысына кенелген білікті маман зейнетке шықса да 2014 жылға дейін қорғаныс саласында жұмыс істеген.
1971 жылдан бастап Кеңес әскері қатарында және ел егемендік алғаннан кейін Қазақстан Қарулы Күштері шебінде әскери борышын өтеген мыңдаған азаматтарды тіркеп, оларды әскери бөлімдерге бөліп, міндеттерін адал және қалтқысыз өтеуіне сүбелі үлес қосқан П.Алдабергенов қызмет еткен жылдары түрлі марапаттармен наградталған. «Қарулы Күштер қатарындағы мінсіз қызметі үшін» ІІІ дәрежелі медальмен 1980 жылы марапатталса, дәл осы медальдің ІІ дәрежелісі П.Алдабергеновке 1985 жылы берілген. Ал І дәрежелі медальді 1995 жылы омырауына таққан. «Әскери комиссариаттың құрылғанына 80 жыл», «Қазақстан Республикасының Қарулы күштеріне 20 жыл» мерекелік медальдарын иемденген. Сондай-ақ облыстың қоғамдық-саяси, әлеуметтік дамуына сіңірген еңбегі үшін облыс әкімі Б.Қуандықовтың қолынан «Қызылорда облысына 70 жыл» медалін алған. Адал қызмет етуді жұмысының басты арқауы еткен П.Алдабергеновке республикалық «Отан» қоғамдық бірлестігі төрағасының 2007 жылы 26 шілдедегі бұйрығымен «Отан» РҚБ сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісі де табысталыпты. Әскери салада еңбек етумен қатар, қаһарман ерлердің Отан қорғау шебіндегі теңдессіз қайсарлығын жастарға насихаттаған Пайзрахман Бисенбіұлы ҚР Қорғаныс министрі М.Алтынбаевтың қолы қойылған «Құрмет Грамотасымен» марапатталғаны ұзақ жылдық еңбегінің өтелгені десек жарасады. Ол сондай-ақ зейнетке шықса да әскери киім киіп жүруге рұқсат берілген аудандағы бірден-бір ардагер еді.
Қарулы Күштер қатарына өмірін арнаған білікті маман қызмет еткен жылдары Тұрсынкүл Наурызбаева, Манат Өтепова, Мұрат Смайлов, Мейрамбек Дүржанов, Дастан Исабекұлы, Ғалымжан Сейсенов секілді артынан ерген інілерін тәрбиелеп, олардың қызметте абырой тұғырына көтерілуіне өзіндік үлес қосқты. Аталған жандардың бірқатары өмірден ерте озғанымен аудандағы әскери саланың дамуында өшпес қолтаңбалары бар. Олардың ізін жалғаған мамандар бүгінде ауданның қорғаныс істері саласында жемісті еңбек етуде. Осы мақаланың жазылуына ұйытқы болған Дастан Смайловтың да аға буын өкілі туралы айтар естелігі көп.
– Әскери сала үшін қызмет етуге жаралған бір адам болса, ол біздің Пайзрахман аға еді. Нағыз тәртіптің, тазалықтың, тиянақтылықтың адамы болатын. Есте сақтау қабілеті мықты еді. Бүгінгі жұмысты ертеңгі қалдырмайтын. Бәріміздің ортақ ұстазымыз, жолбасшымыз болды. Мыңдаған азаматтың әскерге аттануына, елге келіп, қызмет атқаруына септігін тигізді. Осындай ардақты азамат туралы мақала жазылса деп ойладым. Бұл ұсынысқа қолдау көрсеткен аудандық газет ұжымына алғыс айтамын. Біз ауданымыздың дамуына айрықша үлес қосқан азаматтарды ұмытпауымыз қажет. Олардың еңбегін насихаттау, дәріптеу, өскелең ұрпаққа таныстыру – бәріміздің ортақ міндетіміз, – дейді Дастан Смайлов.
Азаматтық болмысы бөлек Пайзрахман Бисенбіұлы отбасында абыройлы әке, ардақты ата бола білді. 30 жыл денсаулық сақтау саласында еңбек етіп, бүгінде бейнетінің зейнетін көріп отырған Жәмилә Бақтыбаева екеуінен 3 ұл, 2 қыз тараған. Ұлдың үлкені Әділхан әке жолын қуып, әскери салада еңбек етсе, отбасындағы екінші ұл Уәлихан «Қазақстан темір жолы» АҚ Сырдария аудандық бөлімшесінде қызмет етті. Қыздан үлкені Алтынай шекара саласының қызметкері. Ал қара шаңырақтың иесі Нұрлан әулетке Шынар есімді келін түсіріп, бүгінде әке ошағының отын тұтатып отыр. Кенже қыздары Нұргүл Қызылорда қаласында денсаулық сақтау саласында еңбек етеді. Перзенттерінің бәрі аяқтанған. Абыройлы әулеттермен құдандалы. Бәрінің алдында «Алдабергеновтер әулеті» сыйлы, құрметті. Осы ұл-қыздардан бүгінде Пайзрахман аға мен Жәмилә апа немере шөбере сүйді.
Көзі тірісінде Пайзрахман Бисенбіұлымен сұқбаттасу барысында дана халқымыздың «Көргені көп көш бастар» деген сөзі ойға оралған еді. Бұл көпті ілгері бастау үшін елге тұтқа болар, көкірек көзі ашық, ойы да, қимылы да өзгеден ерек жандарға арналып айтылған сөз болар. Мен сондай жандардың қатарында Қазақстан Қарулы Күштерінің ардагері П.Алдабергеновті қосар едім. Ол сонау кеңестік кезеңде аудан аумағында түрлі салада басшылық қызмет етті, ел дамуына үлес қосты. Тынымсыз еңбегімен құрметке бөленді. Қызмет барысында жақсы нәтижелерге қол жеткізгені де халық жадында. Сондықтан жұртшылық даңқты ардагерді ешқашан ұмытпайды.
Ақтөре ИБРАГИМҰЛЫ