Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Есімі мен еңбегі ел жадында

Есімі мен еңбегі ел жадында

Аудандық газет редакциясы тұрақты оқырмандардың ұсыныс-пікіріне әркез ден қойып, ақпараттық қолдау көрсетіп келеді. Бұл жолы бізге Н.Ілиясов ауы­лы­­­нан Шолпан Тойбаева мен Сәрсен Қарақаева есімді ардагер ұстаздар хабарласып, №132 Т.Айтбаев (кезінде Э.Тельман) атындағы мектептің ұлағатты ұстазы, Ұлы Отан соғысының ардагері Алмат Наурызбаев туралы мақала жазылса, өнегелі өмір иесінің еңбек жолы мен атқарған қызметі насихатталса деп ұсыныс айтты.

Ардагер ұстаздардың ұсынысынан кейін қолға қалам алып, саналы ғұмырын ұрпақ тәрбиесіне арнаған ардақты азамат туралы жазуды жөн көрдік.

– Әр адамның өмір жолында үлгі тұтатын бір адам болады. Біздің де ұстаздық жолымызда «осы кісілердей болсақ, солардан үлгі алсақ, үйренсек» дейтін алдыңғы толқын ұстаздарымыз болды. Сол кісілердің атқарған өнегелі істерін, айтқан ұлағатты сөздерін ой елегінен өткізіп, күнделікті өмірімізде пайдалануға тырыстық, соларға қарап бой түзедік. Осы ұстаздарымыздың арасында біз қызмет атқарған №132 Т.Айтбаев (кезінде Э.Тельман) атындағы мектептің ұлағатты ұстазы, Ұлы Отан соғысының ардагері Наурызбаев Алмат ағайдың орны біз үшін ерекше деп айтуымызға болады. 40 жылға жуық еңбек өтілімізде Алмат ағайдың көп қамқорлығын, жанашырлығын, ұстаз ретіндегі өнегесін көрдік, – деп бас­тады Шолпан Тойбаева апай бізбен әңгімесін.

Ұлағатты ұстаздың сөзін әріптесі жалғай түсті. Сәрсен Қарақаева апайдың айтуынша, кейіпкеріміз А.Наурызбаев соғыс өрті тұтанған сонау 1941 жылы 7 жылдық мектепті бітірген екен. Сондықтан да бейбіт күннің қадірін білудің маңызын әркез айтып отыратын болыпты. Себебі Қызылорда қаласындағы педагогикалық училищеге түсіп, болашақ арман-мақсатын жүзеге асыру үшін оқып жүргенде 1942 жылы өз қатарлы жастармен Отанын қорғау үшін сұрапыл соғысқа аттанған. Майданның өрті мен отын көзбен көрген жауынгер соғысты Венгрия жерінде аяқтайды. Соғыс даласында көрсеткен ерлігі үшін екі мәрте «Даңқ», «Қызыл жұлдыз» ордендерімен және бірнеше медальдармен наградталады. Жеңісті жақындатуға айрықша үлес қосқан А.Наурызбаев елге аман-есен оралғаннан кейін ауылдың шаруашылық жұмыстарына араласып, ел еңсесін тіктеу жолында тер төгеді. Кейін өз мамандығы бойынша мектепке жұмысқа орналасып, ұстаздық қызмет етеді.

– Алмат Наурызбаев 1960-1961 жылдары мектеп директоры қызметін абыроймен атқарып, 1981 жылы құрметті еңбек демалысына шыққанша мектеп директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары болды. Ағайдың болмыс-бітімінен үлгі-өнеге анық байқалып тұратын. Әсіресе жас ұстаздардың өмірге, еңбекке, қоғамға жете араласуына үлкен мән беріп, көңіл бөлетін. Ол кісінің қамқорлығы, ақыл-кеңесі, ағалық мейірімі күні бүгінге дейін біздің жадымызда сақтаулы. «Жақсының аты өлмейді» деген осындайда айтылған шығар, – дейді Шолпан Тойбаева.

А.Наурызбаев ұстаздық еңбек жолында талай шәкіртті шыңға шығарған. Ауыл балаларының білім бәсекелеріне қатысуына жол ашып, биік белестерді бағындыруына қолдау көрсеткен. Сабақ беру тәсілі де ерекше болған деседі көзкөргендер. Оқушыларға патриоттық тәрбие берудегі кәсіби шеберлігі жоғары болған.

– Ұстаз мектепте ғана емес, өмірде ұстаз болуы керек. Осынау тағылымды сөз біздің Алмат ағайға қарата айтылғандай. Себебі ол кісінің әр сабағы әсерлі, тың жаңалықтарға толы болатын. Оқушымен тиімді байланыс орнатуды, ұрпақтың бойына отансүйгіштік, адалдық, әділдік секілді қасиетті сіңіруді біз А.Наурызбаевтан үйрендік. Бір сөзбен айтқанда, ол кісі ұстаздардың ұстазы еді, – дейді Сәрсен Қарақаева.

Халық даналығында «Таулар алыс­таған сайын биіктей береді» деген даналық сөз бар. Бұл қанатты қағиданы тау тұлғалар жөнінде айтса да болады. Бүгінде А.Наурызбаев өмірден өткенімен, оның артында өшпес із, ұмытылмас ұлағатты іс қалды. «Адам ұрпағымен мың жасайды» демекші, артында қалған ұл-қызы, ұрпағы бір-бір мамандықтың иесі атанып, елдің әлеуметтік-экономикалық, қоғамдық-саяси және рухани-мәдени дамуына атсалысып жүр. Олар түрлі салада абыройлы еңбек етуде. Үлкен қызы Мәлике әкесінің жолын қуып, ұстаздық қызметін абыроймен атқарып, зейнет демалысына шық­ты. Меруерт денсаулық сақтау сала­сының ардагері болса, Құндызай меди­цина саласында қызмет етеді. Ал Жұлдызай тарих пәнінің мұғалімі, Мамыржан құқық қорғау органында жұмыс істеп, қазір кәсіпкерлікпен айна­лысуда. Әміржан мен Сабыржан ауыл шаруашылығы саласының мамандары. Бауыржан өмірден өтіп кетті. Алмат ағайдың жұбайы Амантай апа мәуелі бәйтеректей немере-шөберелерінің қызығын көруде. Бұл күнде ұл-қыздан тараған 24 немересі мен 36 шөбересі бар. Ұлағатты ұстаз, Ұлы Отан соғысының ардагері Алмат Наурызбаевтың ұрпақтарының ұйыт­қы болуымен әрі демеушілігімен ауыл мектебінде бірқатар іс-шара ұйым­дастырылмақ. Бұл өнегелі өмір иесінің еңбегі мен есімі ел жадында екенін білдіреді.

Ақтөре ИБРАГИМҰЛЫ
07 мамыр 2024 ж. 182 0