ТАМСАНДЫРҒАН, ӘН САЛДЫРҒАН, АУЫЛЫМ!
Елбасы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында: Біз «Жаныңда жүр жақсы адам» деген сөздің байыбына бара бермейміз. Шын мәнінде, Тәуелсіздік дәуірінде өзінің еңбегімен, білімімен, өнерімен озып шыққан қаншама замандастарымыз бар. Олардың жүріп өткен жолдары – кез-келген статистикадан артық көрсеткіш» деген болатын. Ақжармада шаруашылық саласында қажырлы еңбегімен табысқа жеткен алдыңғы қатарлы азаматтар жетерлік. Әрбір ісі өнеге, жеткен жетістігі тәлім тәрбиеге мол. Бейнет түбі-зейнет демекші, омырауына алтын награда таққан азаматтарымыз бүгінгі күннің мақтаныштары.
Ауылдың озат еңбеккерлерін жас ұрпаққа үлгі ету мақсатында ауылдық мәдениет үйінде №130 Абай атындағы орта мектебінің музыка пәнінің мұғалімі Мұстафаев Серіктің ұйымдастыруымен «Тамсандырған, ән салдырған, ауылым!» атты ауыл еңбеккерлеріне арналған мектеп көркемөнерпаздарының концерті болып өтті. Концертке ауылдың озат еңбеккерлері, ауыл әкімі, ардагер ұстаздар, шаруашылық басшылары арнайы қонақ ретінде шақырылды.
Концерт барысында жыл қорытындысы бойынша озат атанған күрішшілер, комбайнерлер, жаткистер, тасымалдаушылар, озат бригадирлердің есімдері аталып, олардың еңбектері мен марапаттары баяндалды. Ауылдың өсіп өркендеуіне, ауыл экономикасының дамуына үлес қосып жүрген іскер азаматтар Бисенов Марат, Нұрсейтов Қайраттың еңбек жолдары, атқарып жатқан игі істері, алған марапаттары туралы мағлұматтар берілді.
Концерт соңында мектеп бітіруші түлек Бөрібайұлы Еркебұланның қолынан шыққан өнер туындысы мектеп оқушыларынан естелік ретінде шаруашылық төрағаларына тарту етілді.
Мерей Бақытбек,
Ақжарма ауылы
Ақжарма ауылы