Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Мәшһүр-Жүсіп әлемі

Мәшһүр-Жүсіп әлемі

Ұлтымыздың дана перзенттерінің бірі – Мәшһүр-Жүсіп Көпейұлы. Осынау ағартушы, шежіреші, ауыз әдебиеті үлгілерін жинаушы, көрнекті ақын, ойшыл, рухани қайраткер Мәшһүр-Жүсіп Көпейұлының бітім-болмысы, шығармашылық мұрасы зерделеніп біткен жоқ. Халық оны көзі тірісінде-ақ «әулие» атауы – өз алдына бөлек зерттеуді талап ететін тақырып.

Ал енді балалықтың бау-бақ­ша­сынан даналықтың дария­сы деңгейіне көтерілген Көпейдің Жүсібі 1858 жылы Семей облысы Баянауыл сыртқы округі аумағындағы Баянауыл мен Қы­зыл­тау тауларының арасында орна­ласқан Ашамай тасы деген жерде дүниеге келген. Ата-ана­сының азан шақырып қойған есімі – Адамжү­сіп. Қаршадайынан (9 жас) қисса-дастандарды жатқа айтып, ел көзіне түскен баланы бірде аға сұлтан Мұса Шорма­нов шақырады. Алқалы жиында тарихтың тамырынан тартып, талай жыр-дастанды төгілте орын­даған балаға риза болған ел ағасы: «Өз заманында халқына мәшһүр болатын бала екен», деп есіміне «Мәшһүр» атын қосыпты. Асылында, «мәшһүр» сөзі араб тілінде «танымал» дегенді біл­ді­реді. Айтқанындай-ақ, жақын жұртынан төрткүл дүниеге дейін танылады.

1861 жылдың қысы қатты бо­лыпты. Жұт жеті ағайынды де­мекші, аштық та бала Жүсіптің от­басын айналып өтпейді. Жер­төледегі жемінен қорадағы малына дейін айырылады. Сонда жет­кіншек Жүсіптің көреген әкесі: «Адам­ға мал жолдас болмас, ғы­лым жолдас» деген шешімге келіп, баласын оқытуға бел буады. Содан бес жылдай (1863-1868) Баянауыл медресесінде өңірге танымал Нә­жі­меддин (Қамаратдин) молда­дан білім алады. Болашағынан зор үміт күттіретін бала өте ыжда­ғат­тылықпен оқып, көп ұзамай ерек­ше табиғи ақыл-ойының, та­бан­дылығының, тәртіптілігінің арқасында медреседегі барлық мол­даның назарын өзіне аударады. Зейіні мықты, зерек Жүсіп өзінен үл­кен балаларды да басып озады.

Жылдар жылжып, бала Жүсіп дана Жүсіптің алғашқы бас­­­пал­­дағын аттайды. Мәш­һүр-Жүсіп 1872–1874 жылдар ара­лы­ғында Бұхарадағы Көкілташ медресесінде оқып, араб, парсы тілдерін жетік меңгеріп шыға­ды. Ол Низами, Науаи, Сағди, Хафиз, Физули және басқа да Шығыс әдебиеті өкіл­­дерінің шығар­ма­ла­рын түп­­нұсқадан еркін оқи алатын дең­гейге көтеріледі.

Мәшһүр-Жүсіп жас кезінен-ақ халық ағарту ісі мен ғылым сала­сына ден қоя бастайды. Туған жері Қызылтауда жерлестерінің ба­ла­ларына арабша тіл сындыртып, дәріс беріп, олардың білім мен ғылымға деген құштарлығын арттырып, қолөнер, егіншілік, сауда, мал шаруашылығымен бі­лек түре шұғылдануға шақырды. Зама­нының заңғары Мәшһүр-Жү­сіп «Білім алып, өмірлік қажетті іскер­лік пен дағдыларды меңгеру – ұлттық ояну мен өркендеудің бір­ден-бір жолы» деп білді.

Рухани қайраткер Мәшһүр-Жүсіп Көпейұлы Алаштың озық ойлы зиялыларымен тығыз байланыста болды. Қазақтың қара нары, әлемге әйгілі балуан Қажымұ­­қан Мұңайтпасұлымен де дәм-тұз­дас болған.

Мәшһүр-Жүсіп шығармалары­ның басым көпшілігі адалдық пен адамдық туралы толғамды ойға толы. Жазбалары жақсылықтың жаршысындай еді. Жастарды бі­лім­ді әрі саусағынан бал тамған өнер­паз болуға да үндеді. Оның мысалдары мен өлеңдерінде халқына деген терең сүйіспеншілігі, оқу-ағарту ісін дамытып, әлеуметтік әл-ауқатқа жетуге деген уайымы аңғарылады. Мәшһүр-Жүсіп философия, медицина, астрономия, геология, география, этнография, фольклор, тіл білімі, педагогика, дінтану саласында зерттеулер жүргізіп, дала мәдениеті туралы терең дәлелді пікірлерін ұрпағына мұра етіп қалдырды.

Ғалым әрі ақын туған елінің тарихы мен мәдени мұрасын түгендеуді өзінің өмірлік мұраты деп білді. Мәшһүр-Жүсіп Көпей­ұлы ауыз әдебиеті үлгілерін жи­нақ­тауды жастайынан бастады. 1865 жылы «Ер Олжабай батыр» дастанын жазып алды, бұған ұста­зы Қамар хазіреттің ықпалы мен кө­мегі зор еді. Ол жасөспі­рім кезінен Абылай хан, Қазыбек би, Бөгенбай батыр және басқа да көптеген атақты тарихи тұлға туралы деректерді қағазға түсірген.

Саналы ғұмыры білім мен ғы­лым кеңістігіндегі өзіндей сайып­қырандармен аралас-құралас, ой пікірлес болып өтті. Со­ның бірі – белгілі шы­ғыс­танушы-түрколог В.В.Радлов еді. Орыс ғалымы қазақ ауыз әде­бие­ті үлгі­лерін жинаушы ре­тін­де Кө­пей­ұлының өмірлік ұста­ным­да­рының қалыптасуына ықпал етті. В.В.Радлов ауыл-ауылды аралап, XVIII-XIX ғасырлардағы ақын-жыраулар шығармаларын, айтыс­тар мен жыр-дастандарды, аңыз-әңгімелерді қағаз бетіне түсірді.

Мәшһүр-Жүсіп сонау Омбы­дан Павлодар, Семей, Петро­павл, Атбасар, Ақмола жерінде орна­ласқан көптеген ауыл­ды, Оң­түстік және Ба­тыс Қазақстан аумағында­ғы елді мекендерді аралады. Ол осын­дай сапарларында атақты тұлғалар: хан Кене­нің ұрпақтарымен, Мей­рам қа­жы Жанайдарұлымен, сондай-ақ Ақан сері, Саққұлақ бимен де кез­десті. Ақынның шы­ғар­ма­лары кейінгі ғалым-фольк­лор­­­­­­­та­нушылар, тарихшылар мен әде­­­­биеттанушылардың зерттеуіне жол ашты.

1889-1891 жылдар аралы­ғын­­да Кіші жүздің жерін аралап, Жәңгір сұлтанмен, батыр Нау­ша Қаржауұлының шөбересі Қадыр­мен де кездеседі. Сол сапарында Жәң­гір хан, Исатай, Шернияз, тама руынан шыққан Сарыбас мерген туралы деректерді жазып алады. Кіші жүздің таңба, ұран, әпсаналары туралы мәліметтерді жинап, талдайды.

Мәшһүр-Жүсіптің көне ауыз әдебиеті жырларын шашау шы­ғармай жинағанының арқасында кейінгі ұрпаққа баға жетпес тарихи аңыздар, этнографиялық материалдар мен хан-сұлтандар, жыраулар мен билердің, батырлар мен қожалардың егжей-тегжей шежіресі жетті. Шығармалары­ның барлығында дерлік адам мен табиғаттың өзара байланысы және үйлесімділігін сипаттап, «қайы­рымды іс сауапқа кенелтеді» деген тұжырыммен тәмамдайды.

Көрнекті ағартушы ортаға­сыр­лық тарихи деректердің түп­нұсқаларын терең зерттеп, Қазақ хандығының құрылу уақыты мен хан, сұлтандар шежі­релерінің бірнеше нұсқасын жазып кеткен. Мысалы, Мәш­һүр жинастырған әдеби-тарихи мұра­ларда есімі жиі айтылатын тұлға – Абылай хан. Мәшһүр-Жүсіп Абылай ханның ата тегі, өскен ортасы, биліктегі ­саяси қызметі, оның хандық құр­ған кезе­ңі туралы деректер ар­қы­лы өз заманының ең көрнекті де бе­делді билеушісі бол­ғанын жазады.

Мәшһүр-Жүсіп жазба мұрасы­ның ерекшелігі – тарихи деректерге, сондай-ақ көптеген билеушінің (Қасым хан, Есім хан, Тәуке хан, Абылай хан, Кенесары хан, т.б.) өміріндегі оқиғаларды егжей-тег­жей сипаттап баяндауы. Мысалы, оның жазуынша Тәукенің шешесі – қалмақтың хошоут тайпасының билеушісі Күнделең тайшының қызы. Жәңгір өлгеннен кейін Тәуке жас болғандықтан қазақ хандығын сұлтандар биледі. Мәшһүр-Жү­сіп Тәукенің кемеңгер, зерделі би­леуші болғанын жазады. Ол, әсіресе, Абылай хан мен Кенеса­ры хан сынды тұлғаларға терең тоқ­талған. Сондай-ақ ол жинаған шығармалардың едәуір бөлігі Қазыбек би, Байдалы би, Едіге би, Бөлтірік би, Тайкелтір би, т.б. билер мен жырауларға арналған.

Фольклоршы Шыңғыс хан, Жошы хан, Шейбани хан, Хулагу, т.б. тұлғаларды да терең зерттеген десек те болады. Мысалы, қа­зақ халқының үш жүзге бөліну уақытына қатысты көзқарастары ерекше қызығушылық тудырады. Оның пайда болуын Майқы бидің дәуірімен байланыстырады.

Бұқар жырау, Көтеш Райым­бекұлы, Жанақ Сағындықұлы, Шер­нияз Жарылқасұлы, Орын­бай Бертағылұлы, Мәделі Жүсіп­қожаұлы, Шортанбай Қанайұлы, Күдеріқожа Көшекұлы, Ақмолла Мұ­хамедиярұлы, Біржан Қожа­ғұлұлы, Базар Оңдасұлы, Ақан сері Қорамсаұлы, Абай Құнанбай­ұлы, т.б. қоғам қаймақтарының туындылары Мәшһүр-Жүсіптің хатқа түсіруінің арқасында бүгінге жетті.

Жоғарыда аталған ерекше­лік­терімен қоса, Мәшһүр-Жүсіп тамаша өлкетанушы болған. Атап айтқанда, хан Абылайдың жа­­қын серігі, кеңесшісі Бұқар Қалқа­манұлының жерленген орнын анық­таған да осы – Мәшһүр Жү­сіп Көпейұлы.

Ол шығармаларында, атап айт­­қанда, «Сарыарқаның кім­дікі екендігі» деген туындысында Сарыарқа жерінің жоңғарларға қар­сы қан төккен қазақ хал­­қы­на тие­сілі екендігіне тоқта­лып: ­

«...Бұл қазақ иесіз жатқан жерге текке келіп ие болған жоқ. Ақ най­заның ұшымен, ақ білектің күшімен кеше Қаракерей Қабан­бай, Қанжығалы Бөгенбай, Қаз­дауысты Қазыбек, Шақшақұлы Жәнібек замандарында жаннан кешіп, сусын орнына қызыл қан ішіп, жаумен алысып, жатпен соғысып, күні-түні атысып, қара қанға батысып, шыбын жанын нысанаға байлап, не маңғаз сарбаздарды жау жолында оққа ұшырып алынған жер еді. Мен олардың не үшін құрбан болғандарын мәңгі есте сақтау үшін осы қиын жылдарды ұмытпаймын. Олар осы жер-суды болашақ ұрпаққа қалды­ру үшін жан пида болды», деп түйіндейді.

Ұлы ойшыл Наурыз мереке­сін тойлауға ерекше тоқталып, қа­зақ халқы бұл мерекені 2500 жылға жуық, айта кетсек, ислам діні тарағанға дейін де тойлағанын атап өтті.

Ақын әрі философ Мәшһүр-Жүсіп мақалалары 1880–1895 жылдары «Дала уәлаяты» газе­тінің» бет­те­рінде, 1887 жылы Таш­кент басылымдарында жария­лана бас­­тады. 1911–1912 жылы жеке фольклорлық шығармалары да «Айқап» журналына шықты. Ол тек әлеуметтік, экономикалық мә­се­лелерді ғана емес, ұлттық тарих мәселелерін де қозғады. 

Шығыс тілдерін жетік меңгер­ген Мәшһүр-Жүсіп араб, парсы ­поэзиясына терең үңіледі. Шы­ғыстық са­рын­­ға сүйене оты­рып, «Гүлшат-Шеризат», «Ғибрат­на­ма», т.
б. дас­тандарын жазды. «Иса­бек ишан», «Мұса Шорманұлы» ат­ты жоқ­тау өлеңдері де белгілі.

Данышпан ақын поэзиясы­ның көп бөлігін діни тақырып­тар­ға арнады. Мысалы: «Сүлеймен мен Ібіліс», «Ықылас сүресі», «Ме­шіт зары», «Жеті тозақ баяны», «Пай­ғамбардың хадис сөзі», т.б. өшпес мұраларын қалдырды.

1919 жылы «Трудовая Сибирь» журналында Алаш зия­лылары­ның жас буыны, көрнекті қай­­рат­кер С.Сәдуақасұлы «Кир­гизская ­литература» атты ма­қа­ла жариялап, Мәшһүрдің қазақ жазба әде­бие­тін құрудағы маңызды рөлін атап көрсетеді. 1930-1940 жылдары оның мұрасын зерттеу басталды. Бірақ тоталитарлық жүйе бұл жұмысқа тыйым салды.

Ақынның әйгілі «Шайтанның саудасы» дастаны 1946 жылға де­йін республиканың жалпы білім беретін орта мектептерінің 8-сыныбына арналған «Қазақ әдебие­ті» оқулығының хрестоматиясына 4 рет өңделіп енгізілген болатын.

Қазақтың маңдайына біткен біртуар перзенті қоғамдық-саяси қызметке белсене аралас­ты, патша үкіметінің отарлау саясатына қарсылығын да ашық білдірді. 1893 жылы өлкеде патша режімі­не қарсы бағытталған өлеңдері мен мақалаларын жариялады. Сөй­тіп, 1905 жылы 9 қаңтарда Ре­сейде болған қанды жексенбі оқи­ғасы дала қайраткерін бейжай қалдырған жоқ. Патша үкі­метінің озбырлығы мен шектен шығуына қарсы қара халық кү­ресін жақтаушы болды. Ақын Ре­сейдің еуропалық бөлігінен қоныс аударған шаруалардың пайдасына ең құнарлы жерлерді жаппай басып алу үдерісі басталғанда жай­барақат отыра алмады. 1907 жы­лы Қазан қаласында «Тіршілікте көп жасағаннан көрген бір тамашамыз», «Сарыарқаның кімдікі екендігі», «Хал-ахуал» атты үш кітабы жарық көрді. «Сарыарқа­ның кімдікі екендігі» кітабында автор тарихи деректерді пайдала­на отырып, даланың, шын мәнін­де, оның нағыз автохтонды иеле­рі – қазақтар екенін дәлелдеген. Осыдан соң билік кітап­тың таралымын түгел тәркілеп, ақынның өзін саяси сенімсіз адамдар қа­тарына қосады. Оның басқа да ең­бектерінде жалпы білімге, сөз бостандығына қол жеткізу мәсе­лелері көтерілді. Патша­лық цензура оның шығармаларын «қа­уіпті» деп танып, автор саяси қуғын-сүргінге ұшырады да, шұ­райлы Баянауыл жерін тастап, туған өлкесінен тысқары кетті. Мәшһүр-Жүсіп 1916 жылғы патша жарлығын қолдамады. Ол жа­за­лаушы жасақтардың қолынан қыруар адам шығыны болатынын күні бұрын білген еді. Ақынның баласы Әмен тыл жұмысына ке­теді. Қазан төңкерісі мен кеңес өкі­метінің орнауына да көңілі тола қоймады. Алашорда үкіметі озбыр­лық­пен талқандалып, кеңес өкі­метінің ашық қылмысынан ке­йін большевиктерге сенімі жо­ғалды.

Мәшһүр-Жүсіп Көпейұлы дін­дар адам болған. Дегенмен шы­ғармаларында жартылай сауатты молдалардың екіжүзділігін ымырасыз әшкереледі. Халық оны әулие, көріпкел санады. Ол өзінің өлімін болжап, көзі тірісінде-ақ асын бер­гізіп, болашақ жерленетін орны­на өзіне арнап шағын кесене тұрғызған.

Ол бірқатар өлеңдерін Мекке мен Мединеге қажылыққа бар­ған белгілі абыздарға арнаған («Шон­тыбай қажы», «Жантемір қажы»). Шығармасында адал қызмет етіп жүрген дін қайраткерлеріне құр­мет көрсетеді. Діни тақырып­тар­да да әулиелердің өмірі, тари­хи тұлғалар («Асан қайғы»), пай­ғам­барлар («Сүлеймен мен құ­мырсқа», «Нұх пайғамбар мен кем­пір»), т.б. туралы көп дерек жинады.

Көптеген зиярат етушілер мен жер­лестері ғұлама әулиемен сөй­лесуге тырысып қана қоймай, балаларына азан шақырып ат қою­ды да жиі өтініп сұрайтын. Мәсе­лен, атақты академик Шапық Шө­кин­ге есім берген – Мәшһүр-Жү­сіп Көпей­ұлы. Оның жарлы-жақы­байларға мал үлестіріп берген кез­дері де жетерлік.

Ұлы ақын Абай Мәшһүр-Жү­сіпті қадірлеген. Бірде Тобық­ты еліне жолы түскен Мәшһүр-Жүсіп арнайы сәлем беру үшін Абай ақынның үйіне келеді. Табал­дырықты аттап үйге кіре берген­де Абай тосын сауал қойып: «Ақыл­дының өзінен бұрын айтқаны же­теді деген. Атың құлағымды сарсы­лтып еді, шынымен Мәшһүр бол­саң айтшы кәне: «Құдай қайда? Жұмақ пен тозақ қайда?» депті. Сонда Мәшһүр-Жүсіп кідірместен: «Абайдың Құдайының қайда еке­нін білмедім. Менің Құдайым жүрегімде!» деген екен. Абай есті сөзді естігеніне риза болған шырай танытып: «Мәшһүр десе дегендей екенсің!» деп, қолын алып, төрін ұсыныпты. Абайдың ұлы Әбдірахман Мәшһүр-Жүсіптің терең біліміне тәнті болып: «Біл­мейтіні жоқ!» деп жігерлене айт­қан екен.

Ұзақ уақыт бойы ғұламаның бай мұрасы, оның ішінде поэ­зия­сы мүлдем ұмыт болды. Ком­му­нистердің пікірінше, «оның ең­­­бектері атеистік идеологияға қайшы».

Сонау 1920 жылдың күзінде Мәшһүр Сарыбұлақ аймағына келіп, балаларымен бірге қыстақ салуға кіріседі. Ғұламаның өзі бұл аймаққа «Иесі келді» деген жаңа атау берді. Кейін бұл аймақ Ескелді деп атала бастады. 1927 жылдан 1931 жылға дейін, яғни қайтыс болғанға дейін осы қыстақта тұрады. М-Ж. Көпейұлы 1931 жылы 27 қарашада дүниеден өтті. Павлодар облысы Баянауыл ауданы Ескелді ауылында жерленген. Артында үш ұл, бір қызы қалды. Үлкен ұлы Шәрәпи де дарынды ақын болған. Әмен парсы, араб, орыс тілдерін білген. Кенже ұлы Фазыл өз ауылында шағын мектеп ашып, мұғалім болды.

Мәшһүр-Жүсіпті ұрпақтары да, жерлестері де ұмытқан жоқ. Туған ауылында республикадағы жал­ғыз мұражай ашылып, оның жеке зат­тары, кітаптары, тұрмыстық бұ­йымдары жинақталған. Пав­лодарда «Мәшһүр Жүсіп оқулары» атты республикалық конферен­ция­ тұрақты өткізіліп тұрады. Пав­ло­дар қаласында салынған Орта­лық Азиядағы ең үлкен мешіт Мәшһүр-Жүсіп атында.

Діндар ақынның туған жері Ескелді ауылында зиярат ететін орынға айналған зәулім кесене бой көтерді. 2016 жылы жалпы білім беретін мектептердің 8-сыныпқа арналған «Қазақстан тарихы» оқу­лығында М.Ж. Көпейұлының өмірі мен қызметіне жеке пара­граф арналған.

Бүгінгі таңда ұлы ойшыл, әулие атанған Мәшһүр-Жүсіп­­тің мұрасы 20 том болып жа­рық көрді. Олар Қазақстан Респуб­лика­сының Ғылым академиясында, Алматы қаласының Орта­лық кітапханасында, М.Әуе­зов атындағы Әдебиет және өнер инс­титутының қолжазба қорында және ұрпақтарының қолында сақ­таулы. Қол­жазбалардың бір бө­лігі Мәш­һүр-Жүсіп Көпейұлы атын­дағы мұражайда тұр. Оның қол­жаз­баларының көбі күшәла қосылған сиямен жазылғандық­тан, жақсы сақталған.

Қазақтың ойшылы Мәшһүр-Жүсіп Көпейұлының кейінгі ұр­пақ­қа қалдырған рухани мол мұ­расы – нағыз парасаттылық­­тың, инабаттылықтың, киеліліктің, ­ар-намыс пен тектіліктің жар­қын үлгісі. Бұл мұра – қазақтың тарихын түгендеуде, әдебиетін жүйелеуде таптырмас алтын қа­зына. Сол қазынаны ұлтымызға және әлемге жеткізу – бүгінгі ға­лымдардың, аудармашылардың абыройлы міндеті.
 

Зиябек ҚАБЫЛДИНОВ,
Ш.Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының директоры,
ҰҒА корреспондент-мүшесі,
Фото: Еgemen.kz
15 қыркүйек 2023 ж. 240 0