Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » » Үкі неге киелі саналады?

Үкі неге киелі саналады?

Ұлтымыздың наным сенімінде киелі саналатын құстар туралы көп айтылады. солардың бірі – үкі. Үкі – жыртқыш құс, жол көрсетуші деп те атайды. Ежелден келе жатқан сенім бойынша үкіні бесікке, жас сәбидің қалпағына, тіпті соңғы кезде жас келннің шымылдығы мен орамалына дейін тағып қоятын болған. Оның себебі үкі қауырсынына балаға қауіп келтіретін жәндіктер мен улы құрт-құмырсқа жоламайды екен.

Үкінің қауырсынын көліктеріне де іліп қоюды жақсы ырымға балайтындарды да кездестіреміз. Бұл наным бо­­­йынша мамық ұлпа жамандық атаулыдан қорғайтынға сенген. Бұрын ата-бабамыз ырым үшін арнайы үкіні аулап, оған зиянын тигізбей бауырынан жұлып алған көрінеді. Ал қазір үкінің жасанды түрі шыққандықтан, көп ретте адамдар табиғи үкіні пайдалана бермейді.

Жалпы, үкі – жемтігін көбіне түнде аулайтын, басы үлкен, көзі бақырайған, қауырсыны жұмсақ құс. Олар орманды мекендеп, ұшқан сәтте дыбыс шы­ғармайды. Бұл құс түрлері жұп­та­рына берік болады екен.

Ел аузындағы аңыздардың бірінде ақын Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының та­қиясындағы үкінің тарихы зор екені айтылады. Сондай ел ішіндегі әңгімелердің бірі былай дейді. Бірде хазіреттің үйіне сәлем беріп, қонақ болған аға сұлтан Шорманның Мұсасы атына қанық болған Жүсіпті тыңдап көрмек болады. Сөзге шешен, тілге ұста кіп-кішкентай Жүсіптің өнеріне сүйсінбеген жан қалмайды. Сол мәжілісте Мәшһүрдің әкесі Көпей де болыпты. Ол кісі жылы жүзді, жұмсақ сөзді, таза құлықты кісі болған екен. Шорманның Мұсасы Көпейге «Мына балаңа мұнан бұлай үкі тақтырып қойыңыз. Көз-тілге шет болмасын. Бұл өз заманына Мәшһүр болатын бала екен» – деп жылы лебіз білдіріпті. Шорманның Мұсасының аузы дуалы болып шықты. Халық бар-жоғы 8 жасынан бастап «Мәшһүр Жүсіп» деп атай бастады. Және сол кезден бастап тақиясынан үкісін тастамапты. Ал «Оны неге тағасың деп сұрағандарға: «Үкі неге тағады, білесің бе? Жүйрік атқа тағады, қыран құсқа тағады, сұлу қызға тағады. Мені солардың біреуінен кем деп отырсың ба? деп жауап берген. Расында да білетіндер заманында Мәшһүр Жүсіп сұлу сөздің иесі, жігіттің қыраны болған деседі.

Ғұлама ақын Абай Құнанбайұлының «Мен де ақынмын, Мәшһүр де ақын. Дегенмен ол ақын болғанмен Құдайға жақын. Сондықтан да Мәшһүр адамзаттың әулиесі ғой» деген сөзі ақынның қасиетіне берілген шынайы баға деп білеміз.

Дайындаған Б.ЖАНӘЛІ
08 маусым 2021 ж. 1 321 0