Ел намысы – ер намысы
Абай кемеліне келіп, ақылы мен абыройы бар қазаққа мәшһүр кезінде Жетісудың жалайыр елінде жұрт «Жәмеңке аға» деп атап кеткен Жәлменде дейтін абыройлы қария болыпты. Жәмеңке қартайған шағында «Арманым, Семей еліндегі Құнанбайұлы Абай ақынды көргім келеді. Ол кісі «Ұят кімде болса – иман сонда» депті. Ұят дегеніміз адамгершілік болса, адамгершіліктің бар сипатын Абай деп білемін» – деп, ұлдарын ертіп Шыңғыстауға жол тартыпты.
Алыстан арнайы келген құрметті мейманына Абай жеке үй тігіп, ерекше құрмет көрсетіпті. Абай елінде бір ай жатқан Жәмеңкеге Абай қайтарында: «Аға, бұйымтай айтып, қалағаныңызды алыңыз» дегенде, Жәмеңке: «Қамысқұлақ атыңды бер» деген екен. «Қайсы қамысқұлақ атты айтасыз?» дегенде Жәмеңке: «Шоқпардай кекілі бар қамысқұлақ» деп басталатын Абайдың әйгілі «Аттың сыны» деп аталатын өлеңін түгелдей жатқа айтып шығыпты.
Абайдың өз қолында, Құнанбай әулетінің жылқыларында дәл осы өлеңде айтылатын сәйгүлік табылмағандықтан, қонағын тағы бір жұма аялдатып, бес болыс Тобықты еліне жіберіп, өлеңдегі сынға саятын ат іздетіпті. Одан да шықпаған соң, өзімен араз, 9 мың жылқысы бар Оразбайға: «Ел намысы – ер намысы болғанда, ер намысы – ел намысы болмай ма екен? Өзім міну үшін емес, Тобықтының қонағына сыйлау үшін сұратып отырмын. Оразекең бір тайын аямасын» деген сәлеммен кісі жіберіпті.
Сәлемді естіген Оразбай: «Ағайын ащы, мал тұщы десем, мен Оразбай боламын ба?! Жаттан сағы сынбасын» деп, өңкей сәйгүлік бөлек бағылатын 5 қос жылқы үйірлерін аралатып жүріп үш ат ұстатыпты.
«Абайға айт, қонағы үшеу екен, осы үш атты да берсін. Өзіне қарсы болсам да, ақылы мен ажарына қарсы емеспін», – депті. Бұл сөзге тоқтау мен азаматты сыйлаудың жарқын көрінісі екені сөзсіз.