Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » » БОЙЫНА ҚАСИЕТТІ ӨНЕР ДАРЫҒАН

БОЙЫНА ҚАСИЕТТІ ӨНЕР ДАРЫҒАН

Қазақтың қас батырының есімімен аталатын Аманкелді ауылынан талай ақын-жырау, дүлдүлдер шыққан. Халық ақыны Қуаныш Баймағанбетовтың өзі бұл ауылды жан-жаққа мәшһүр етті. Тізе берсең қасиетті елден шыққан таланттарды тауысы алмаспыз. Бүгінде сол дана, дара тұлғалардың ізін жас буын өкілдері жалғап, талай жерде өздерінің талантын дәлелдеп жүр. Солардың бірі – ауыл мақтанышы талантты жас Қалима Шілдебай.
5 сыныпта оқитын Қалима – қобызшы. Қорқыт мұрасын жанына жақын ұстап, өнерімен өрге жүзіп келеді. Жас талант – 2014 жылдан бастап өз алдына мектеп болып жұмыс жасап келе жатқан әуез мектебінің биылғы түлегі. Өзі қобыз сыныбына ерекше қабілетімен бар болғаны 8 жасынан қабылданған. Бойынан ерекше өнерді байқаған Қалдыгүл Жұмаділдаева жетекшілік жасап, үздіксіз жұмыс жүргізеді. Қоңыр сазды қобызды қолына ұстатып, қасиетті өнерге бейімдейді. Бойына өнер дарыған талантты қыз қобыз аспабының қыр-сырын меңгеріп, киелі өңірдің өнерін жетік меңгереді.
Қазір мектепте оқып жүрген Қалима халықаралық, республикалық, облыстық, аудандық біршама байқаудың жеңімпазы атанған. Оған дәлел, жас музыканттардың 52 фестивалінің облыстық кезеңінде Қалима қобыз аспабы бойынша «Бас жүлде» алып, республикалық кезеңге жолдама алған болатын. Ал жуырда Алматы қаласында ҚР Білім және ғылым министрлігі, республикалық қосымша білім беру оқу-әдістемелік орталығының ұйымдастыруымен «Балалар музыка мектептері және өнер мектептерінің білім алушылар жас музыканттардың 52 республикалық фестиваль-байқауында» Қалима Шілдебай І орынды жеңіп алды. Еліміздің түкпірінен келген жас таланттардың ішінде аманкелділік өнерлі қыз Сыр елінің мерейін үстем етті. Бұл аудан үшін де үлкен мақтаныш. Қобызшы қыздың биік белесті бағындыруына жетекшісі Қалдыгүл Жұмаділдаеваның еңбегі зор. Сондай-ақ, жас таланттардың өнерін шыңдауға, түрлі байқауларда бақ сынауға барлық жағдай жасап жүрген ауылдық әуез мектебінің директоры Мейрамбек Абдуллаевты да атап өткен жөн.

Е.БЕРКІНБАЕВ
07 мамыр 2019 ж. 1 012 0