Ұлбике ақын ұлықталуы керек
Осыдан үш-төрт жыл белгілі журналист Өтеген Жапарханов кездесіп: «Қазақтың әйгілі ақын қызы Ұлбикенің 190 жылдығын туған жері Тереңөзек атап өтпеді ғой?!» – деп, өкініш білдірді. Бұл қазақ халқы сүйіп тыңдайтын, айтыстың негізін салушы Ұлбике ақынға көңіл бөлмей жүрген аудан әкімшілігіне айтқан ағамыздың тілектестік сыны болса керек. Дегенмен, Тереңөзектің тумасы болған соң, қаламгердің айтқан сөзіне қатты қысылдым. Расын айтқанда, Ұлбикенің ірі айтыс ақыны екенін, өмірі мен шығармашылығы туралы терең білмейді екенмін. Кеш болса да Ұлбике ақынның артында қалдырған мұрасымен танысып, жиырма төрт жасында жұлдыздай ағып, мәңгілік мұра қалдырғанына қатты таңғалдым.
Ұлбике Жанкелдіқызы – ХІХ ғасырдағы ірі айтыс ақыны. Деректерге қарағанда, 1825 жылы Қызылорда облысының, Тереңөзек ауданында дүниеге келген. Әкесі Жанкелді дәулетті, өлең сөзге жүйрік ақын кісі болған. Анасы Жаңыл да ойлы, сөзге шешен ақын екен. Ұлбикенің бойындағы ақындық ата-анасынан дарыған болса керек. Ол 12-13 жасында-ақ өзінің өлең-жырларымен көзге түсе бастаған. Бір қызығы, Ұлбике ақын он екі жасқа келгенге дейін сөйлемеген. Тек он екіге келгенде өлеңмен сөйлеген екен. Мәшһүр Жүсіп Көпеев: «Ұлбике өмірінде қара сөз сөйлемеген. Не айтса да, өлеңмен айтқан» деп, бұл пікірді қолдайды. «Ұлбикенің таңдайында өлеңнің ұясы болған» дейді аңыздардың бірінде. Бұл да бекер айтылмаған шығар. Ұлбике ақын 15 жастан бастап жұрт мойындаған ақындармен айтыстың додасына түсе бастайды. Күдері қожа, Майлы қожа, Мәделі қожа, Таспа қожа, Серәлі қожа, Жанкел ақын және басқаларымен айтысқан. Айтыста алдына жан салмаған көрінеді.
Ұлбике ақын арнайы оқу орнын да оқымаған. Алайда жастайынан өз бетімен оқу-білімді игерген, сауатты, ой-өрісі кең адам болған. Ақындар онымен айтысуға үлкен дайындықпен келеді екен. Оған Еркөшек қожаның баласы Күдеріге берген мынадай кеңесі дәлел: «Балам, Ұлбикемен айтысамын десең, Бұхараға барып, үш жыл оқып кел. Әйтпесе, онымен айтысуға жарамайсың». Күдері қожа мен Ұлбике ақын үш мәрте айтысып, «бірде тең, бірде кем» түскен. Мәшһүр Жүсіп Көпеевтің қолжазба мұрасында: «Күдері қожа әкесіне Ұлбике ақынды тоқтататын бір сөз тауып бер» депті. Сонда әкесі: «29 ғаріпті бір-ақ ауыз өлеңге сыйдырып айт. Екі ғаріпті қалдырып кет. Соның қалғанын Ұлбике ақын білсе, одан әрі айтыспай-ақ қой. Оның өкпесінде өлең жазылған» делінген. Айтыс кезінде Күдері қожа әкесінің кеңесін тыңдап, «шын» мен «жиымды» сөзден аяқсыз қалдырып өлеңмен айтыпты. Сонда Ұлбике ақын:
«Қожеке, өлең айттың, кітап аштың.
Жау қуды ма, асығып, неге састың?
«Шын» мен «жиымды» қалдырып қара басып,
Құранды аяғыңа қалай бастың», – деп сол жолы да Күдері қожаны жеңген екен.
Ұлбике ақынның Күдері қожадан жеңілгені туралы бір-ақ жерде, яғни 1965 жылғы жинақта кездеседі. Бұл жерде құрастырушылардың қатысы болған сияқты. Жалпы Ұлбике ақын мен Күдері қожаның айтыстарының бір-біріне ұқсамайтын бірнеше нұсқасы бар. Кейде зерттеушілер белгілі себептермен айтыстың кейбір тұстарына сөз қосып, еркін түсіндірме берген. Қоғам қайраткері Сейілбек Шаухаманов «Бес ғасыр жырлайды» және «Айтыс» кітаптарына кірмей қалған Ұлбике ақын мен Күдері қожаның айтысынан үзінді келтіріп: «Осы жолы Ұлбике жеңілгенін мойындап, Күдерінің иығына шапан жауып, басына құндыз бөрік кигізген көрінеді» дейді. Бұл да көптеген аңыздардың бірі болуы мүмкін. Ақиқаты, Ұлбике ақын мен Күдері қожа ақындық айтыстың негізін салушы, орнықтырушы ретінде қазақ халқының тарихында қалды.
Мәшһүр Жүсіп Көпеев былай дейді: «Бұрынғылар домбыра ұстап айтатұғыннан «қайым білесің бе?» деуші еді. «Қайым» деп екі ақынның айтысқанын айтады екен. Сонда «Қайым» өлеңнің басын Күдері қожа мен Ұлбике айтысқан. Бұл екеуінен бұрын қайым өлең де жоқ, айтыс та жоқ. Бұрынғылардікі мақал, тақпақ...».
Өкінішке қарай, айтыста алдына жан салмаған Ұлбике ақын 1849 жылы небәрі жиырма төрт жасында күйеуінің қолынан қаза табады. «Бір кем дүние» деп халық бекер айтпаған ғой. Мәшһүр Жүсіп Көпеев бұл қанды оқиға туралы: «Ұлбикенің өзін жүнжіп, жабағы тышқан бір байдың баласы қатындыққа алған екен. Қолына келін болып түскен соң: «Өлең айтсаң көзіңді жоғалтамын, қарашығынды батырамын», – деп қалды. Жаман шірік иті үйде жоқ болған қарсаңда бір той болып, ауыл-аймағы мен қайын ағалары: «Сені біз сабатпаймыз», – деп тойға алып барып, тойдан қайтып келсе, иті келіп қалып, «Сені ме?» деп кіжініп, отырған үстіне оқтай ұшырып, қойдың бір қатқан санымен қақ бастан періп қалғанда, мұрттай ұшып, кете барыпты...».
Белгілі ақын Күләш Ахметова «Қайсар дарынның жауһар мұрасы» атты мақаласында: «Қаршадай қайсар ақынның қатал заманда жүрегі дауалап, топқа түсіп, бетіне жан қаратпай жарып шыққаны, төпеген тіл мен өртенген өсекке төтеп беріп, өнер үшін, азаттық үшін дара күрескені, ақырында жауыздықтың қолынан жиырма төрт жасында мерт болып, қапыда кеткені ерлікпен пара-пар емес пе?» деп жазды.
Ұлбике ақын үш күн бойы қансырап жатып, Үш жүздің үш биіне өлеңмен сәлем жолдапты. Ақынның соңғы тілегіне байланысты Күләш Ахметова «Ұлбикенің соңғы монологы» атты өлең жазған екен. Осы өлеңінен үзінді келтіргенді жөн көрдік:
Неге үзілді тіршілік, неге тынды?
Неге көрмей барамын көретінді.
Ақын өлсе, тарихта
Бұған дейін
Ауру мен намыстан өлетін-ді.
Бақытың да баянсыз жөн-тұрағы,
Бәлкім, анам он құлап, он тұрады.
Қандай адам жырымды жалғастырып,
Қай қазына орнымды толтырады?
Жолы ауыр ақынның мұратының,
Мен кетермін, алармын, сірә, тыным
Қаларсыңдар мойындап,
Тіршіліктің
Зұлымдық пен пәктіктен тұратынын...»
Иә, Ұлбике ақынның өмірі қысқа болды. Десе де соңынан мол мұра қалдырды. Алайда сол мол мұрадан бізге жеткені жиырмаға тарта айтысы мен санаулы ғана өлеңдері. Ұлбике ақынның айтыстарын алғаш хатқа түсіріп, кітапқа басып шығарған академик В.В.Радлов. Күдері қожа мен Ұлбике ақынның айтысы Петербург қаласында басылып, кейін орыс және неміс тілінде жарық көрді. Ұлбикенің асыл мұрасын зерттеп, жоғары бағасын берген ғұлама ғалымдар Мәшһүр Жүсіп Көпеев пен Әбубәкір Дибаев. Ұлбике ақынға лайықты баға бергендер қатарында Мұхтар Әуезов пен Сәбит Мұқанов бар. Одан кейін ақынның шығармашылығын жинап, ғылыми айналымға түсірген профессор Мырзатай Жолдасбеков.
Ұлбике ақынның еңбегімен кейінірек танысқан халық ақыны Қадыр Мырза Әли: «Мен оның айтыстарымен және өмірбаянымен кештеу таныстым. Ол мені қатты таңғалдырды» депті. Халық жазушысы Шерхан Мұртаза: «Ұлбике ұлы поэзияның ақ-періштесі. Періште жүрген жерді қара күш иесі – диюлар аңдиды. Небәрі жиырма төрт жасында асыл өмірі қиылған Ұлбикені құрмет тұтқан абзал. ...Үлкен дүниеге, көркем туындыға сұранып тұрған тұңғиық әлем және терең тағлым» деген екен.
Өкінішке қарай, Ұлбике ақынның айтыстар мен өлеңдері, өмірі мен тағдары қазақ жазушылары мен драматург және өнер адамдарын қызықтырғандай. Осы уақытқа дейін Ұлбике ақын туралы бірде-бір тарихи роман немесе тарихи-драмалық пьеса жазылған жоқ. Бұл, әрине, жанға бататын жағдай. Қазақ әдебиетінің тарихында лайықты орны бар ақынды құрметтеу керек. Келесі жылы Ұлбике ақынның 195 жылдығы. Осыған байланысты туған жері ескерткіш орнатып, республика және облыс көлемінде үлгі тұтатын айтыстар бәйгесіне Ұлбике ақын атындағы жүлде белгіленіп жатса, кұба-құп болар еді.
Әмірхан БӘКІРҰЛЫ
ҚР ҰҚК-нің құрметті ардагері,
отставкадағы полковник