Ақжарма ажарымен айшықты
«Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақалада біртұтас ұлт тарихын игеру үшін әуелі туған өлке тарихын білу керектігі айтылған. Қазіргі таңда осыған байланысты көптеген жұмыстар жүріп, аймақта «Рухани қазына» кіші бағдарламасы аясында туған жердің мәдениеті мен өнегелік құндылықтары дәріптеліп жатыр. Осы тұста, аудан көлеміндегі тарихи құндылықтар туралы айтып, рухани-мәдени жәдігерлерді оқырмандар назарына ұсынуды жөн көрдік.
Ауданға қарасты Ақжарма ауылы – тарихы терең, табиғаты таңғажайып өлке. Туған жер табиғаты өлке халқына қай кезеңде де туған анадай қамқор болып келеді. Мұнда басқа өңірде кездеспейтін жануарлар мен өсімдіктер өте көп. Елдің ырысына айналған күріш аймақтың ғана емес, ұлттың бренді деуге болады. Табиғаты жиі тосын мінез танытатын бұл өңірге бір келген жан қайта келуді аңсап жүретін киелі мекені. «Туған жердің түтіні де ыстық» дейтін қазақ жұрты Сырдың бойын дарқандықтың, береке мен байлықтың иесі санаған, оны қадір тұтқан. Сондықтан да бұл аймақтың климаты, топырағы, жануарлар мен өсімдіктер әлемі кім-кімді де қызықтырары сөзсіз.
Ақжарма ауылы 1957 жылы құрылған. Соңғы жылдары өңірде экологиялық ахуалдың қиындауына байланысты климат режимі жайсыз бағытта өзгеріп бара жатқаны белгілі болып отыр. Атап айтқанда, ауаның құрғақтығының күшеюі, қыстың созылмалы болуы, өсімдік жабынының азаюы, топырақтың сорлануы, тұзды шаң суыратын желдің жиілеуі сияқты қолайсыз құбылыстар климаттың азын-аулақ болса да өзгеруіне әсер етіп отыр.
Топырақ жамылғысы – негізінен сортаңды сұр, құмдақты сұр топырақ. Өңірдегі өсімдіктер ыстық, қуаң аймақтың топырақ-климат жағдайына бейімделген. Сазды жерлерде әр түрлі эфемерлер, итсигек және изен аралас жусан өседі. Сулы өзектердің арналарына жақын жатқан ылғалды жерлерде өсетін астық тұқымдастар мен әр түрлі шөптер өседі. Олар айрауық, аздап қамыс және қызыл мия, есек мия, тергүлді, айбатмия, тағы басқа. Сор жерлердің өсімдігі жыңғыл, итсигек және әртүрлі ащы шөптер болып келеді. Тұзы аздау шалғынды сорларда сиректеу өскен ажырық, ал жалаңаш сорларда сарсазан, балықкөз, сорқаңбак, қарбарқын өседі.
Өңірде құстардың 319 түрі, олардың 173-і ұя салатындар мен 123-і ұшып өтетіндер және сирек келетін құстардың 23 түрлері болған. Әсіресе, көлдерді мекендейтін қаз, аққу, үйрек, бірқазан, қарабай, құтан, шіл, шағала тағы басқа түрлері көп еді. Қыр бойын жек, жылқышы, дуадақ, қоқиқаз сияқты құстар мекендейді. Бұл өңір қырғауыл өсіп-өнуге өте қолайлы мекен болып табылады. Сүт қоректілердің елуден артық түрлері тіршілік етеді. Олардың ішінде насекомқоректілер 4, қоян 1, кеміргіштер 26, жыртқыштар 11 және тұяқтылар 314. Ірі сүтқоректілер жабайы шошқа, ақбөкен, қарақұйрық; жыртқыштардан қасқыр, шағал, борсық, түлкі, қарсақ, т.б. Бауырымен жорғалаушылардан кесіртке, тасбақа, қалқан тұмсық, құмайдаршасы, оқжылан кездеседі. Алқапта көлдер жүйесі де бар.
Елді мекен көптеген тарихи оқиғаларға куә. Осы жерде Қоқан билігі мен қазақтар арасында қақтығыстар орын алған. Олай дейтін себебіміз, ХҮІІІ ғасырда Қоқан хандығы құрылып, Сырдария өзені бойын жайлады. Осы төңіректе бекіністер салып, қоқандықтар билігі нығая бастады. Ақмешіт пен Қуандария арасында қазақ ауылдарына билік жүргізу мақсатында Күмісқорған қорғаны 1818 жылы қазіргі Сырдария ауданының Ақжарма мен Шаған ауылдарының шекарасындағы «Шіркейлі» каналының жағасында қоқандықтар салдырған. Кезінде қабырғалары биік, төрт бұрышты, айналасында қарауыл мұнаралары болған. Қорғанда қоқандықтардың зеңбіректері бар қарулы әскері шоғырланған. Түлкібай батыр қоқандықтардың осы Күмісқорған қорғанының бегі Ниязға қарсы қол бастаған. Қорғанның солтүстік-батыс бұрышында «Осы Күмісқорғанда Түлкібай Жаңатайұлы Қоқан бегі Ниязбектің қазақ намысын таптағаны үшін 1853 жылы басын алған» деген жазумен белгі қойылған. Түлкібай батыр Жаңатайұлы қазіргі Қызылорда облысы Сырдария ауданы жерінде ХІХ ғасырдың 1-ші жартысында өмір сүрген. Түлкібай Жаңатайұлы батырлығымен қоса елін билеген білікті би болған тарихи тұлға. Елі мен жерінің азаттығы үшін Қоқан, Хиуа хандықтарының басқыншыларымен күрескен. Тегі – Алшын-Байұлы-Алаша-Алтыбас аталығынан...
– Ер Түлкібай туралы кезінде ауыл ақсақалы Әбсамат ата ел аузында жүрген аңыз-әңгімені айтып берген еді. Күмісқорған Қоқан хандығының нағыз орталығы болған. Қоқан билігі кезінде олар қазақтарға тыныштық бермеген, салық салып отырған. Қазаққа билігін жүргізіп отырғаннан кейін Күмісқорғанның бегі Нияз күн сайын қазақтың қаракөз қызы мен бір қойды әкеліп беруді талап етеді. Бұдан халық әбден азар көреді. Оң жағында отырған қызды жатқа кім қиған. Осыған ыза болған Түлкібай қылышын ішіне тығып, қызша киініп, Күмісқорғанға барады. Барғаннан соң қоқандық бекті өлтіріп, сарбаздарын да талқандайды. Содан қоқандықтар батырдың ізіне түсіп, өлтірген, – дейді ауыл мұғалімі А.Жақанова.
Тарих кешегі мен бүгінгінің арасындағы алтын көпір десек, есімдері ел жадынан өшпейтін алып тұлғалар болады. Бүгінде баһадүр бабамыз Түлкібай батыр да сондай алып тұлғалардың, ардақтап өтер асылдарымыздың бірі саналады. Ақжарма осындай батыр шыққан өлке.
Бибісара ТАҢАТАРҚЫЗЫ