Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Ауданда қанша тарихи-мәдени ескерткіш бар?

Ауданда қанша тарихи-мәдени ескерткіш бар?

Елбасы Н.Ә.Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында «туған жердің әрбір сайы мен қырқасы, тауы мен өзені тарихтан сыр шертеді» деп атап көрсетті. Яғни әрбір өңірдегі мәдени құндылықтар сол елдің тарихын қалыптастырмақ. Оның ішінде өткен күннің белгісі саналатын тарихи ескерткіштер – халықтың баға жетпес құндылығы. Оның тарихын білу – әрбір ұрпаққа міндет.
Аудан төңірегінде 58 тарихи-мәдени ескерткіш бар. Оның 15-і археологиялық, 43-і қала құрылысы және сәулет ескерткішіне жатады. Олардың барлығы мемлекет қорғауына алынған. Мұның ішінде ауданға қарасты Іңкәрдария ауылында тарихы тереңде жатқан мәдени ескерткіштер көп. Атап айтқанда, Сырлытам, Заңғар қала, Көксеңгір, Ортағасыр қорғаны, Қожақазған қорғаны, Бұзықтам қалашығы, Мүлкілән мазары осы ауылдың мәдени құндылығы саналады. Аталған ескерткіштер туралы мәліметті ауылдық клуб үйінен білуге болады. Өйткені мұнда «Ұлы даланың рухани мұрасы» деген атаумен арнайы бұрыш жасалған.
– Ескерткіштер әрбір елдің тарихы мен өткенінен сыр шертер халықтың ұлттық байлығы ғана емес, сол елдің өткені мен бүгінін саралайтын, сол арқылы келешек ұрпаққа тәлім-тәрбие беруде маңызы зор құндылық болып табылады. Осыған орай ауылдық клуб үйінде арнайы бұрыш ұйымдастырдық. Онда аудан бойынша мемлекет қорғауына алынған 4 республикалық маңызы бар тарихи-мәдени ескерткіш орналастырылды. Атап айтқанда, Іңкәрдариядағы Сырлытам кесенесі (XII-XIII ғ.) және Мүлкілән кесенесі (XYI ғ.), Айдарлы ауылындағы Асанас кесенесі (XYII ғ.) мен Қожжан қожа кесенесі (XYIII ғ.). Сондай-ақ Қалжан ахун мешіт-медресесі, Сүнбейбі, Құлболды ишан, Махтұм Сейіт кесенесі, Шалбас батыр мұнарасы, Ортағасыр қорғаны, Заңғар қала, Көксеңгір қалашығы жөнінде толық мағлұмат алуға болады, – дейді ауылдық клуб әдіскері Әйгерім Жұмабекова.
Әдіскер ел, жер тарихынан сыр шертетін рухани орталықта мектеп оқушыларымен әдістемелік сағаттар өткізіп тұратынын жеткізді. Онда жас ұрпақ өлке тарихымен танысады. Мұндағы тарихи-мәдени құндылықтар жөнінде ақпарат алып, ұлы дала мұрасымен сусындайды.
Жалпы мұндай рухани орталық әрбір ауылда болғаны абзал. Себебі туған жердің тарихын білуде мәдени ескерткіштердің алар орны ерекше. Мұндай мұралардың астарында тұнып тұрған тарих бар. Оларды өскелең ұрпақ біліп өссе, қазақ руханияты дами беретіні сөзсіз. Сондықтан Іңкәрдария ауылындағы мұндай игі іс өзгелерге үлгі болатындай.

Ердос СӘРСЕНБЕКҰЛЫ
22 қазан 2019 ж. 1 010 0