Облыстық мұражайға саяхат
Жастардың ой-өрісін, танымдық қабілетін арттыру, туған өлке тарихына деген қызығушылығын қолдау, өткен ғасырдан сақталған ата-бабамыздан қалған жәдігерлерді таныстыру мақсатында жақында тарихтан тағлым алатын «Туған жердің сырларына саяхат» атты тақырыппен Н.Ілиясов ауылдық модельді кітапханасы жанынан құрылған «Ізденсем, білсем» танымдық клубының мүшелері мен жас оқырмандар облыстық тарихи-өлкетану мұражайы мен көркемсурет галереясына саяхат сабақ жүргізіп қайтты.
Тарихы терең мұражайдан өлкеміздің табиғаты мен өнері, тарихы және мәдениеті жайлы «Өсімдіктер мен жануарлар», «Археология», «Мәдениет және өнер», «Сыр өлкесінің дамуы», «Екінші дүниежүзілік соғыс жылдарындағы Қызылорда», «Сыр өлкесінде кеңес үкіметінің орнауы», тәуелсіз Қазақстанның қалыптасу жылдарындағы маңызды оқиғалардан сыр шертетін 11 залды аралады. Мұражай қызметкері Кенже Ибрагимова музейдің экспозициялық залы бойынша музей қорындағы құнды экспонат пен музей тарихынан толық мәлімет көрсетіп, кеңінен мағұлмат берді. Ал көркемсурет галереясында өлкеміздегі көптеген қылқалам ұшына жан бітірген хас шеберлердің қайталанбас туындыларымен танысты. Халық тарихы мен өнерін қамтитын талай замандардың куәгерлері халқымыздың рухани асыл қазыналарын жинақтап, өлкеміздің өткені мен бүгінін жалғап отырған рухани мекемеден оқырмандар мен клуб мүшелері керемет әсер алды.
Өлке тарихын, табиғатын, мәдениеті мен салт-дәстүрін, ауылшаруашылығын және мәдени тегімізді танытатын төл мұралар жиынтығы мен шашауы шықпай жеткен жауһарлы жәдігерлер сақталған мұражаймен Алаштың асқақ рухын баяндап, Сыр елінің тарих тағылымын жас ұрпаққа таныту мақсатында өткен саяхат сабаққа «Мағжан және К» ЖШС-нің төрағасы Д.Ералиев демеушілік жасап, жас оқырмандарға арнайы көлік бөлді. «Ізденсем, білсем» танымдық клубының мүшелері мен жас оқырмандардың ел ағасына деген алғысы шексіз. Мұндай саяхаттар алда да жалғасын таппақ.
Айдана МАРАТҚЫЗЫ