Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » » Рухани өлке мәдениетінен

Рухани өлке мәдениетінен

Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында біртұтас ұлт тарихын игеру үшін әуелі туған өлке тарихын білу керектігі айтылған. Қазіргі таңда осыған байланыс­ты көптеген жұмыстар жүріп, аймақта «Рухани қазына» кіші бағдарламасы аясында туған жердің мәдениеті мен өнегелік құндылықтары дәріптеліп жатыр. Осы тұста, Іңкәрдария ауылының рухани бай мұрасын қалың оқырманға ұсынуды жөн көрдік.

Іңкәрдария ауылдық клуб үйінің өзге елді мекендерден ерекшелігі сол, мұнда Елбасының бағдарламалық мақаласы аясында өлке тарихынан сыр шертетін арнайы бұрыш бар. Онда тарихи ескерткіштер мен нысандардың толық ақпараттары сақталған.

– Ескерткіштер әрбір елдің тарихы мен өткенінен сыр шертер халықтың ұлттық байлығы ғана емес, сол елдің өткені мен бүгінін саралайтын, сол арқылы келешек ұрпаққа тәлім-тәрбие беруде маңызы зор құндылық болып табылады. Осыған орай, ауылдық клуб үйінде арнайы бұрыш ұйымдастырдық. Онда аудан бойынша мемлекет қорғауына алынған 4 республикалық маңызы бар тарихи-мәдени ескерткіш орналастырылды. Атап айтқанда, Іңкәрдариядағы Сырлытам кесенесі (XII-XIII ғ.) және Мүлкілән кесенесі (XVI ғ.), Айдарлы ауылындағы Асанас кесенесі (XVII ғ.) мен Қожжан қожа кесенесі (XVIII ғ.). Сондай-ақ, Қалжан ахун мешіт-медресесі, Сүнбейбі, Құлболды ишан, Махтұм-Сейіт ке­сенесі, Шалбас батыр мұнарасы, Ортағасыр қорғаны, Заңғар қала, Көксеңгір қалашығы жөнінде толық мағлұмат алуға болады, – дейді ауылдық клуб әдіскері Әйгерім Жұмабекова.

Әдіскер ел, жер тарихынан сыр шертетін рухани орталықта мектеп оқушыларымен әдістемелік сағаттар өткізіп тұратынын жеткізді. Онда жас ұрпақ өлке тарихымен танысады. Мұндағы тарихи-мәдени құндылықтар жөнінде ақпарат алып, ұлы дала мұрасымен сусындайды. Қазіргі таңда мәдениет үйінде 4 үйірме жұмыс жасайды. Оған 46 өнерпаз тартылған. Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс қимыл кезеңі» атты Қазақстан халқына Жолдауында «Балалар үйірмесі» қызметін қайта қалпына келтірудің маңыздылығы, шығармашылықтың және қолөнердің бастапқы негіздерін жетілдіру жайында айтылған еді. Осы негізде клуб үйі жанынан балаларға арналған «Домбыра» үйірмесі биылғы жылдың қараша айынан бас­тап ашылды. Клуб үйінің ұйым­дастыруымен ағымдағы жылы 41 мәдени іс-шара ұйымдастырылған.

Қоғамдық-саяси маңызы бар 3 аудан­дық деңгейде шара өткізілсе, оның ең маңыздысы ұлы ойшыл, хәкім Абай Құнан­байұлының 175 жылдығына арналған «Қазақ халқы – Абайдың халқы» атты аудандық мәдениет үйлері мен клуб кәсіпорын басшыларының арасындағы көркемсөз оқу шеберлері байқауы еді. Сонымен қатар, Қазақстанның халық әртісі Шәмші Қалдаяқовтың туғанына 90 жыл толуына орай «Нәр берген ән-бұлақтан» атты Шәмші әндерін орындаушылардың аудандық онлайн байқауы өткізілген. Клуб үйінде әр аптаның жұма күні «Ертегілер еліне саяхат» атты балалар айдарын, «Бестің шәйі» атауымен ауыл көлеміндегі түрлі деңгейдегі сала мамандарымен, зейнеткерлер, батыр аналар, кәсіпкерлер, тыл ардагерлері және қоғамдық жұмыстарға белсене араласатын жандармен сыр сұхбат жүргізіліп тұрады. Аталған бағдарламаны ауыл тұрғындары асыға күтеді екен.

Еріктілер жылына орай «Мейірім» атты клуб үйі жанынан еріктілер штабы құрылып, елді мекендегі тұрмысы төмен, көпбалалы аналармен қарттарға көмек көрсететіндер жұмыс жасап келеді. Бұл жүйелі жұмыстардың барлығы мәдениет саласының үлкен жетістігі.


Майя ҚОЖАБАЙ
17 қараша 2020 ж. 730 0