Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Ұлы дария – Сырдария

Ұлы дария – Сырдария

Ұлы дария Сырдария атауымен аталатын аудан халқы берекелі бірлігімен, қойнауындағы қазыналы байлығымен ерекшеленді. Атырабы егінге, ақ күміс күрішке, өрісі төрт-түлікке толы берекелі ел.

Елбасы Н.Назарбаевтың «Сыр – Алаш­тың анасы» деп баға беруі бекер емес. Аудан аумағы ұлы өзеннің тура орта ше­нінде орналасуы, ұлы дарияның өңірдің тір­шілігіне нәр беруімен қасиетті.

Қазақтың көрнекті жазушысы, «Сырдария ауданының Құрметті азаматы» Т.Тобағабыл: «Менің ғашығым да – Сыр, асығым да – Сыр, асылым да – Сыр! Олай болмасам, «Амур, Волга, Обь, Лена, Енисей... Бұлар тұрып Сырды мақтап о несі-ей? – дейсіздер ғой, босқа ақталып жат­пайын, мен бәрібір Сырдариямды мақтаймын!» дегені туған жерге деген шексіз махаббатын білдіреді емес пе?!

Ұлы өзен, ұлы жұртымызды ұлық­тауға келгенде ақиық ақын Асқар Тоқмағамбетов: «Сырдария, тұрмыз бү­гін сырласқалы, көм­бедей көңілдің бір сырды ашқалы. Суың сүт, сүтің құтты дария едің, анадай әлденеше мың жастағы!» деп тебіренсе, Әбділдә Тәжібаев: «Жататұғын шалқып дариям алдымда, қанша ішсем де суына бір қандым ба? Иірімінде үйіріліп біз сүңгуші ек, жағасынан қарғушы едік жардың да» деп ұлы дарияға деген сүйіспеншілігін жыр­ға қосады.

Осы секілді алдыңғы толқын ағалар­дан айнымай туған Сейфолла Оспанов, Иран Ғайып, Жадыра Дәрібаева, Қа­йырбек Асанов, туған жерден кін­дігі ажырамаған талантты ақындар Сейітмұрат Ембергенов, Мұхтар Сақ­та­пов, Балашбек Шағыров та ту­ған ел­дің сарқылмас байлығын жырға қос­қан.

Сырдария өзені ертеректе «Яксарт», араб­тар «Сейхун» атауымен атаған. Сырдариядан бұрын бұл өңірлерде Іңкәрдария, Жаңадария, Қуаңдария кейіннен Сырдария өзені өз бойындағы елдердің барлығына қасиетті суын беріп келеді. Дарияның нәрлі суымен сағым далада жайқалған бау-бақша, мақта, күріш егілген. Сырдария өзенінен бастау алатын Қараөзек өзе­ні Сырдарияның оң жағалауындағы елді ме­кендердің егін, мал шаруашылығының дамуына игі ықпалын тигізеді.

Сырдария өзені екі мың шақырымнан асатын ұзақ жолында өзінің арнасымен ағып келіп, арнасына сыймай жазық даланы жаппай қамтып, бірнеше тарауға бөлініп ағатын болған. Көне дәуірде Қызылқұмды кемерлеп ескі дариялық, оның теріскей шығыс жағынан Іңкәр­дария, дарияның орта тұсында Жаңа­дария, онан оңға таман Қуаңдария, оның теріскейінде Аралдария, сосын негізгі арна Сырдария болып теңізге құйған. Қазір олардың көпшілігі құрғап, сусыз арналары ғана қалған.

Өткен ғасырдың 50-жылдары Қызыл­орда мен Қараөзек стансаларының ара­лы­ғында Сырдария өзенінің орташа ені 300 метр, тереңдігі 3,85 метр болған деген дерек бар. Сырдария өзенінің ағысы әр жылы құбылмалы болатындықтан, байырғы ар­на­ның ішкі жиегіндегі қай­раңдар біресе ағыспен шайқалып, енді бірде қайтадан пайда болып тұрады. Дегенмен, өзен ағысының екпіні мен салмағы арнаның оң жағына көбірек түседі.

ХҮІ ғасырда өмір сүрген тарихшы Рузбехан Сырдария өзені туралы былай деп жазады:

«Бұл өзен 300 таш ұзындықпен ағып өтеді де Қарақұм құмдарына сіңіп кетеді. Өзеннің бүкіл бойында мал азық ететін шөп пен қамыс өседі. Дариядан егін суаратын көптеген арық тартылған. Сырдария секілді пайдасы көп өзен басқа елде жоқ. Жағалауындағы бітік шөбі мен қисапсыз жабайы құстары жөнінен оған тең келетіні жоқ. Ол әртүрлі аңдар мен жануарларға өте қолайлы. Түрлі гүлдерге толы жа­ғалауларында құстардың көптеген түрі, жабайы есектер, ақбөкендер және басқа да жануарлар мекендейді. Ит тұмсығы батпайтын қалың орман, арша ағашы то­ғайлары өседі. Сырдария Түркістанның көк тіреген зәулім ағаштар секілді қалалар арасынан ағып өтеді».

ХХ ғасырдың басында орыс зерт­теушісі В.Руднев Сырдарияның сол жағалауындағы қалың тораңғыл, жиде, шеңгел тоғайы туралы жаза келіп, оңтүстік батыстан қалың құмды желдің 2-3 күн соққанын әрі осы өңірдің малына жолбарыстардың жиі-жиі шабуылдайтынын айтады.

Сырдария өзенінің жағалауында орна­лас­қан өңірдің табиғаты өлке хал­қына қай уақытта да туған анадай қамқор болып келеді. Өңірде кездесе бермейтін жануарлар мен өсімдіктер өте көп. Дария суымен суғарылып, елдің ырысына айналған күріш аймақтың ғана емес, ұлтымыздың бренді деуге болады. Табиғат жиі тосын мінез танытатын бұл өңір – кез келген жанның аңсап жүретін киелі мекені.

«Туған жердің түтіні де ыстық» дейтін қазақ жұрты Сырдың бойын дархандықтың, береке мен байлықтың иесі санаған. Оны қадір тұтқан.

Бибісара ЖАНӘЛІ 
15 маусым 2021 ж. 2 180 0